14.01.2025, 12:30
Оқылды: 48

Тасқала ауданында облыстық семинар өтті

Еліміз дамып, көркейген сайын білім саласы да қарыштап дамып келеді. Оған дәлел ретінде, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру жобасын атап өтуге болады. Аталмыш жоба аясында Тасқала ауданы орталығындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясы жаңадан жабдықталып, қазіргі заманға сай білім қажетті барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз етілді.

семинар (1)

Осы орайда, бүгін аталмыш білім ордасында «Оқыту мен оқудың белсенді әдістеріне негізделген цифрлы сабақ» атты облыстық семинар өтті. Семинардың мақсаты-тірек және шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді оқытуда инновациялық әдістер мен жаңа технологияларды енгізу арқылы білім сапасын арттыру, сондай-ақ педагогтер мен білім саласының мамандарына цифрлы оқыту тәсілдерін таныстыру және инновациялық құралдарды тиімді пайдалану жолдарын көрсету болды. Семинарға аудандық білім беру бөлімдерінің әдіскерлері, ТМ және БМ директорларының орынбасарлары, шағын жинақты мектеп педагогтері қатысты.

семинар (3)

Семинардың ашылуында алдымен сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова қатысушыларға қош келдіңіз айтып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейін облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығы мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Айымгүл Бексұлтанова облыстық семинардың маңызына тоқталып, оның мақсаттарын түсіндірді. «Бүгінгі семинар тірек мектеп, шағын жинақты мектеп республикалық жобасы аясында өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Облыстық семинарды өткізуге қолдау көрсетіп отырған Тасқала ауданының білім бөлімі басшылығына алғысымды білдіремін»,-деді Айымгүл Жұмақанқызы.

семинар (2)

Семинар пленарлық бөліммен жалғасты. «Тірек мектеп–шағын жинақты мектеп жобасын масштабтау» тақырыбы бойынша БҚО ӘО ШЖМ әдіскері Айнагүл Берниязова баяндама жасады. Ал Қаратөбе ауданы Б. Қаратаев атындағы ЖОББМ директоры Жанар Бейбіт пен директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айкерім Қилыбаева «Тірек мектебі: тәжірибе, жетістіктер және болашаққа бағыт» тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, семинар барысында «Внедрение инновационных способов преподавания отдельных предметов в сельских опорных и малокомплектных школах ЗКО», «Microsoft Teams бағдарламасының оқытудағы тиімділігі», «Жасанды интеллект және білім беру: Болашақтың сабақтарын бүгіннен бастау», «Цифрлық трансформация: Google және жасанды интеллект құралдары білім беру жүйесінде»,  «Білім берудің Google картасы» тақырыптарында баяндамалар ұсынылды.

Семинар барысында қатысушылар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Болатбек Сапарғаливе,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале