Орал қаласындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне 110 жыл толып отыр. Білімнің қасиетті қара шаңырағына айналған өңіріміздегі тұңғыш оқу орны педагог кадрларды даярлайды. Білім беру саласына сапалы маман, бәсекеге қабілетті тұлға даярлап келе жатқан бағаналы білім ордасының шежіресі мол, тарихы терең. Аталмыш колледж тарихы Ақ Жайық өңірінде бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлау жөніндегі жүйелі жұмыстан бастау алған. Осыған орай ғасырдан аса тарихы бар білім ошағының бүгінгі директоры Алтынгүл Жақсығұлқызы Қайрлиеваны әңгімеге тарттық.

– Алтынгүл Жақсығұлқызы, мен де осы бір киелі оқу ордасының түлегімін. Колледж қабырғасын аттаған әр студент әуелі Жаһанша Досмұхамедовті, кейін колледж тарихы мен онда еңбек сіңірген біртуар тұлғалардың өмір жолы және қызметімен танысатын. Әлқисса, өткен ғасырға саяхаттап, білім ошағының тарихын тарқаталық. Студенттер мен түлектер жете таныс, енді оқырман қауым да құлағдар болсын...
– 1913 жылы шілденің 1-інде Оралда мұғалімдер семинариясы ашылған. Оның директоры болып П. Катанов тағайындалады. 1916 жылдың 1 қаңтарында семинарияда 67 адам оқыпты. Мұғалімдер семинариясы туралы естіп-білгендер молайып, мұғалімдік қызметке ынтасы ауған жандардың саны күн санап еселене береді. 1913-1920 жылдары 90 білім алушы педагог атанып, бастауыш мектептерге сабақ беріп, алғашқы түлектері қызметке орналасты. Солардың бірі –1918-1919 жылдары семинарияда оқыған Владимир Савичьев. Ол 1919 жылы 23 наурызда Орал қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Кейін қаланы ақ казактардан қорғау кезінде қаза тапты. Мұғалімдер семинариясын 1919 жылы бітірген түлектер қатарында Алаш қозғалысының өкілі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Шайхы Жантілеуов те бар. Ол Қазақ АКСР-ның Халық ағарту комиссарының орынбасары болған. 1937 жылы «Халық жауы Т. Жүргенов тобы мүшесі» деген айыппен тұтқындалып, атылған. Кейін 1958 жылы шілде айында ақталған. 1919 жылы семинария базасында үш жылдық педагогикалық кадрларды даярлау курстары ашылды. 1921 жылы семинария педагогикалық техникум дәрежесін иеленіп, облыс көлемінде кәсіптік орта білім беретін мемлекеттік төрт жылдық оқу орны болып қалыптасты. Семинарияға 1921-1924 жылдары П. Катанов, 1924-1933 жылдары Н. Пятиков басшылық қызмет атқарды. Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді сақтау үшін алдымен қазақтың тілі сақталуы қажет. 1924 жылы Қазақ елінің ұзақ жыл аңсаған арманы орындалды. РКФСР Халық ағарту комиссариатының бұйрығымен қазақ жастарын оқытатын даярлық топтары ашылды. 1933-1937 жылдары басшылық қызмет атқарған С. Айшуақовтың еңбегін елемей өткен жөн болмас. Сапа Қосмағанбетұлы Айшуақов 1891 жылы Орал облысының Бөрлі ауданында дүниеге келген. Кәсіби орта білімі бар, Алашорда мүшесі, ұстаз. 1938 жылы 30 сәуірде тұтқындалған. 1938 жылы 20 қазанда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен 15 жылға қамалады. Содан кейін 1961 жылы 18 сәуірдегі КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен ақталған. ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басында ашылған мұғалімдер семинариясы кәсіби мамандарға қатысты сұранысты қанағаттандыра алмады. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімдері қалалық училищелер жанынан ашылған педагогикалық курстарда даярланды. 1932 жылы Оралда педагогикалық институт ашылғанда – педучилище оқытушылары мен оқушылары түгел дерлік сол жаңа ашылған жоғары оқу орнына көшіріліп, педучилище өз жұмысын тоқтатады. Бастауыш кластар үшін ұстаздар даярлау Жалпақталда жүзеге асты.
1937 жылы педагогикалық техникумға Орал педагогикалық училищесі атауы берілді.
1967 жылы Орал педагогикалық училищесі өз қызметін қайта бастады. Оның директорлығына Нығмет Оразұлы Оразов тағайындалды. Училищеге институтқа кеткен мұғалімдер: Р. Абдульманов (оқу бөлімінің меңгерушісі 1959-1972 ж.ж.), В. Авдеенко, М. Ахмедзьянова, В. Попов, Г. Мизинов, С. Алиева, В. Ажмуханова және т. б. қайта оралды.
1973 жылы училищенің директоры болып сауатты, іскер басшы Л. Белоконь, 1979 жылы М. Құрметов, 1986 жылы И. Волейко тағайындалды.
– Училище колледж мәртебесін иеленген соң, Шалқыма Құрманалина оқу ордасының тізгінін ұстады. Ол кісінің де сіңірген еңбегі мол деп есептейміз. Колледж қабырғасында жемісті еңбек еткен ұлағатты ұстаздар жөнінде не айтасыз?
– Иә, 1994 жылы училище колледж мәртебесін иеленді. Шалқыма Құрманалина 1994 жылы 15 сәуірде колледждің алғашқы директоры болып бекітілді. «Шағын комплектілі мектептегі оқыту ерекшеліктері» атты алғашқы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1996 жылы Ш. Құрманалина «Колледж жағдайында бастауыш класс мұғалімдерін даярлауды жетілдірудің дидактикалық негізі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Хайроллақызы Құрманалинаның тәуелсіз ел тарихындағы, оның ішінде колледж тарихындағы орны ерекше.
Колледжде ғылыми мектеп ашылып, педагогтердің біліктілігін арттыруға, кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға, функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруға бағытталған ғылыми практикалық семинарлар, шеберлік кластар ұйымдастырылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде колледж жанынан 2000 жылы 12 педагогикалық мамандықтар бойынша базалық республикалық оқу-әдістемелік бірлестік құрылды. Қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу бағдарламалары жасалды. Олар республика көлемінде сынақтан өтіп, оқытушылардың 60 пайызы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, 86 типтік бағдарламаның ауторы атанды. Колледжде үш мамандық бойынша даярланған мемлекеттік стандартқа сай оқу-әдістемелік құралдар республика колледждеріне таратылды.
1998 жылы колледжге қазақтың белгілі қоғам қайраткері, Алаш арысы Жаһанша Досмұхамедовтің есімі берілді. 2019 жылы колледждің атауы БҚО әкімдігі білім басқармасының «Ж. Досмұхамедов атындағы Жоғары педагогикалық колледжі» МКҚК болып өзгертілді.
Әрбір оқу орнының терең тамырында ғажайып оқиға, білімге деген берілгіштік, шабыттандырушы сәттер болады. Колледж ғимаратының әрбір кірпіші, әрбір бес минуттық қоңырау, мұрағаттардағы әрбір құжат тек фактілерді ғана емес, сонымен қатар уақыт рухын да көрсетеді. Құрылғанына 110 жыл толған қасиетті білім ошағы – бабалардан мирас болып ғасырлар қойнауынан жеткен білім мен ғылымның бүгінгі мұрагері. Осы жылдар ішінде колледж маман даярлауда өзіндік дәстүрі қалыптасқан іргелі оқу орнына айналды. Колледж ұжымының басты мақсаты – құндылықтар жүйесіндегі білімді бәрінен биік қоятын жас маманды тәрбиелеу. Колледжіміз алғашқы құрылған күннен-ақ қарқынды дамып, білім мен шығармашылықтың іргелі білім ошағына айналды. Бүгінде тарихымызға көз жүгіртсек, теңдесі жоқ өсу мен даму жолын ғана емес, болашақ ұрпақ үшін таусылмас шабыт көзін көреміз. Бұл – білім берудің ұлы эпосына өз қолтаңбамызды жазып, мақтанышпен жалғастырып келе жатқан қасиетті мұрамыз.
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагерлер мен педагогтердің тәжірибесі ұжымның негізін қалыптастырудың құнды көзі. Олардың кәсіби жолы мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі ортақ құндылықтарды орнықтыру мен жеткізуге негіз болды.
Колледждің іргетасы қаланғаннан бастап еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздар, педагогикалық еңбек ардагерлері Ш. Құрманалина, Ш. Набидоллина, Г. Жұмалиева, Б. Набидоллин, К. Жұмасова, Г. Турдалиева, А. Галимова, Р. Ильясова, Р. Сүлейменова, М. Сүлейменов, Р. Шынтемірова, Р. Молдағалиева, Б. Мұқажанова, А. Қыдырниязова, М. Меңдіғалиева, С. Тампекова, М. Естұрсынова, М. Мұқашев, Қ. Жақыпова, Б. Сапиев, Н. Өтеғалиев, М. Жұматова, Н. Спашева, Т. Ольхова, И. Фолимонова, А. Жамбаева, Г. Сапахова, Н. Ибатова және т. б. колледждің алтын қоры құрайды.

– Білім беру сапасын арттыруға және адами қасиеттерді дамытуға бағытталған іс-шаралар хақында әңгіме өрбітсек, мақтанышпен ауыз толтыра айтатындай жөніңіз бар. Осы турасында баяндап беріңізші?
– 2018 жылы колледжде «Өзін-өзі оқытатын ұйым» жобасы іске қосылды. Бұл өз кезегінде педагогтердің әлеуетін ашуға және іске асыруға, оқыту сапасын жақсартуға ықпал етеді. Педагогтердің жазу, метакогнитивтік дағдыларын дамытуға бағытталған жобалық қызметке баса назар аударылды. Аудиторияларда күнделікті тәжірибе рефлексиясымен «тәжірибе арқылы оқыту» әдісі сынақтан өтті. Оқыту жобалары шын мәнінде әркімнің кәсіби және тұлғалық дамуына, сондай-ақ ұжымға пікірлес адамдар командасы болуға мүмкіндік берді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт талаптары мен нарық қажеттіліктеріне сәйкес колледждерді жаңғыртуды тапсырды. Осы тапсырманы орындау аясында БҚО әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ қол қойған меморандумға сәйкес республикамызда алғаш рет «Бастауыш білім беру» мамандығы бағытында білім беру мазмұнын жаңғырту бойынша пилоттық жоба жүзеге асты. Жобаның мақсаты – ел мектептерінің жаңартылған бағдарламасына және халықаралық тәжірибеге сәйкес педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру. Колледждің оқу процесіне сабақты жоспарлаудың жаңа нысандары, студенттердің жетістіктерін бағалау жүйесі енгізілді, колледжді дамыту стратегиясы әзірленді. Халықаралық сарапшыларды тарта отырып, педагогтердің кәсіби деңгейін шыңдады. 2020-2021 оқу жылында «Ұлттық ұстаз онлайн академиясымен» бірлесіп, колледждің басқарушы командасын оқытты. Бұл «Колледжді басқару 20.25» эксклюзивті бағдарламасы болды, оның мақсаты – жекелеген көшбасшыларды емес, білім берудегі көшбасшы командаларды даярлау. Біз республикада бірінші болып стратегиялық және операциялық басқарудың өзекті мәселелерін көтеріп, шешімін таптық. Осының нәтижесінде бірегей жобаларды әзірлеу және академиялық артықшылығы бар білім беру бағдарламасын құрдық. Осы бағытта 2018-2020 жылдары колледжді басқарған педагогика ғылымдарының докторы Светлана Меңдіғалиқызы Бахишева еңбек етті.
«Қоғамдық сананы жаңғырту» және «Ұлы даланың жеті қыры» республикалық бағдарламалары аясында колледжде «Рухани мұра» тарихи-танымдық кабинеті ашылды. Өңірдің белгілі тарихшы ғалымдарымен бірлесе отырып, колледж тарихын қалпына келтіру, Жаһанша Досмұхамедов пен есімдері колледж тарихымен сабақтас басқа да тұлғаларды ұрпақ санасында қалдыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Оқытушылар мен студенттердің «Жаһанша жолымен» тарихи-танымдық экспедициясы, «Жаһанша оқулары» конференциялары, облыстың қасиетті жерлеріне экспедициялар дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. «БҚО киелі орындары», «Мәдениет және әдебиет қайраткерлері», «Өңірдің флорасы мен фаунасы энциклопедиясы» электронды карталары жасалды.
– Бірегей оқу орнының өңірімізде алар орны ерекше. Республикалық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталсаңыз...
– Қызмет бағыттары бойынша колледж Ғ. Тоқай атындағы Арыс педагогикалық колледжімен (Татарстан Республикасы), Н. Калугин атындағы педагогикалық колледжімен (Орынбор қаласы, Ресей), Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетімен (Бішкек, Қырғызстан), «Мемлекеттік әлеуметтік-гуманитарлық университет» (Коломна, Ресей), «Бельгия білім беру кеңесі» ЖШС (Брюссель, Бельгия) кәсіптік білім беру ұйымдарымен байланыс орнатты.
Колледж – WorldSkills өңірлік шемпионатының ұйымдастырушысы. Біздің студенттер «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бойынша барлық жүлделі орындарға ие болды. Колледж студенттері республикалық «WorldSkills Kazakhstan» шемпионатына белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Педагогикалық колледж – білікті маман даярлаудың ұстаханасына айналған, кәсіби білім ұясы. «Педагог мәртебесі» заңының қабылдануымен колледж оқытушыларының кәсіби өсуі мен дамуына мол мүмкіндік ашылды. Қазірдің өзінде колледжде мыңнан аса студент білім алса, 100-ден аса ұстаз еңбек етеді. Колледж оқытушылары республикалық «Үздік педагог» байқауларында жеңімпаз атанды. Дәстүрлі түрде жылма-жыл өтетін бұл байқауда оқытушы ұстаздар жүлдесіз қайтпайды. Сондай-ақ үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларды өзектендіру жұмыс топтарында колледж оқытушылары қызмет атқаруда. Орта білімнен кейінгі білім берудің мамандықтары мен біліктіліктері бойынша үлгілік оқу бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеуде бірнеше оқытушымыз сарапшылар тобы құрамында жұмыс істейді.
Колледж 2000, 2009 жылдары «Жылдың үздік колледжі», «ТжКБ үздік оқу орны» республикалық байқауларында жүлделі 3-орын, 2006, 2009 жылдары «Жылдың үздік колледжі», «ТжКБ үздік оқу орны» облыстық байқауларында жүлделі 1-орынды иеленді. 2004, 2006 жылы «Қазақстан мен ТМД елдерінің білім беруін ақпараттандыру» ІІІ және ІV халықаралық форумының дипломанты атанды. 2013-2014 жылдары «100 табысты ұйым» және «БҚО-ның 30 білім беру ұйымы» арасында жүлделі 1-орынға ие болды. Сондай-ақ колледж «Сала көшбасшысы – 2015» медалімен, «Сала көшбасшысы – 2015» ұлттық сертификатымен марапатталды.
Сонымен қатар ИСО 9001: 2001 сапа менеджменті жүйесінің сертификатын иеленіп, 2020 жылы барлық мамандықтар бойынша институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден, 2023 жылы мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтті. 2022 жылы «Елдің үздік кәсіпорны – 2022» облыстық рейтингінде колледж жүлделі 2-орынды иеленді.
ТжКББҰ жылдық оқу-әдістемелік қорытындысы нәтижесінде «Үздік колледж – 2023» аталымын иеленді. Студенттік парламент президенті Нұрсұлтан Парахатов «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік студенттік парламент төрағасы – 2023» аталымының жеңімпазы атанды. Колледж студенттерінен құралған «Жастар рухы» жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалының бөлімшесі – «Республикадағы үздік бөлімше» атағын жеңіп алды.
– Әңгімеңізге рақмет!
P. S. Осыдан тура 10 жыл бұрын, яғни колледждің ғасыр мерейтойында «Білім ордасының тағылымға толы тарихы» атты тарихи естеліктер жинағы жарық көрген болатын. Биыл 110 жылдық мерейтойы қарсаңында естеліктер жинағы жаңа мәліметтермен толығып, «Ізгі ілімнің ізашары» деген атпен оқырманға жол тартты.
Сұхбаттасқан Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz