Өмір бар жерде өлім бары хақ. «Әр елдің салты басқа» демекші, қайтыс болған адамның жаназасын шығару және жерлеу рәсімі елімізде жалпыға бірдей орындалғанымен, кейбір өңірлерде ерекшеліктер кездесіп тұрады. Осыған орай бүгін «Рухани орталық» ғимаратында Жаңақала аудандық және ауылдық ардагерлер кеңесінің бастамасымен көптің көкейінде жүрген аталмыш мәселе бойынша алқалы жиын өтті.
Оған кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов, Тәжиден Батырұлы мешітінің наиб имамы, Орал медресе колледжінің ұстазы, «Қамқор Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Ерлан Кенжин, округ әкімдері, молдалар мен жерлеуді басқарушылар қатысты. Шара модераторы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаимов күн тәртібіндегі жерлеу рәсімін ұйымдастыру (баяндамашы Ермек Меңдіхан), қорым басында жерге орналастыру тәртібі (баяндамашы Тыныштық Өтешқалиев) секілді екі мәселені хабарлады. Жаңақала ауылдық кеңесінің ардагері Ермек Меңдіхан: «Қазалы үйде қазан көтерілмейді» дегендей, қазіргі уақытта туысы қаза болған шаңырақ пен той болған шаңырақты жылаған адамдардан ғана айырамыз. Ысырапшылдыққа жол беріліп, дастархан аста-төк әзірленуде. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Молынан әзірлеуге бірінің жағдайы келсе, енді бірінікі келмейді. Сол себепті қаза болған үйде бата етіліп болғаннан кейін, Құран оқығанда ас берілмей, қуырдақ не болмаса ет қосылған күріш, нан, бауырсақ, май, қант, құрма, мейіз, өрік пен шәй ғана қойылса, сондай-ақ өлімді басқарушы, ас пісірушілер атқарған қызметіне пұл сұрамай, үй иесі берген қаржыға разылығын білдірсе және бақилық болған адамның үшіне бата етуге келгендер басылып отырмай (алыстан келген туыстарын қоспағанда), наннан ауыз тиіп, ақтығын салып кетсе», - деген ойын ортаға салды. Ал кеңес мүшесі Тыныштық Өтешқалиев «Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №48 бұйрығымен таныстырды. Баяндама аяқталған соң кезек қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірге берілді. Ауыл ардагері Шаһидолла Әбуғалиев те жоғарыда айтылған пікірді құптап: - Кей ауылдарда мәйітті зиратқа апаратын көлік таппай қиналып жатқандарды көзіміз көрген. Осы жерде бөркіне қарап қызмет қылмас үшін жағдайы төмен отбасыларды округ әкімдері көлікпен қамтамасыз етсе екен. Және өлім болған үйде қызмет қылғандар бергенге разы боп, ақша емес, сауап жинаса», - деді.
Ал Мұқыр ауылында жерлеуді басқарушы Эрнест Әлмұқанов: Ысырапшылдық жөнінде бұрыннан бері айтып келе жатырмын. Алайда көпшілігі бұл сөзіме құлақ аспай, «соңғы қонақтығы» деп, ас мәзірін өз қалауларымен дайындайды. Сонымен қатар үші мен жетісі бірге дегенімізбен, көңіл айтып келуге ниетті жандарға келме деп айта алмаймыз. Сондай-ақ адам жерлегенде құбыланың да бағыты өзгеріп, кейбіреулер батысқа қарай бұрудың орнынан оңтүстікке қарай бұрып қояды. Бұл мәселе де бір ізге түссе. Тағы бір айтарым, Мұқырда төрт қауым бар. Қарақоға деген елді мекендегі қорымның жағдайы адам шошырлық. Күні кеше дүниеден өткен жандардың зираттарын мал тапап, жермен жексен қылып тастаған. Ата-бабамыз, ата-анамыз, бауырларымыз жатқан орынды қоршауға қаржылай көмектесем деген жандар болса құба-құп»,-деді. С.Меңдешев ауылында жерлеуді басқарушы Қанат Жұбанов қаза болған үйде қызмет қылғандарға белгілі көлемде баға белгілеуді қажет санаса, көпжасарлық молда зират басына терек егуге қарсылығын білдіріп, ағаш тамыры тереңге жайылатындықтан, жерге де, сүйекке де ауыр болатындығын айтып өтті. Сөз тізгінін алған Ерлан Аютұлы қойылған сұрақтарға өз ойын білдіріп, өлім болған үйдің табалдырығына шеге қағу, басынан шәй айналдырып ішу, қоштасу рәсімі шариғатта жоқ екендігін, сондай-ақ бақилық болған адамға тек айтулы күндерде ғана емес, мүмкіндік болса күн сайын Құран бағыштағанның айыбы жоқ екенін тілге тиек етті. Және қалалық жерде көпқабатты үйде немесе шағын баспанада тұратын жандарға, мәйітті соңғы сапарға дайындаудың ретін білмейтіндер үшін жоғарыда аталған «Қамқор Шарапат» ақылы салттық қызмет көрсету орталығы ашылғанын хабарлап, жиналған жұртқа Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен марқұмның қарасы, үші, жетісінде қойылатын тағамның 12 түрі көрсетілген ас мәзірін үлестірді. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін Қамбар Сүлейменұлы: - Жерлеуді басқаратын азаматтар да бір үйдің асыраушылары. Олардың да бала-шағасы, отбасы бар. Жерлеуден түскен қаражат арқылы нәпәқаларын тауып жүрген жандар. Сондықтан бірінші кезекте бұл азаматтарды немесе олардың отбасын округ әкімдері жұмыспен қамтыса,- деген ұсынысын білдірді.
Үш сағатқа созылған жиында қатысушылардың ой-пікірлерін мұқият тыңдаған ардагерлер кеңесі мынадай қаулы бекітті:
1. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында ҚМДБ бекіткен тағамдар шеңберінде жалпыға бірдей ас мәзірі қолға алынсын.
2. Шаңырағында қайғы болған әулетте өз ағайындарының мүмкіндігі болмаған жағдайда жерлеуді басқарушы, ас пісіруші және жаназа шығарушыға он мың теңгегеге дейін, марқұмның үші және жетісінде Құран оқып, қызмет қылған молдаға бес мың теңгеге дейін көлемде қаржы белгіленіп, жерлеуді ұйымдастырушыға садақадан түскен қаржыдан берілсін.
3. Қайтыс болған адамның отбасы ауыл әкімі мен ауылдағы намазхан молдаға хабар беріліп, жерлеу рәсіміне қажетті қорымнан тегін жер бөлініп, шариғатқа сай басқарылып, ұйымдастырылсын.
4. Аудандық мешіттің бас имамы, наиб имамы аудан көлемінде өтетін жерлеу рәсімдеріне қалтқысыз еңбек етіп, тұрғындарға атқарған қызметтері туралы жылына бір рет есеп берсін.
5. Округ басшылары жерлеу күні әлеуметтік жағдайы төмен, жақын-жуығы жоқ отбасыларды сүйек шығару көлігімен, әлеуметтік қызметкерлермен қамтамасыз етсін.
6. Жерлеу рәсімін басқарушы тұлғалар, ауыл әкімдері, жергілікті тұрғындар бастарына түскен қайғыны сабырмен қабылдап, жалпыға бірдей тәртіппен заң шеңберінде қабылданған қаулыны қабылдап, қабылданған қаулы басшылыққа алынсын.
7. Аудан орталығындағы қорымға барар жол жобаға енгізіліп, қатқыл табанды жолға айналдыру аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарынан сұралсын.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы