Халықтың әлеуметтік жағдайының деңгейі тұрғындардың жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты. Тұрақты табыс көзі жоқ жанға өмір сүру қашан да қиын.
Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы облыстық бөлімшесі сейсенбіде өңірдегі жұмыссыздықты азайту мақсатында халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Бұған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қатысты.
Шара барысында мамандарға алдын ала тіркелген алты адам келіп, жұмысқа орналастыру жөнінде көмек сұрады. Солардың бірі –Талғат Ханатов. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бухгалтер-аудит мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген Талғаттың бір жарым жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ол қаладағы бір құрылыс компаниясында келісімшарт негізінде мамандығы бойынша жұмыс істеген. Қазіргі уақытта жұмыссыз жүр. Өздігінен жұмыс іздегенімен, тәжірибесі болмағандықтан, мекемелер мен кәсіпорындар оны жұмысқа алмаған. Талғаттың жағдайына түсіністікпен қараған қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері оған әлеуметтік бағыттағы жұмыс орны ретінде есепшілік қызметті ұсынды. Сөйтіп, Талғат түс қайта құжаттарын алып, Орал қалалық жұмыспен қамту орталығына баратын болды. Егер Талғат Ханатов осы айтылған жұмысқа қабылданатын болса, оның жалақысы 60 000 теңге шамасында болмақ. Еңбекақының 30 пайызын мемлекет, ал 65 пайызын жұмыс беруші төлемек.
Қабылдауға бұдан кейін кірген Гүлназ Еспентаева жұмыспен қамту саласының басшыларынан шағын несие алу жөнінде көмек сұрады. Бөкей Ордасы ауданының Бөрлі ауылында тұратын Гүлназдың өзі де, күйеуі де жұмыссыз көрінеді. Балаларының алды студент, бұл отбасында балаларға төленетін әлеуметтік көмектен басқа кіріс жоқ. Азын-аулақ малын несие қарызын өтеу үшін сатып жібергендерін айтқан Гүлназ қазіргі уақытта өмір сүрудің тым қиындап кеткенін көзіне жас ала отырып, жеткізді. Жұмыссыз әрі малсыз қалған жанұя қиындықтан шығу үшін енді шағын несие алып, жеке кәсібін ашқысы келеді. Бұл ойын жергілікті басшылардың қолдамай отырғанын айтқан әйел енді амалының жоқтығынан облыстық деңгейдегі бүгінгі қабылдауға келуге мәжбүр болғанын айтты. Гүлназ Еспентаеваның өтінішін мұқият тыңдаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жанат Асантаев оның көзінше «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық бөлімшесінің басшысына қоңырау шалып, Гүлназды шағын несие жөнінде сол кісілерден кеңес алуға жолдады.
Ал жоғары оқу орнын психолог мамандығы бойынша биыл ғана бітірген Жадыра Ғиззатованы қинаған мәселе барынша жедел шешілді. Келген шаруасын айта бастаған Жадыраға қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істеуді ұсынды. Жадыра мамандардың бұл ұсынысына қуана-қуана келісті. Сол секілді, іс жүргізушілік мамандығы бар Жадыра Айтқазиева да осы қабылдауда өзіне лайықты жұмыс тапты.
-Облыс бойынша жұмыссыздардың жалпы саны 16025 болса, соның 15 мыңнан астамы белсенді шаралармен қамтылды. Белсенді шара деп отырғанымыз – «Жастар» практикасы, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындары және нақты мамандығы жоқ адамдарды оқыту секілді жұмыссыз жүргендерге көрсетілетін көмек түрлері. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш тағы да өседі деп жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орындарында 2526 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл өңір халқының 0,8 пайызы. Жалпы, облыстағы жұмыссыздық жағдайы 5 пайызды құрайды. Былтыр да осы деңгейде болған, биыл да сол шамада тұр, - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жанат Асантаев.
Шара барысында қоғамдық қабылдауға келген алты адамның үшеуі мамандықтары бойынша жұмыс тапты. Демек, бұл – жуық арада үш адамның тұрмысы жақсара бастайды деген сөз. «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязованың айтуынша, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша партияның қоғамдық бөлмесіне облыс бойынша 2530 арыз-шағым түссе, соның 717-сі, яғни 28 пайызы жұмыспен қамту мәселесіне қатысты. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі биылдыққа осы тақырыптағы қабылдауды 37 рет ұйымдастырған.
Айша ӨТЕБӘЛІ
«Орал өңірі»