Бүгін "Нұр Отан" партиясының кең залында "Ақжайық" КТК лигасы" ЖҚБ-ның ұйымдастыруымен облыс əкімінің жүлдесіне арналған "Тəуелсіздікке 25 жыл!" атты республикалық "жайдарманшылар" фестивалі өтті.
Оған Ақтөбе, Ақтау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан 8 команда қатысты. Өнер бəйгесіндегі бас тізгінді Қазақстан КТК одағының президенті Есен Елеукен ұстады.
- Орал қаласында жетінші мəрте өтіп жатқан республикалық фестиваль ҚР Тəуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Елбасымыз қашан да жастарға сенетінін айтып жүреді. Осындай фестиваль арқылы "жайдарманшылар" мемлекеттік тілді насихаттауға үлес қосса, бір жағынан, тапқыр əзілдерімен əлеуметтік мəселелерді кеңінен қозғай алады. Қазіргі уақытта8
өңірімізде 57 "жайдарман" тобы құрылған. Оның қатарында мыңдаған жас бар. Жалпы, біздің жастар өте өнерлі, талантты, қоғамдық шараларға белсене қатысады, спортпен тұрақты айналысады, - деді Орал қаласының əкімі Нариман Төреғалиев фестивальдің ашылуында.
Командалар "Əуенді əзіл" айдарымен өздерін таныстырған соң, ұсынған қойылымдарымен көрермен көңілінен шығуға тырысты. Өнерпаздар көбіне облыстағы автожолдардың сапасын, ономастика мəселесінің реттелмей отырғанын, шенеуніктердің жауырды жаба тоқитынын, ауылдардағы ахуалды ашық та астарлай жеткізуге талпынды.
Фестиваль қорытындысында облыс əкімінің кубогы "Сағыз" (Атырау облысы, Қызылқоға ауданы) командасына бұйырды. Одан кейін қалжың қарымтасынан "Ару.kz" тобындағы (Арқалық қаласы) қарагөздер бəрінен басым түсті. Үшінші орынды "ҚазИИТУ" құрамасы (Орал қаласы) алды.
"Фемида" командасының (Ақтөбе қаласы) мүшесі Есет Мырзағалиев "Үздік ойыншы" аталымына ие болды.
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz