20.01.2025, 15:45
Оқылды: 83

Жәнібектік ардагерге төсбелгі табысталды

Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының тұрғыны, кезінде «Свердлов» кеңшарында шопан, малшы, жылқышы болып, мал шаруашылығын дамытуға, одан алынатын өнімді молайтуға зор үлес қосқан еңбек ардагері, зейнетке шыққаннан кейін ауылдық ардагерлер ұйымына жетекшілік еткен елге сыйлы азамат Елеусін Тілебалиевтің 85 жасқа толуына орай аталған ауылдық округте іс-шара өтті.

image-20-01-25-03-40

​Оған аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов қатысып, Е.Тілебалиевті 85 жасқа толуымен аудан әкімдігі атынан құттықтап, құттықтау хат табыс етті және иығына шапан жапты. Өз кезегінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиевте мерейгерге ізгі тілегін арнап, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің атынан «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.

​Шара әрі қарай ұлттық спортымыз – қазақша күреспен және қой көтерумен жалғасын тапты. «Той десе, қу бас домалайды» деген, жарысқа өз ауданымыздан бөлек, көршілес Казталов ауданының ауылдық округтерінен де спортшылар ат терлетіп келген екен. Өңкей «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер күш атасын танымайтындығын дәлелдеп, бірін бірі алып та, шалып та жықты. Тартысқа толы болған сайыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер малдай және ақшалай сыйлықтарға ие болды.

​Бұл күні ауылдың тұрғындары да спорттық жарысты тамашалап, көңіл күйлері көтеріліп, бір демалып қалды.

 

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале