14.01.2025, 18:15
Оқылды: 25

Бәйтеректік кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың игілін көруде

2023 жылы ашылған «Маями» қысқы демалыс орнының иесі – кәсіпкер Бектенов Талғат Нұрхатұлы. Бұл демалыс орнының құрылуының артында ерекше оқиға жатыр. Талғат Нұрхатұлы өзінің саяхатқа деген үлкен қызығушылығынан шабыт алып, Түркиядан демалып келгеннен кейін жаңа жобаны іске асыруға шешім қабылдаған.

IMG-20250114-WA0037

Бұған дейін Жәнібек ауданында дәмхана ашып, сол арқылы кәсіптің қыр-сырын түсінген азамат «Даму» бағдарламасы арқылы мемлекеттік несие алып, 100 миллион теңге инвестиция салып, ғимарат тұрғызады. Алайда, алғашқы кезеңде су тасқынынан зардап шегіп, көптеген қиындықтарға тап болады. Кәсіпкер бизнесін мемлекеттің қолдауымен қалпына келтіріп, демалыс орнын қайта ашты.

IMG-20250114-WA0040

Демалыс орны үш заманауи шағын үйден (домик) тұрады. Әр домик өзіне тән ерекшеліктерімен көзге түседі. Бірі 24 адамға арналған, оның ішінде караоке залы, ванна, душ, бу бөлмесі бар. Домиктерде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, 10 және 2 адамдығы бар. Оларда панорамалық көрініс, екі жатын бөлме және барлық қажетті инфрақұрылым жасалған.

Демалыс орнының тағы бір ерекшелігі – мұнда мұз айдыны бар. Қонақтар өзінің тюбингтерімен келіп, сырғанай алады. Демалыс орнының барлық қызметтері домикті жалға алған адамдарға ұсынылады. Сонымен қатар, сыртта жапон стиліндегі бу чаны да бар, бұл демалушыларға қосымша жайлылық сыйлайды. Екі адамдық домик романтикалық кештерге, жұптардың бірге уақыт өткізіп, естен кетпес сәттерді бөлісуіне арналған таптырмас орын.

IMG-20250114-WA0041

Демалыс орны отбасылық бизнес ретінде құрылған. Талғат Нұрхатұлының зайыбы Айнагүл Бектенова мен 8 жастағы ұлы Алим де осы жобаның дамуына өз үлестерін қосуда. Кәсіпкердің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – келушілерге сапалы әрі жайлы демалыс қызметін ұсына отырып, отбасылық бизнесін дамыту. Жаңа құрылыс жұмыстарын жүргізіп, болашақта кәсіпкердің мақсаты қонақтарға жаңа, жайлы, қызықты қызмет түрлерін ұсыну.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале