Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаға жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг туралы баяндама жасады.

Қоршаған орта – халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Табиғаттағы өзгерістер, әсіресе антропогендік әсерлер күтпеген салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу арқылы қоршаған ортаның жай-күйін үнемі бақылап отыру аса маңызды.
– Санитарлық-эпидемиологиялық мониторингтің негізгі мақсаты – су, топырақ және ауаның жағдайы туралы нақты деректер алу, сондай-ақ зиянды факторлардың адам денсаулығына әсерін анықтау. Бұл зерттеулер уланудың, жұқпалы және кәсіптік аурулардың алдын алуға, сондай-ақ қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 114-бабына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қоршаған орта нысандарына (су, топырақ, ауа) тұрақты зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізеді. Өңірімізде су сапасы, ауаның ластануы және топырақ жағдайы үнемі бақылауда. Өткен жылы орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг барысында 4137 сынама санитарлық-химиялық көрсеткіштерге зерттелді. Оның 257-сі немесе 6,2%-ы белгіленген нормаларға сәйкес келмеді. Бұл Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Қаратөбе және басқа да аудандарда анықталды. Микробиологиялық көрсеткіштері зерттелген 4337 сынаманың 135-і (3,1%) нормаға сай емес болып шықты. Ал орталықтандырылмаған сумен жабдықтау бойынша алынған 360 сынаманың 45-і санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмесе, микробиологиялық көрсеткіштерге 425 сынаманың 41-і сай емес екені анықталды. Сәйкессіздік анықталған барлық су нысандарында тазалау және дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағындағы атмосфераның жағдайы да тексерістен өтті. Бақылаудағы 155 нысаннан алынған 42 508 ауа сынамасының 63-і белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді. Бұл сынамалар шаң, күйе, көміртегі тотығы және күкіртті сутек бойынша нормадан ауытқығанын көрсетті, – деді Гүлдана Қайыржанқызы.
Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері басқару құрылымдарына қоршаған ортаны жақсарту бойынша шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Зерттеу арқылы анықталған мәселелер дер кезінде шешіліп, халықтың денсаулығына төнген қауіптің алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Қоршаған орта – баршамыздың ортақ байлығымыз. Оның тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау – әр азаматтың денсаулығының кепілі. Сондықтан табиғатқа ұқыпты қарап, экологияны жақсартуға бағытталған шараларға атсалысу – әрқайсысымыздың міндетіміз.
Аружан АМАНЖОЛ,
«Орал өңірі»