Ұлт салауаттылығы – бұл қоғамдық құндылық. Салауатты өмір салты – жалпы ұлт денсаулығының негізі. Қоғамның болашағы әрбір адам денсаулығына байланысты, сондықтан салауатты өмір салтының халық арасында қалыптасуының маңызы өте зор.

Әр тұлғаның өзін жетілдіру үшін қажетті аса маңызды қасиет – ол салауаттылық. «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдарының волейбол ойынынан ерлер арасында ауыспалы кубок турнирі өтті. Жарыстың мақсаты – ауданымызда волейбол спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау.
Оған бастауыш партия ұйымы мүшелерінен 11 команда қатысып, жарыстың көрігін қыздырды. Аталмыш жарыстың ашылу салтанатында Тасқала ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рауан Рахметуллин, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, партия ардагері Сансызбай Рахимов, Тасқала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Таңатжан Таңатжанұлы, ауыл әкімдері және бастауыш партия ұйымдары төрағалары қатыстып, қатысушыларға тілектерін жолдап, сәттілік тіледі.

Волейбол сайысына жоғарыда аталған команда мүшелерінің керемет дайындықпен келгендіктері байқалып тұрды. Алғашқы сөз Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллинге берілді. Ол өз сөзінде волейбол жарысына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар бүгінгі спорттық ойынның мақсаты – ел ішінде спорттық дайындықты насихаттау екендігін түсіндірді. Әр қазақстандық жанына қандай да болмасын спорттың біртүрін серік ететін болса, ұлтымыздың темірдей денсаулығының кепілі екенін атап өтті.
Волейбол ойыны барасында жарыстың негізгі мақсаты – әр тұлғаның физикалық дамуы, командада әрекет етуі, шеберлік деңгейін көтеруі, демалысты ұйымдастыруы және тәжірибе алмасуы екендігі көрініп тұрды. Спорттық шараға қатысушы барлық ойыншы командамен ойнаудағы тәжірибелерінің молдығын байқатып, сайыс барысында шеберліктерін биік деңгейде екендігін көрсетті. «Шынықсаң шымыр боларсың!» – демекші, командалардың өзара аптасына бірнеше мәрте ұйымдастырылатын спорттық-бұқаралық шараларға бейжай қарамай уақытын дене шынықтыруға ұтымды пайдаланатындығы сезілді.

Өйткені, дәлдеп соққан доптары нысанаға дөп тиіп жатты. Командалар өздерінің шеберліктерін, табандылықтарын, жылдамдықтары мен ептіліктерін көрсетті.
Тартысты өткен жарыс нәтижесінде «Ақтау» бастауыш партия ұйымы командасы үздік атанды. Камен БПҰ спорт клуб командасы II орынды иеленсе, «Білім»БПҰ Алтынсарин, Сәулет командасы III орынға табан тіреді. Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздармен қатар, алаңның әр бөлігіндегі үздіктерде арнаулы сыйлықтарға ие болды. Жарыстың «үздік байланыстырушы» болып Райымбек Губайдуллин танылса, Нұржігіт Жалмұханбетов жарыстың «үздік шабуылшысы» атанды. «Үздік ойыншы» аталымымен Жандос Сағынтаев, «үздік қорғаушы» аталымы бойынша Арнұр Дүйембаев таңдалды. Жеңімпаз және жүлдегер командалар дипломдар мен медальдарға ие болды.
Гүлмира Серікқалиқызы
Тасқала ауданы