25.12.2024, 14:45
Оқылды: 55

Теректіде партиялық бақылау комиссиясының көшпелі жиыны өтті

Теректі ауданында «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының көшпелі жиыны өтті.

IMG_1166

«AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлжан Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен мәжіліске «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Нұрхат Жанбоз, аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, бөлім, құқық қорғау органдарының басшылары, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысты.

Күн тәртібі бойынша Теректі аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Қанат Жақыбаев түнгі уақытта арақ-шарап сататын дүкендермен жұмысты, мал бағымының жолға қойылмай тұрғанын тілге тиек етті. Малды еркіне жіберіп, көз салмай қоятын ағайынның ісін ақсуаттық Ләззат Бекішева да растады. Айыппұл сала беру бұл мәселені толық шешпейді. Халық бес-он теңгесін төлеп, қайта ескі әдетке басып тұр. Бақташылардың да табылмай тұрғаны, мал бағуға ешкімнің құлықсыз екені айтылды.

Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бахтияр Катчеков қысқы жылыту маусымына байланысты өрт қауіпсіздігіе сақтау ережелерін, талаптардың орындалуын жік-жікке бөле талдап берді.

Тағы бір «былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өлетін» түйткіл – кәмелетке толмағандардың істері. Қайтпек керек деген ой құшағында отырғанда аудан әкімдігі жанындағы аталмыш комиссияның 2024 жылғы жұмыстарын білім беру бөлімінің бас маманы Жанар Бахтиярова баяндап берді. Десе де, әлі жан-жақты зерделеуді талап ететін мәселе бұл жұмыстармен тоқтап қалмағаны белгілі.

Әлжан Жақсыгерейұлы мектеп оқушыларының ата-аналарына бір ашынып, жалпы жастардың әдебіне екі ашынды. Мұны құптаған Ләззат Мағрашқызы ауылда түнгі сағат 2-де серуендеп жүрген қыз балаларды (мектеп оқушылары) көрген. Ата-аналарына хабарласып, ескерткен. Тәрбиені мығымдаудың орнына қарсы жекіре сөйлеген ата-аналарының бейәдептігін көріп, үшінші рет қайталанған көріністен соң учаскелік полицияға жеткізген.

IMG_1169

Хош… Жасөспірім дегенде, олардың бар қылығына білім ордасы, мектеп мұғалімдері жауапты деген біржақты пікір қалыптасқан. Жүгенсіздігін байқап, тәртіпке салайық десе, балаларын қызғыштай қорыған әке мен шеше жөнсіз айқайға басады. Қысқасы, екі ортада шыбын өледі дегеннің кебін кидік.

Тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау хақында жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімнің басшысы Арайлым Тасенова соқырға таяқ ұстатқандай жеткізді. Бұл бағытта дабыл қағатын жайт жоқ.

Нұрхат Мүтиғоллаұлы әр баяндамашыдан кейін өзінің ұсыныс-пікірлерін айтып, сауалдарын жолдады. Жиынды Әлжан Нұрғалиев түйіндеді. Көпшелі мәжілісте көшіп-қонған ойларды, талқыға түскен мәселелерді білек сыбана шешуде партиялық бақылау аянып қалмасы анық.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале