Сайқындық Досмұқан Ғабдуллин докторлық атағын қорғады. Отыздан енді асқан жерлесіміз үшін бұл үлкен жетістік.
Досмұқан Ғабдуллин М.Мәметова атындағы мектепті үздік тәмамдап, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-іне оқуға түседі. Әкесі Ермұқанның жолын қуып, ветеринар мамандығын таңдапты. ЖОО-да да жақсы көрсеткіш көрсеткен Досмұқанымыз магистратурада білімін жалғастырады.
Магистратурада оқи жүріп, жас ғалым өзі білім алған қара шаңырақта ұстаздық қызметті де атқарды.
«Ірі қара малдағы некробактериоз ауруын емдеу және алдын алу әдіс-тәсілдерін жетілдіру» тақырыбында диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ермұқан ағамыздың ерекше білімді ұлы тек магистратурамен шектеліп қалмай, 2018 жылы докторантураға оқуға түседі. Докторантурада ҚР АШМ-нен қаржыландырылатын «Сүтті ірі қара шаруашылығы саласындағы селекцияның тиімді әдістерін дайындау» жобасы және «Қазақстанның табиғи климаттық сипаты әр алуан аймақтарында сүтті ірі қараны өсірудің тиімді технологиясы» тақырыбындағы жоба бойынша жұмыстанды.
Мал шаруашылығының тиімділігін арттыру, өнімділігін жетілдіру тақырыбында семинарлар өткізді.
Шетелдік, республикалық басылымдар, ғылыми жинақтарда аталмыш тақырыптарда еңбектері де жарияланды.
Ғылыми-әдістемелік құралы жарық көрді. Бір үлгіге патент те алды.
Укаринаның С. Гжицкий атындағы Львов ұлттық ветеринарлық медицина және биотехнология университетінде, РФ Краснодар ғылыми зоотехнология және ветеринария орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Күні кеше «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универистетінде» докторлық диссертациясын қорғады. Досмұқанның «Батыс Қазақстан облысы жағдайындағы сиыр малының эндометрит ауруының мониторингі және тиімді емдеу хаттамаларын дайындау» тақырыбындағы диссертациясына ветеринария ғылымдарының докторлары Орынбай Тағаев, Мардан Жолановтар мен шетелдік ғалым Василь Стефаник ғылыми кеңесші болды.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы