Дәстүрге сай биыл да Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында жастарға арналған «Жыл үздігі – 2024» премиясы өтті.
Аталмыш шара жастар ресурстық орталығы және «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдаструымен, ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асты. Бұл күні әр салада қызмет атқарып, ең үздік деп танылған жастар марапатталды. Биылғы жылғы премияның форматы да өзгеше, аталымдар қатары да көбейген. Шара барысында 18 жас әр аталым бойынша арнайы дипломдар мен статуеткаларға ие болды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық маслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, еңбек ардагері С.Рахимов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімі Талғат Шакиров жастарды мерекемен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді.
«Бәріміз керемет кештің куәсі болып отырмыз. Тасқаланың жастары облыс, республика, Азия, әлем чемпионаттарында жақсы жүлделі орындарға ие болып жүр. Пандемия кезінде де өздеріңіз білесіздер, біздің жастарымыз алдыңғы қатарда жүрді. Сол үшін Тасқала жастарына алғысымды білдіремін. Биылғы көктемде топан су келгенде де уақытпен санаспай, күні-түні жүріп, екі апта бойы халықтың қасынан табылды. Осындай жастарымыздың қатары көбейе берсін. Тек биіктерден көріне беріңіздер!», - деді аудан әкімі Талғат Асқарұлы.
Жыл қорытындысы бойынша «Жыл үздігі–2024» аталымы облыстық, республикалық деңгейде ауданымыздың намысын қорғап, биіктерді бағындырып жүрген «Жұдырық» жайдарман тобына бұйырса, «JRO белгісі» аталымы бойынша Дана Мұқамбетжан марапатталды. Ал «Үздік ұжым» аталымын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі иеленді.
Сондай-ақ «Үздік оқушы» аталымына «Сәулет» мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Мурсенова, «Үздік жас тәрбиеші» аталымына «Бөбек» бөбекжайының тәрбиешісі Қаламқас Тойлыбаева, «Үздік жас ұзтаз» аталымына Сәтбаев мектеп-гимназиясының мұғалімі Мирас Какимов ие болды. Ал «Үздік жас студент» аталымы бойынша Тасқала колледжінің студенті Дарья Панкратова, «Үздік жас спортшы» аталымы бойынша футболдан Тасқала ауданы құрама командасының ойыншысы Ерасыл Макимов, «Үздік шығармашыл жас» аталымы бойынша Шежін орта мектебінің жанынан құрылған «Солидарные Абушки» жайдарман командасы марапатталды. «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымы Тасқала аудандық халықтық театрының жетекшісі Жалғасбек Мырзагереевке бұйырса, «Үздік жас мемлекеттік қызметші» аталымын Мереке ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Нұрханат Бахашев еншіледі. Ал «Жаңалық жаршысы» аталымын әріптесіміз, «Екпін» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Гүлмира Мақановаға жеңіп алды. Сонымен қатар «Үздік жас құқық қорғау қызметкері» аталымы бойынша Мереке ауылының учаскелік полиция қызметкері, полиция аға лейтенанты Айбар Алдунгаровқа бұйырды.
Одан бөлек, «Үздік жас шекара қорғаушы» аталымын Тасқала шекара бөлімінің ветеринарлық фельдшері Заманбек Галиуллин, «Үздік жас жыл кәсіпкері» аталымын «Фатима» food house басшысы Жанбота Айтжанова, «Үздік жас халыққа қызмет көрсетуші» аталымын «Тасқала» мейрамханасының даяшысы Айжамал Талапова, «Еңбек адамы» аталымын Тасқала аудандық орталық ауруханасының механигі Асылбек Төлеуішов, «Үздік жас дәрігер» аталымын аудандық аурухана дәрігері Жангүл Мұқашева алды.
Осылайша Тасқала жастары 2004 жылды жақсы нәтижелермен аяқтады. Үздіктер анықталды. Келер жыл жақсылығымен келіп, алар асуымыз бен шығар биігіміз таусылмасын деген тілекпен шараны қорытындылады.
Назерке Шайхоллақызы
Тасқала ауданы