«Сырым» күрес мектебінің негізін қалап, тоқсаныншы жылдары өңір жастарын спортқа баулыған азамат, ҚР спорт шебері, самбо, дзюдо, қазақ күресі спорт түрлерінен облыстың абсолютті шемпионы, дзюдо күресінен облыстық, республикалық, халықаралық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы Оралбек Қожагелдиннің есімі көпке таныс. Ел үшін, ел жастары үшін аянбай еңбек еткен Оралбек ағамыз тірі болса, 60 жасқа толар еді.
Өмірден ерте өтсе де, артына өшпестей із қалдырған палуанның шәкірттері мен достары оны ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. «Жақсының аты өшпейді» дегендей, жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында дзюдодан Оралбек Қожагелдинді еске алу турнирі өткізіледі. Биыл да аталмыш жарыс жалауын желбіретті. Бір кездері марқұмның өзі күрескен Орал қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортзалында ұйымдастырылған татами бәсекесінде 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер бақ сынасты.
Жыл сайын бұл турнирдің бәсі артып келеді. Қатысушы командалар саны да көбеюде. Биылғы жарысқа 13 командадан 275 спортшы қатысты. Оралбектей оғланды еске алу жарысына командалардың әрісі Баш-құртстаннан келді. Одан бөлек Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен өңірдің аудандары мен Орал қаласының жас дзюдошылары бәсеке сәнін кіргізді.
Турнирдің ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишев, БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев, Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов, Оралбек Қожагелдиннің алғашқы бапкері Серікбай Жүкеев, Оралбек Қожагелдиннің зайыбы Сәуия Темірова мен ұлы Мирас, інісі Сабыр Қожагелдин әулетінің ағайын-туыстары және бір топ спорт ардагерлері қатысты. Жарыс шымылдығын ашып, құттықтау сөз сөйлеген Орал қаласы әкімінің орынбасары А. Тапишев, БҚО дзюдо федерациясының президенті Р. Шайхиев және Сырым ауданының әкімі Ж. Батырниязовтар Оралбек Мәтниязұлы туралы әңгімелеп, жарыстың маңыздылығын атап өтті, сонымен қатар Оралбек Қожагелдиннің спорттың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Екі күн бойы Орал татамиінің шаңын қаққан бозбалалар - 7, қыз балалар 6 салмақта кім мықтыны анықтады. Қорытындысында 50 келі тартатын ұлдар сынын теректілік Мәди Ғарифуллин, 55 келіде оралдық Мансур Зәкария, 60 келіде тағы бір оралдық Нұрхан Зейнолла, 66 келіде Орал қаласының намысын қорғаған Амандық Нұрсұлтан, 73 келіде оралдық Бақытжан Санжар жеңіске жетсе, 81 келіде де Орал қаласы атынан белдескен Бисенбай Ақниетке тең келер палуан болмады. Ал 81 келіден жоғары тартатын палуандар арасында да облыс атынан бозкілемге шыққан Сұлтан Сайтұлы атты дзюдошы ешкімге дес бермеді.
Қыздар да күрес сәнін кіргізді. 40 келіде Айару Нұрлан есімді бойжеткен қарсылас шақ келтірмесе, 44 келіде Эльнара Анарбекқызы (БҚО), 48 келі тартатын қыздар арасында Гүлназ Ғалымжан (БҚО спорт интернаты), 52 келіде Фатима Сұпығалиева (БҚО спорт интернаты), 57 келі Ұлболсын Нұрғалиева (Ақтөбе облысы), 63 келі Фатима Серікбай (Атырау облысы), +63 келі Жасмин Бекжанқызы (Атырау облысы) жеңіске жетті.
Ал жалпыкомандалық есепті БҚО спорт интернатының бірінші командасы топ жарса, БҚО спорт интернаты екінші командасы екінші, Жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі командасы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ түйе палуандар бәсекесі өтті. 20 палуан бақ сынасқан апайтөстер сынында, Сырым ауданынан келген Нұрымжан Ғаббасов жеңімпаз атанса, оралдық Тоқтар Үмітәлиев күміс жүлдегер, ал тағы бір сырымдық Нұрсұлтан Мырзахметов қола медаль иесі атанды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz