20.12.2024, 23:30
Оқылды: 22

Тасқалада еңбек адамдары марапатталды

Ескі жылмен қоштасып, жаңа жылға қадам басуымызға да санаулы күн қалды. Осыған орай Мереке ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен мәдениет үйінде жыл қорытындысы бойынша «Жыл үздігі» еңбек премиясы өтті.

мереке жыл үздігі 4

Мұндағы мақсат – қарапайым жұмысшының еңбегін бағалап, ынталандыру. Олардың еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету және дарынды жандарға қолдау көрсету болатын. Дәстүрлі «Жыл үздігі» байқауының биылғы ерекшелігі «Жыл үздігі» еңбек премиясы деп аталуында. Байқаудың шарттарына сәйкес марапатқа тек қарапайым еңбек адамдары ұсынылып, олардың қоғам алдындағы беделі, еңбекқорлығымен өз ісіне деген жауапкершілігі ескерілді.

Сонымен қатар аталмыш премияға осыған дейін жыл үздігі атанғандармен комиссия мүшелерінің жақын туыстары яғни, жұбайы, аға-бауыр, ұл-қыздары ұсынылмады.

жыл үздігі мереке 2

Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева қатысып, жиналғандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Адамның ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмайтыны анық. Әр үздік нәтиже мен қиын жұмыстың астарында бір адамның үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр. Осыған орай Қазақстан бойынша елдің дамуына күн сайын үлес қосып жүрген қарапайым еңбеккерлерге ерекше назар аударылып, олардың еңбектері бағалануда. Бүгін Мереке ауылында да еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп жатыр. Сондықтан сіздерге ел экономикасының дамуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді Саягүл Мәулетқызы.  

Шара барысында он алты адам 2024 жылдың үздіктері қатарынан табылып, арнайы аталымдарға ие болды. Соның ішінде, «Жыл жаңалығы» аталымы Мереке ауылы туралы кітаптың авторы – тарих ғылымдарының кандидаты жерлесіміз Хамида Қожабергеноваға, ал, «Жыл жанашыры» аталымы жылма-жыл ауыл тұрғындарының баспасөзге жазылуына демеуші болып, қайырымдылық шараларына қатысып жүрген Марс Орынбасаровқа бұйырды.

жыл үздігі мереке 3

«Еңбекқор зейнеткер» аталымына Шаймардан Сайфуллин мен Гүлзайда Мендіғалиева қол жеткізсе, «Үздік механизатор» аталымын «Мереке» шаруа қожалығының басшысы Қамбар Жарасов, ал «Әмбебап жұмысшы» аталымын «Кемешев» шаруа қожалығының жұмысшысы Нұржан Әбішов еншіледі.

«Үздік тасымалдаушы» аталымы бойынша әуесқой тасымалдаушы Болат Бекетаев пен «Үздік бағбан» аталымымен Елена Полтовецк марапатталды.

«Үздік құс өсіруші» аталымын Бибігүл Жалбурина жеңіп алса, «Үздік бақташы» Рахымжан Сағынғалиевке бұйырды. «Үздік қойшы» аталымын Балсұлу Сапарова мен «Үздік сауыншы» аталымын Қалмақ елді-мекенінің тұрғыны, төрт сиырдан 100 келіге тарта май-қаймағын, 10 000 дана құртын сатып еңбегінің игілігін көріп, сүт өнімдерінен пайда көп екендігін дәлелдеп отырған Рысжан Куатбаева еншіледі.

жыл үздігі мереке 1

«Үздік құрылысшы» аталымы Қуаныш Кемешовке, ал «Үздік жылқышы» аталымы қарапайым жұмысшы Шыңғыс Талаповқа бұйырды.

Одан бөлек, «Үздік қасапшы» аталымын мал өсіріп, жылқы жинап, табанды еңбектің нәтижесінде Астана қаласынан үй алуға қол жеткізгенТоқтар Жұматов жеңіп алды.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале