Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында жалпы қазақ айтысының өркениеті, дамуы айтыскер ақындар арасында қалыптасқан орта таңдай қақтырарлық. Бауыржан Халиолла бастаған айтыс керуенініңде табаны тимеген биігі қалмағандай. Осы көз қуантар даңғыл жастар айтысын қалыптастырмай қояды ма?! Қазіргі жастар айтысының жарық жұлдызы, айтыс сахнасының арғымағы жерлес Бекзат Баян туралы не білесіз?
Бекзаттың тамыры Сырым ауданы Көздіғара ауылынан тараған.Нағашы жұрты – Қаратөбе ауданы. Бойына біткен талант қос қасиетті өлкеден нәр алғандығынан екеніне күмән жоқ.
Бекзат өлең әліппесін Жансая Мусина атындағы өнер мектебі һәм айтыскер ақын, ұстаз Айдана Султан-Махмудтан үйреніп бастады. Айтыс әлеміндегі тұсауын Сырым ауданының сахнасында айтыскер ақын, әнші-композитор, сал-сері Әділ Ахметов кесті. Міне, өнер кейде осындай киесімен мойындатады. Өнер киелі, сөз құдіретті болмаса, асфальт бойымен велосипед теуіп жүрген қала баласының бірі болып кетер еді, қолына домбыра ұстап, бата алуға атажұртына келмес еді. Иә, Жымпиты сахнасы балапан ақынына қанат бітірді. Қазір Бекзат шыңнан шыңға шығып келеді.
Мусина мектебі белгілі бір себептермен жұмысын тоқтатқан соң қаламыздағы мәдени- ағарту бірлестігіне қарасты «Жұлдыз» комьюнити орталығындағы айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұлдың «Күміс қоңырау» жас ақындар үйірмесіне қабылданып, бүгінде қарым қабілетін сол жақта ұштап жатыр. Орынбек Бекзатты бұрынырақ бағалап қойған. Алдына, үйірмесіне келмес алдын талай додада белін буған жанашыр ұстазы еді Орынбек. «Ақынды ақын сүйемесе болмайды!» - дегендей, ақын баптаған ақын алапат болып шығары ақын қой. Қазір Бекзаттың қазіргі кездегі облыстық, аймақтық, республикалық сахналарды қақыратып шауып жүр.
«Бекзатты алғаш сахнаға шыққан кезінен білемін. Сегіз қырлы бір сырлы азамат болып өсіп келеді. Бекзаттың айтыстан бөлек білекті палуан, тақымы тастай шабандоз, әуелетіп әнге салатын әншілігі де бар. Бекзат үйір ішіндегі құла қасқадай ерекше көрініп тұрады десем артқым емес. Себебі, шәкіртімнің айтыс туралы ойы, сахнада суырып салып айтатын түйдек-түйдек сөздері, отырысы, мақамды шебер меңгеруі оны өзгелерден даралап тұрады» - дейді, өнердегі ұстазы, өмірдегі сырласы Орынбек Меңдіқұл.
Бүгінгі таңда облысымызда кез келген үлкен деңгейдегі оқушылар айтысына қатысатын адуынды, тұмсығы қарайған оннан астам ақын бар. Соның бірегейі Бекзат әр айтысына елдің сенімін,ұстазының еңбегін, һәм Ақжайық айтысының болашағы екендігін сезініп, үлкен жауапкершілік арқалап барады. Бекзаттың домбыра қағысы, дауыс ырғағы, нотамен байланысы көпті сүйсіндірген. Ақынның осы саладағы білікті ұстазы – даланың дауысы, әнші, бұлдыртылық Бейбіт Қажығалиев.
⁃ «Ең бастысы ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» - деп Абай атамыз айтқандай ортада жақсы мінез көрсету, адамдықтан аттамау басты мақсатым. Бұл тікелей ата-анамның және өзім оқитын N49 жалпы білім беретін орта мектептің ұстаздарының тәрбиесі.
«Ел басына күн туғанда, ерлік жасау нағыз ердің ісі» деп әкем үнемі айтып отырады. Қызылорда қаласында өткен республикалық «Көктем нұры» айтысынан алған 100 000 теңге көлеміндегі жүлдемді өңірде болып жатырған жағдайға байланысты қайырымдылыққа жұмсадым. Титтей болсада туған елге тигізген көмегім, елдің ақ батасы мені одан сайын шабыттандырады», - дейді жас ақын.
Бекзаттың әкесі Марат еңбек адамы, анасы Райхан – батыр ана, яғни, алты құрсақ көтерген алтын құрсақ иесі. Бауырлары да ақындық жолдан алыс емес. Әпкесі Тахмира – айтыс сахнасында талай өнер көрсеткен айтыскер.Қарындасы Фариза да өлең шығаруға талапты.
Бекзат жуырда ғана үлкен доданың ауылынан келді. Астана қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы ұйымдастырған «Қола домбыра» атты республикалық оқушылар айтысында Бекзат Батыстың намысын қорғады.
Ақмолалық замандасы Сәттібек Серікболатұлы шаппа-шап айтыста жарқырай көрінді.
Мың шүкір Аллам бізге рас бақ бердің
Жүрекке жыр қолыма аспап бердің.
Ассалаумағалейкүм жаным қазақ,
Жастарға ақын деген жақсы ат бердің.
Алла деп Астанаға аяқ бастық,
Шалқыған шабытпенен шапсақ дермін.
Намысын қорғау үшін келіп тұрмын,
Батыстай батыр туған асқақ төрдің
Жанды су Ақжайықтың жағасынан
Махамбет Исатайдай бабасынан
Даттың ұлы Сырымның даласынан
Ордалы Орал деген қаласынан
Елордаға үмітім бастап келдің.
Ендеше қиқуыңмен қамшылап қой,
Біреуі едім менде мақсатты ердің.
Үш қиянның намысын қорғайын деп
Екі күндік жолды артқа тастап келдім
деп сөз бастаған балаға көрермендер залында болсаңыз Сіз де түрегеліп қол соғар едіңіз.
Олимпиада чемпионының атын алған Бекзаттың әлі талай айтыстың «чемпионы» боларына күмән жоқ.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы