6.12.2024, 15:30
Оқылды: 303

«Отбасына қорған бола алмаған адам Отанын қорғай алмайды» – Марлен Ғиылманұлы

Күні кеше БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ішіндегі әскери казармадан қашып шыққан төрт жігіт туралы жазған болатынбыз. Әскери міндетін орындаудан жастардың не себепті бас тартқаны әзірге белгісіз. Оны мамандар анықтай жатар. Ал біз өз кезегімізде БҚО бойынша әуе десантшылары бірлестігінің төрағасы Марлен Ғиылманұлын әңгімеге тартып көрдік.

Марлен Ғиылманұлы бәрі тәрбиеден басталады дейді.

IMG_4314

– Марлен Ғиылманұлы, әскери борышын өтеуден қашып, казармадан шығып кеткен балалар туралы естіген боларсыз. Жастардың бұл әрекетіне не айтасыз?

– Негізі көп нәрсе отбасындағы тәрбиеден басталады. Бала шыр етіп дүниеге келгенде анасын көреді. Одан кейін балабақша мен мектепте де әйелдердің саны басым. Ер адамның тәрбиесін көрмеген баладан не күтесіз? Бұл – бірінші проблема. Екінші проблема қазір әскерді тозақтай етіп көрсету, жаман жағын ғана насихаттау үрдісі белең алып тұр. Әскерден қашудың басты себебі – осыда. Жастар әлеуметтік желідегі ақпаратты сараламайды, жұта береді. Ал үйде балам, дұрыс бол, азамат бол, берік бол деп отырған әкесі бар ма? Міне, гәп осыда. Біздің кезімізде армияға бармай қалу үлкен сын еді. Әскерге бармай қалдың деген сөз сен не кеміс, не аурусың дегенді білдіретін. Сондықтан жігіттер оқуын, жұмысын тастап армияға баратын. Себебі армияға бару нағыз жігіттіктің шыңы еді. Біздің кезімізде военкоматта кезекке тұратын еді. Себебі жігітердің бәрі әскерге барамыз деп тұратын. Қазір бұл үрдіс те жойылып кетті ғой. Қазір керісінше жігіттердің артынан военкомат қуып жүр. Жоғарыда сіз айтқан балалардың тек отбасындағы тәрбиесіне қатысты ғана сын айтуға болады. Мемлекетті, военкоматты айыптау артық.

– Қазіргі заманда әскерге бару сән емес деген түсінік қалыптасқан секілді...

– Міне, бар проблема осыдан шығып отыр ғой. Барған бала да, бармаған бала да бірдей. Бір жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген жігіт не, бір ай әскери курс оқып әскери билетті алған жігіт не? Мен әскери билетті бір ай оқып алатындарды мүлде қолдамаймын. Бұл – билетті сатып алу деген сөз. Бір айда не үйренеді? Не түсінеді? Қазір замана аумалы-төкпелі болып тұр. Геосаяси жағдайды көріп отырсыздар. Бізге мықты әскер керек. Ал жігітердің жүрісі анау... Қазір біз Президентіміздің дипломат болғанының арқасында бейбіт өмір сүріп отырмыз. Ал елге бірдеңе бола қалса, Отанды кім қорғайды? Жалпы жігіттер Отанды қорғаймын деген түсінікті қоя тұру керек. Бірінші сен өзіңді қорғашы. Анаңды, әкеңді, үйдегі бауырларыңды жауға талатып қоясың ба? Міне, жастар осыны түсіну керек. Себебі Отан деген отбасынан басталады. Енді өзінің отбасына қамқор бола алмаған ұл Отанды қорғай алмайды. Бұл өте қарапайым ереже ғой.

IMG_4315

– Аға, сіз әскердің элитасы саналатын әуе десанты сапында қызметте болған адамсыз ғой...

– Иә, біз Совет үкіметі кезінде әскерде болдық. Ол кезде Кеңес әскері еді. Совет үкіметінің әр жерінен баратын едік. Мен ротадағы жалғыз қазақ болдым. Қасымда қырғыз, әзірбайжан, татар ұлтының жігіттері болды. Бір атаның баласындай тату болдық. Бір-бірімізді бауыр дедік. Қиындыққа мойымадық. Ал қазір ше? Бәрі бір қазақтың баласы. Бір елдің әскері. Не жетпейді соларға? Руға бөліне ме, аймаққа бөліне ме? Мен ол жағын білмеймін. Біздің кезімізде әскерден келгенде белгілі мамандықты алып шығасың. Мысалы мен әскери ауыр техниканың жүргізушісімін.

– Мүмкін сабақтастық үзіліп қалды ма екен...

– Басқа әскери бөлімдерді білмеймін. Бірақ біздің десантшылардың сабақтастығы үзілген емес. Біз күні кеше, 7 қазан күні Қонаев қаласына 40 баланы әскерге шығарып салдық. Алдымен балаларды жинап кездесіп, сөйлесіп әскери өмірге психологиялық дайындап алдық. Біз олардың әрқайсысын «бауырым» дейміз. Бізде десантшыларда «сен үлкенсің» деген жоқ. Мысалы әскерге кетіп бара жатқан 20 жастағы баланы «бауырым» деймін. Біз десантшылар ғана осылай «бір-бірімізге бауыр» дейміз. Оларда маған «бауыр» дейді. Сол жас бауыластарымызды әскерге жібердік. Өзіміз шығарып салдық. Қонаевтағы әскери бөлімнің командирімен сөйлесіп отырамыз. Біздің батыстан барған жігіттер қалай, тәртібі дұрыс па деп қадағалауда ұстаймыз. Ант қабылдау салтанатына арнайы  делегация жібереміз. Міне сізге сабақтастық. Ол балалар жалғыз еместігін біледі. Қолдау әрқашан маңызды. Жастар соны сезу керек.

– Жастарды енді әскерге баруға қалай насихаттаймыз...

– Насихат дегеннен көрі тұрақты жүретін тәрбие үрдісі жақсы нәтиже береді. Біріншіден, жастар өз тілінде тәрбие, білім алулары керек. Сонда олар қай елдің әскері екенін ұғады, сезінеді. Екіншіден, мектептердегі ер мұғалімдердің санын неғұрлым  арттыру керек. Сосын алғашқы әскери даярлық сабағы санын арттыру қажет. Балаларды сол сабақтарға көптеп қатыстырып, сондай әскери үйірмелер ашып нағыз азамат етіп тәрбиелеу қажет. Бір жылда нәтиже болмайды. Кішкене күнінен бастап баланы үйрете беру керек. Арамызда жүрген батырларды үлгі ету керек. Мысалы күні кешегі «Қаңтар» оқиғасында ерлікпен қаза тапқан біздің жерлесіміз туралы айтса болады. Ол өзінің 300 әскерін қорғап қалды. Бірақ өзі қайтты. Сәндібек Қайыров деген азамат. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 32363 әскери бөлімі командирінің орынбасары қызметін атқарған. Мына біздің өзіміздің – Ақжайық ауданының азаматы. Мысалы, бұл – ерлік. Алматыда әкімдікке шабуыл жасағанда ол есікті ішінен тіреп, командасына команда берген солдаттарды қосымша есік арқылы алып шығып кетіңдер деген. Бірақ өзі адамдардың тепкісінің астында қалып қойды, өмірден өтті. Бірақ 300 солдаты аман қалды. Ерлік пе? Ерлік. Міне жастарға осындай ерлік істерді көп айту керек.

– Патриоттық тәрбиені күшейту керек дейсіз ғой...

– Иә, әр бала осы Отанның иесі, егесі екенін сезініп өсуі керек. Ол үшін мынау сенің жерің, сенің елің, сен осыны қорғайсың деп үйрете беру керек. Біз десантшылар мектептерде үнемі тәрбие сағаттарын өткіземіз. Өзім жастардың ортасында көп боламын. Білгенімді, көргенімді айтып жүремін. Бәрі отбасы мен мектептен басталады ғой. Сосын әскерге бармаған адамға белгілі бір шектеулер болса жастар мүмкін ұмтылар ма еді. Мысалы, әскери жұмысқа, полицияға, прокуратураға әскерге бармағандарды жұмысқа алмайды деген ереже шығарса. Біздің елде қазір әскерге бармасаң да осы жұмыстарды атқара бересің. Бұл дұрыс емес. Сонда жастар талпынады. Сосын ер балаларды ер адам тәрбиелеген дұрыс. Олар сонда ғана соларға еліктеп түзеліп өседі.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Жанат Көшкінбай 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале