Қаламыздағы «Ulttyq Brand» сән үйінде «Made in KZ» атты ерекше көрме-жәрмеңке өтті. Бұл шара Батыс Қазақстан облысының дизайнерлері мен модельерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді.
Екі күн бойы өтетін көрме қазақстандық дизайнерлер мен қолөнер шеберлерінің ең үздік туындыларын тамашалау және сатып алу мүмкіндігін ұсынды.
Көрме жергілікті шығармашылықты дамытуға, отандық брендтерді танымал етуге және ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара ай сайын ұйымдастырылып, Aқжайық өңірінде шеберлердің шығармашылық алаңы ретінде тұрақты түрде жұмыс істемек.
Көрме-жәрмеңкеде елордадан және өңірлерден қатысқан талантты дизайнерлер мен қолөнершілердің жұмыстары ұсынылды. Астаналық белгілі дизайнер Балнұр Ахметқазиева, атыраулық Айсұлу Уразбаева мен Маржан Маршалл, сонымен қатар жергілікті шеберлер Әсем Кенжебайқызы, Айнагүл Мүйтенова және Аида Құлғатова өз туындыларын көрермен назарына ұсынды.
Көрмеде тек дизайнерлер ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнерді жаңа қырынан танытқан шеберлер де болды.
Тоқылған аяқ киімдер мен этно-шоперлер, моншақтан жасалған сәнді сөмкелер мен ұлттық нақыштағы аксессуарлар, қуыршақтар мен әшекейлер көздің жауын алады.
Жанерке Мерекеқызы,
"Орал өңірі"