Жаңа жыл қарсаныңда аудан орталығындағы «Бақыт» кафесінде аудан әкімдігінің қолдауымен ішкі саясат және БҚО мүгедектері ерікті қоғамы, Тасқала филиалының төрағасы Ахметжан Губайдуллиннің ұйымдастыруымен аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.

Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева жиналғандарды аталмыш мерекемен құттықтап, аудан көлемінде жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
– Биыл Тәуелсіздігімізге 33 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Мұның барлығы да ел үшін атқарылып жатқан дүниелер. Оны өздеріңізде теледидардан көріп, әлеуметтік желіден естіп жатырсыздар. Алдағы уақытта да еліміз тыныш болып, экономикамыз қарыштап дами берсін дейміз. Баршаңыздың дендеріңізге саулық тілеймін, - деді өз сөзінде.
Одан әрі қонақтар да өздерін елеп-ескеріп, көңіл бөлгендері үшін шынайы тілектерін жеткізді. Соның бірі – мерейлік Роман Тастемиров 1997 жылдан бері көз жанарынан айырылған жан.
– Көзім жастай кеткеннен кейін менің девизм өз-өзімді ұстап, ешқандай эмоцияға берілмей, алға қарай өмір сүру керек болды. Сол мақсатыма жеттім. Қазір жағдайым жақсы. Өз-өзіме көңіл бөліп, спортпен айналысамын. Мал жайлаймын. Жалпы адамның ойы, жүрегі таза болса, оның денесіндегі кемшілігі оған ешқашан кедергі болмайды екен. Соған көзім жетті. Сондықтан, денсаулығымызға көңіл бөліп, алға қарай ұмтылуымыз керек. Әркімнің өз тағдыры өз қолында. Енді біздің басымызды қосып, дастархан жайып, демалыс сыйлап жатқан аудан басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - деген Роман аға өзінің ұстап жүрген зағип жандарға арналған «Классик-2» телефонын таныстырып, керек жандарға алып беруге көмектесетінін жеткізді.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы