«Ежелгі Бөкей жерінің табиғаты әсем. Бояулары қанық. Түрленген табиғаттың тартымы мықты. Туған жердің күні де, ыстық, жүрекке жылы»
С.Н.Ғұмаров
Бұл сөздердің иесі киелі Бөкей жерінде дүниеге келген біртуар талант иесі Ғұмаров Сәкен Нәжімеддинұлы.

Туған жердің құдіретін жырламаған қазақ жоқ шығар. Ақын-жазушыларымыз қалам арқылы, әнші-композиторларымыз нота сырларымен, суретшілеріміз кенеп бетіне қылқалам арқылы киелі мекен туған жерге деген шексіз махаббатын, сезімін жеткізіп отырған. Бұл тақырып – өнер иесінің басты және негізгі тақырыбы.
Біздің өлке – аса көрнекті мәдениет және өнер шеберлерінің отаны. Атап айтсақ, артына өшпес музыкалық мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісова, Сейтек, Дәулеткерейлерді, сондай-ақ ерлік пен елдіктің, азаттық пен бостандықтың жыршысы, дауылпаз ақын Махамбетті, белгілі театр әртісі Хадиша Бөкееваны, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевті мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Ақжайық өңірі – «Қыз Жібек» халық эпосының басты кейіпкері, сұлу Жібектің, ғалым А.Тайманов пен Қ.Жұмалиевтердің, ақын Ж.Молдағалиев, Қадір Мырза Әлі, А.Бақтыгереевалардың туып-өскен жері. Бұл әйгілі тұлғалардың өмірін, шығармашылығын барлығымыз да өте жақсы білеміз.
Алайда біздің өңірімізде әлі күнге дейін жете танылмаған, өнер саңлақтарымыз бар. Сондай жарық жұлдыздардың бірі – бейнелеу өнерінің шебері, тума талант иесі Сәкен Нәжімеддинұлы.
Сәкен Ғұмаров 1937 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей даласында дүниеге келген. Жастайынан сурет салуға бейім болған оның балалық шақтағы асыл бейнелері: туған жері, өскен ортасы әсер ететіні белгілі.
Құмды жер, сол даланың табиғаты, сары құмның күн қыза келе қызаруы, одан күн батардағы алау, даланы түн басып қараңғылануы – бояулардың осындай гаммасы бала жүрегіне әсер етіп, шығармашылығының өзегі болды. Сәкен жас кезінен өнерге жақын болғандықтан, кейін оны осы өнері алға қарай, әдемі армандарға ұмтылдырған. Ер жеткенде оған Тадж-Махал сұлулығы, Самарқанд күмбездерінің нақыштары – бәрі ежелден таныс сияқты болып көрінетін. Өйткені, оның бәрі балалық қиялындағы суреттер болатын, ол осындай сұлулықтарды ойша елестетін, кішкентай кезінен балалық сезіміне әсер еткен даланың, текеметтердің суретін салған, олардың әрқайсысынан болашақ арманына нәр алатын. Осы өнерге деген махаббаты оны алға жетелеген.

Орал өңіріндегі Бөкей ордасы жерінде дүние есігін ашқан Сәкен Мәскеу қаласындағы Луначарский атындағы театр және өнер институтын, Ленинградтағы музыка, театр және кинематография институтында оқыған.
Алғашқы кескіндемесі 1955 жылы дүниеге келген. Қылқаламның құдіретімен өмірді, тіршілікті «сөйлету», бейнелеу өнері арқылы сұлулыққа жан бітіру, сезімді ояту, бояудың бедерімен бейнені тірілту – суретшіге құдай дарытқан, еңбек дамытқан қасиет.
Мұны суретшілік талант тағдырына жазылған жандардан көріп, білгенде оларға құрметпен, қызығушылықпен қарап, сүйсінесің. Ал ғаламат сурет салатын және сол суреттермен адамды емдейтін тума таланттың өмірде болғанын айтып қана қоймай, оны еске алып, кейінгі ұрпаққа таныстырып отыру – әрбір Отанның ұлы мен қызының қасиетті парызы.
Арамыздан алыс, мәңгілік сапарға жол шеккен үлкен суреткер Сәкен Ғұмаров қылқалам өнерінің авангард бағытында жұмыстанған. Авангардизм, авангардшылдық (фр. avantgardisme — алғы шептегілер) — қалыптасқан қағидалар мен дәстүрден, өмір бірқалыптылығынан алшақтай отырып, көркем мәдениетті жаңғыртпақ болған мәдени ағым.
Суретшінің тұңғыш көрмесі 1990 жылы Киевте, кейін Мәскеуде, Будапешт пен Алматыда ұйымдастырылған. Осыдан кейін ол КСРО Суретшілер одағына мүшелігіне өтіп, көзі тірісінде 40-қа жуық жеке көрмесін өткізіп үлгереді.
Сонымен қатар Сәкен Ғұмаров шығармашылығы туған халқының аңыз-әпсанасымен, фольклорымен, суырыпсалмалық өнерімен де терең тамырласқан. Тек бір қазақ халқының білім тарихын білумен ғана шектеліп қоймай, күллі мұсылман әлемі халықтары мәдениетімен, әлем халықтарының арғы-бергі тарих, әдебиет, ғылым жетістігі, дінімен таныстығы бар бұл адамның өнері де осыған сай терең тамырлы бәйтеректей мығым-ақ.
Бірақ өз туған өлкесі, ауасы, дәстүрі мен салтынан, сонау түркі қағанаты, ғұн, сақ, қыпшақ, ноғайлы дәуірлерімен сөйлесіп жатқан бабалар ізіне жан жүрегімен құлақ түрген Сәкен шығармашылығы бүгінгі өмірімен де сабақтас, бүгінгі күн проблемаларынан да мол мәлімет береді.
Суретші шығармашылығында авангардтық стиль басым болғанымен, оның туындыларының арасында туған жердің әсем келбетін бейнелейтін пейзаждар мен жекелеген кейіпкерлердің портреттері де жиі кездеседі.
Табиғатпен етене жақындық, оның әрбір құбылысын шығармаларының арқауына айналдыру бірқатар сәтті шешімдерге жол ашты. Туған жердің әсем келбетін ғана емес, оның қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жүрекпен сезініп, шынайылықпен суреттей білу кімнен болмасын үлкен шеберлікті талап ететіндігі сөзсіз.
Ғұмаров суреттері – бақыт деген кең ұғымның анықтамасын да көпшілікке түсінікті тілмен айтып бере алатын тәрізді. Бақыт дегеніміз – жүрек қылын шертетіндей әдемі әуен, құлпырған көктемнің көңілді сергітер алуан түрлі бояуына толы уақыт.
Гүлжанат Рамазанқызы
Сәкен Ғұмаров музей-үйінің экскурсоводы