9.12.2024, 17:45
Оқылды: 66

Казталовта қыс мезгіліне дайындық қалай?

Биылғы жылы Казталов ауданының біраз жерінде қуаңшылық болғаны белгілі. Қолдағы малға азық дайындау жұмыстарының өзі қиындықтар туғызғаны да жасырын емес. Дегенмен, ауданның атқамінер азаматтары қол қусырып қарап отырмай, аудан халқы мен шаруашылықтарға мал азығын дайындауға мүмкіндік беріп, ұйымдастыру жұмысын қатаң бақылауға алды.

FB_IMG_1733717806435

Қаһарын төгіп келе жатқан қыс айлары да қыр астынан көріне бастады. Қылышын сүйреп келетін кәрі құдаға дайындығымызды електен бір өткізіп алу қашанғы дағдымыз емес пе еді?! Дала төсін емген шаруалар үшін сын сағаты мол қыстың күндеріне тиянақты әзірлігіміз ертеңгі күніміздің жарқын да жеңіл өтенінін айқын дәлдері кәміл. Біз, сондықтан бүгінгі басты сауалдарымызды әзірлеп, шаруалар жайын бұқара қауымға кеңінен әрі нақты жеткізу үшін аудандық ауыл шарушылығы саласының мамамандарын бетке алғанымыз анық еді. Осы базынамызды түсінген Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев әңгіме тетігін аша түсіп, ауданымыздағы шаруалардың жай-күйі мен оларға жасалынып жатқан мемлекет қамқорлығы хақында мәліметтерін айтып берді.

— Қатал мінезін алға тартып, қаһарына мінсе, жолындағысын жайпап өтетін алдағы қыстың қарқыны қалай болары бір Аллаға ғана аян. Оның үстіне биылғы жылдың жазы құрғақ болып, бүйірімізден бір қысып алды. Әйтседе, төрт түлік малына иек артып, ертеңіне сеніммен қараған халық үшін қыстың қамын жасау жылдағыдан маңызды болатыны жасырын емес. Сондықтан қыстаққа тұратын малға аса сақтықпен қарау маңызды. Қазірден қыстың қамы жасалмаса, шаруалар үшін мал басын аман алып қалу қиындай түспек. Оның үстіне ауа райын болжаушылар аязды күндердің уақыты қаңтар, ақпан айларында аптадан аптаға жалғасады деп болжауда. Демек, біздің сақтанғанымыз жөн. Ауданымыз бойынша қыстақтарға жеткілікті мөлшерде мал азығы жеткізілді деп айтуға болады. Оның үстіне былтырдан қалған шөп қоры бар.

Расын айту керек, аудан көлемінде жыл санап, мал басы саны артып келеді. Алдағы 2024-2025 жылдарының мал қыстағына орташа есеппен 130 мың 148 ірі қара малы, 264 мың 669 қой мен ешкі, 33 мың 622 жылқы, 271 түйе кіріп отыр. Ауданымыздың 47 елді мекені мен 357 қыстағына жоспар бойынша 325,7 мың тонна мал азығы (шөп) қажет. Күні бүгінге дейін аудан бойынша барлық ауылдық округтерінде мал азығын дайындау жұмыстары аяқталды.

Биылғы жылы шабылған жер көлемі 847198 гектар, Барлық жиналып алынған өнім 314660 тонна. Әр ауылдық округте өнім әр түрлі болса, орташа өнімі әр гектардан 1,3-4,5 центнер аралығында. Шаруашылықтар 233 мың 552 тонна, қалған 81 мың 108 тонна мал азығын жеке тұлғалар дайындады. Соның ішінде басқа аудандардан 3 мың 401 тонна шөп тасымалданып дайындалды.

Алдағы қысқа қыстақтар дайындығын зерделесек, жаз мезгілінде әр шаруашылық қыстақ орындарына өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізді. Барлық қыстақтарда мал суару жұмыстары ұйымдастырылған (құдық, өзен).

Қыстақтар электр жүйесімен қамтылған, электр жүйесі жоқ жерлерде күн сәулесі (панель) орналастырылған. Сонымен қатар ауданда жыл сайын ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып тұрады. Ауылдық округтердегі шаруашылықтар да техникалармен қамтылған.

Күні бүгінге аудандамызда 6 мың 855  тонна жем дайындалды. Басқа жерлерден жем сатып алу жұмыстары әр ауылдық округтерде кәсіпкерлер арқылы әкелініп, сатылуда. Соған байланысты бағалары әр түрлі. Жем сату орындары аудан орталығы Казталов аылында 2 жерде, Жалпақтал ауылында 2 жерде бар. Ауылдық округтерде шаруашылықтар өздерінің ұйымдастыруымен, автокөліктерімен жем әкелуде, саттықта арпа, ақбидай т.б.тартылған, тартылмаған жемдер жеткізілген. Жақсылыққа бастайтын осындай бастамалардың арқасында біз биылғы қысты да қалыпты еңсереміз, - дейді Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Баянғалиұлы.

Иә, сала мамандарының берген мәліметтерін ескерсек, қысқа қысылмай кіреріміз анық. Бірақ әзірге қабақ шытпаған кәрі құданың алдағы мінезі қандай боларын кім білер?! «Піс, қазаным, бес ай! Отырайын он ай» демекші, кәрі құдамыз қаһарын төгіп, ұзап жатып алмасын дейік!

Нұр Рахман

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале