21.01.2025, 9:30
Оқылды: 39

Аңыз және абыз

Есімі елге танымал еңбек ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Батыс Қазақстанның, соның ішінде құлдырап барып қайта түлеген қасиетті Бөкей ордасының шаруа жайын, тұрмысы мен мәдениетін ұзақ жылдар бойы біліктілікпен басқарып, ауыл еңбеккерлерінің риясыз құрмет-қошеметіне бөленген кең танымал агроөндіріс басшыларының  бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан абыз ақсақал Тауасих Мырзағалиев ағамыз бұл күндері 95 жасқа толады.

Жасы келгенде адам үшін кәрілік те бір сынақ.

Таке 5

Бұл өзі бар қуатың бойыңда, санаң аспандай ашық болатын жасаң кезіңде ғұмырыңды қаншалықты мәнді де мағыналы ұйымдастыруға ұмтылсаң, есейген шағыңда, келмей қоймайтын кәрілікті де соншалықты алдын ала ойластыра білдеген тағдыр тапсырмасы, өмір емтиханы секілді. Дегенмен бұл жалғанда бәрі бірдей ойлағандай бола бермейтіні тағы бар. Ғұмырының небір дер шақтарында қоғамда өндіре қызмет атқарумен қатар, табиғатынан белсенділігі жоғары, адамдармен арақатынасы әдепті де ашық-жарқын аққұшақ жандар, не болмаса жайдары мінезі, үлгілі жүріс-тұрысы, өнегелі іс-әрекеті, ұлағатты сөзі арқылы өз ортасында, әсіресе кейінгі лектегі жастар арасында лайықты құрмет-қошеметке ие бола білген әлдебір ағалар, өкінішке қарай, зейнетке шыққан соң тура қуаты таусыла бастаған құрылғыға ұқсап, біртіндеп сөне бастайтынын көріп жүрміз. Көріп жүргенді айтамыз-ау, тіпті сол кінәраты құрғырыңның қайсыбірі жас ұлғайғанда жамбастап жатып алуды жанымыз қалап тұратын мына біздің өз басымызда да жоқ емес. Оның үстіне ата-ана алдындағы парыз, үлкенге қамқорлық секілді халқымызға тән қасиетті міндеттердің өзін жатсына бастаған бүгінгі заманда, жаңағы «қуаты сөне бастаған» қарияларымыз аракідік жалғыздық тауқыметіне ұшырап, қараусыз қалып, айналып келгенде, амалсыздан әлеуметтік орталықтарды жағалауға мәжбүр.

Есесіне, пешенесіне Алла берген пенделік озық қасиеттерін қартайған шағында да бойында сақтай білген, тек сақтап қана қоймай, ол қасиеттерін өмірлік тәжірибемен, көрген-білген, ойға түйген адами асыл мұраларымен үстей білген, өмірі өнегелі, аталы сөзі баталы, тек жастарға ғана емес, не аралас-құралас ортасында ғана емес, дүйім жұрттың ұйыса тыңдап, үлгі тұтар абыз ақсақалы болып қала білген қарияларымыз да, Құдайға шүкір, баршылық. Оларды бүгінгі заман жұрты «Әдемі қартая білген қариялар» деп мадақтайды. Ұлтқа үлгі тұтады. Әсіресе жас өскін жеткіншектеріміз солардың аузын бағып, айтқан ұлағатты әңгімелерін зерделеп өссе екен деп тілейді.

Біз бүгін әңгімелемек болып отырған тұғырлы тұлғамыз, бүкіл саналы ғұмырын қазақ жерінің қиыр батысында жатқан қасиетті Бөкей ордасындағы жауапты қызметтерге арнаған, осы өңірдегі бас-аяғы жарты ғасырға жуықтаған нәтижелі еңбегі мен мінсіз адами қасиеттері үшін ел жадындағы есімі жергілікті жұрт арасында жақсы мағынасында аңызға айналған Тауасих Мырзағалиев атамыз – осылай әдемі қартая білген абыз адам.

Бұл кісінің бүкіл саналы өмірі мен жемісті еңбек жолы Қазақстанның осы заманғы тарихында «Тұңғыштардың Отаны» деп лайықты атанған Бөкей ордасымен біте-қайнаса байланысты болып келеді. Бұл аймақ кешегі Кеңес өкіметінің кезінде де қазақ мемлекетінің кішігірім үлгісіндей, әуелі Бөкей облысының, содан кейін Бөкей губерниясының және ақыр аяғында, Орда ауданының әкімшілік орталығы болғаны белгілі. Кейін аталған аудан аумағының үлкен бір бөлігі әскери сынақ аймағына берілуіне байланысты аудан таратылып барып, зиялы қауым өкілдерінің және жерігілікті бұқара халықтың үкімет алдына қойып келген өтініш-тілектерінің нәтижесі ретінде бұрынғы Хан ордасының ізінде жаңадан кеңшар құрылғанда, оның жетекшілігіне Құдайдың қалауындай болып нақ осы Тауасих Мырзағалиев ағамыз тағайындалған еді.

Таке 4

Айтқандай, бұл тағайындаудың мән-жайы өз алдына бір хикаят. Мысалы, Тәкеңнің өзінің «Дөңгеленген дүние» деген атаумен жарық көрген естелік кітабынан мынадай жолдарды оқимыз: «1963 жыл. Желтоқсан айы. Алматыда кеңшар директорларының білімін жетілдіру курсында оқып жатқанмын. Бір күні Орал өңіріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Х. Чурин мені үйіне шақырды. Келсем, Қ. Жұмалиев, Т. Жароков, Ш. Шағыров, А. Жұбаншәлиев, Ф. Мұхамедқалиев сынды қазақ зиялылары жиналып қалыпты... Мен білмеген бір жағдай, олар республиканың басқару құрылымдары алдына Орда ауданын қайта құру жөнінде мәселе қойып жүр екен. «Үкімет ауданды емес, әзірше Орда ауылында «Орда» кеңшарын ұйымдастыруға келісім беріп отыр» деді бірі. Болашақта Орданы басқаруға өзіңді қолайлы көріп отырмыз. Қалған мәселені шешу – біздің мойнымызда, ал бұрынғы Орданы тарихи атақ-даңқына сай қайта түлету – сенің міндетің»...

Бұдан сәл бұрынырақта, бар болғаны жиырма тоғыз жасында бұрынғы «Орда» (кейінгі «Бисен») кеңшарының директоры лауазымында шаруашылық қызметін бастаған ағамыздың ел басқару ісіндегі келешек жұлдызды жылдары  осылай  басталды.

Тауасих ағамыз халық тілегіне орай жаңадан бой көтерген бұл кеңшарды он үш жыл бойы үзбестен басқарып, оны бүкіл облыс көлеміндегі шаруасы шалқыған алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың легіне қосты. Әрине, алғашқыда оңай бола қойған жоқ. Мәселен, жаңа шаруашылықтың тізгінін ұстай бастаған күннен байқалғаны – кезінде тәркекке ұшырап, тарап кеткен аумақта жұмыс қолы мүлдем жеткіліксіз еді. Жергілікті азаматтармен, ауыл ақсақалдарымен кеңесе келе, кезінде амалсыздан қоныс аударып кеткен байырғы бөкейліктердің есеп-қисабын түзіп, олардың туған топырағына оралуға ниеті барларына ресми шақыру ұсынды. Басшылық құрылымдардың қолдауы арқасында қайтып келгісі келетін ағайындарға арнап қолайлы баспана, лайықты қызмет орындары дайындалды. Сөйтіп, ірге көтерген алғашқы үш жылдың өзінде 125 отбасы немесе ұзын саны 700-ден астам адам өздерінің атақонысына оралды.

Шаруашылықты өрісті дамытуға кедергі келтіріп тұрған тағы бір мәселе – су қорының тапшылығы еді. Құмды жердің су қоры жердің астыңғы қабатында болады. Осыған орай Орал гидрогеологиялық экспедициясының көмегімен құмды аймақтың гидрогеологиялық картасы жасалып, соның негізінде шаруашылық аумағында 31 жерден терең ұңғыма және 230 шахталық құдық қазылды. Нәтижесінде адам да, мал да тіршілік нәріне қарық болды.

Білікті басқара білудің арқасында кеңшар малға бай, жері шүйгін, өрісі құнарлы, іргесі берік, таза пайдамен қызмет жүргізген шаруашылыққа айналды. Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне әлденеше рет қатысып, жүлдегер атанды. Осы жетістіктердің барлығы жас та болса іскер басшы, ұсынықты ұйымдастырушы Тауасих ағамыздың білікті жетекшілігі нәтижесінде мүмкін болғанын бөкейліктердің сол жетістіктерге куә болған және де оларды өз қолдарымен жүзеге асырған ардагер аға ұрпағы әлі күнге аңыз етіп  айтып  отырады.

Бұл кісі мемлекеттік шаруашылықты басқаруға қойылған ресми үкімет адамы ғана емес, сонымен бірге және, мүмкін тіпті ең алдымен, сол қауымды құрайтын еңбек адамдарының көреген көшбасшысы, ертелі-кеш солардың қамын ойлаумен жүретін қамқоры бола білді. Мінезі жайдары. Болмысы байсалды. Не істесе де, қандай шешім қабылдаса да алдымен ақылға салып алатын әдеті. Шым-шытырығы көп шаруа қараған адам үшін тосыннан килігіп, маза кетіретін жәйлар да аз болмайды. Сондайда табиғатынан мінезге бай басшы қарамағындағы адамдарға қарата ешқашан дауыс көтермейді екен. Сондай-ақ шаруаның адамына ертелі-кеш шіреніп, кеңседе отыру жараспайды деп, әдетте кеңседегі кезек күтіп тұрған іс-шараларды ертеңгілік бір сағаттың төңірегінде қарай сала, мәшинасының рөліне өзі отырып, бөлтек-бөлтек құм қойнауларында қоныс тепкен малшыларын аралап кетеді екен. Мал орнына келген бойда бақташылардан алдымен үй ішінің амандығын, қолдарында қариялары бар болса, сол кісілердің денсаулығын және орталықта немесе қалада оқып жатқан балаларының жай-жапсарын сұрап алып, тек содан кейін ғана шаруа жайын сөз ете бастайды екен. Осындай мейірімге толы ұшырасулардан кейін шалғайдағы малшы қауым кеңшар басшысының өз қоныстарына келуін әрдайым Қызыр күткендей сағына күтіп отыратыны да – ел аузында тарап кеткен аңыз әңгімелердің бір парасы.

Рас, қарамағындағы қарапайым еңбекші қауыммен күнделікті арақатынаста осы тұрпаттас амал-тәсілдерді ұстанған немесе ұстанып жүрген үлкенді-кішілі басшылар аз да болмас, десек те адамдармен әр арақатынасы жұмысшы жұрттың жүрегінде мейірім шуағындай болып маздап қалатын Тауасих ағамыз секілді кішілігі мен кісілігі қандарына сіңген «бірең-сараңдардың» жөні бөлек қой!

Тағы бір ауыл-ел аңызы: Тәкең кеңшар басқарған жиырма шақты жылдың ішінде шаруашылық қарамағынан бірде-бір адам сотты болмапты. Әрине, ел іші тентексіз болмайды, десе де оқта-текте қия басқан ондайларды жас та болса, қанында даналықтың дәні бар қамқор басшы, ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, дер кезінде тезге сала білген ғой. Бұл жайды да сондай аңызға айналған әңгімелердің бірінен естігеніміз  бар.

Ел арасына кең тарап кеткен әңгімелерді айтасыз, ол кісі жайлы тіпті ауылдың өлеңші жігіттері былай деп өлеңдетеді  екен:

Ағайынның  асыл  ағасы,

Алтын  тонның  жағасы,

Тауасих  ағамыздың

Алтыннан  да  артық  бағасы.

Қаншама  жылдар  кеңшарда

Директор  болып  істеген!

Ел  қамын  ойлап   күн-түні,

Машинадан  түспеген.

 

Әйгілі  Бөкей  ордада

Бірінші  хатшы  болды  ғой.

Омырауы  ағамыздың

Ордендерге  толды  ғой.

 

Қадірлейді  халқы  оны

Ұлтым  деп  соққан  жаны  тек.

Қасиетті  Бөкей  орданың

Ең  ақырғы  ханы  деп!

Хан ордасы – тұнып тұрған тарих. Көне көмбенің көзін ашып, байтақ Нарынның шөккен нардай құмды шоқылары мен шашылып түскен шағылдарының ғасырлар қойнауынан жететін сырлы үніне құлақ түріп, шағырлы бөлтектерде шаншыла өскен реликті қарағайларына қызыға қарамайтын адам сирек. Өлкенің шежіресін оймен оқи бастасаңыз, көне орданың іргесін сонау арғы ғасырдың 1826 жылы Жәңгір хан қалағанына, мұнда қазақ жерінде тұңғыш мектеп ашылғанына, тұңғыш рет банк, архив секілді ресми мекемелер пайда болып, газет-журналдар басылып шыға бастағанына қанық болар едіңіз. Сонымен бірге бұл қасиетті өлке – Исатай мен Махамбеттің, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Сейтек пен Динаның туған топырағы, қазақтың қаһарман қыздары Мәншүк пен Хиуаздың, қазақ поэзиясының тарланбозы Т. Жароковтың, академиктер А. Тайманов пен Ф. Мұхамедғалиевтің, Ғ. Бияшев пен Ә. Ыдырысовтың, тағы басқа да атағы алысқа кеткен «Нарынның нар ұлдарының» кіндік қаны тамған киелі жер екенін  мақтан  тұтар  едіңіз.

Таке 2

Бір жақсысы, бұл тарихтың келешек ұрпақ үшін қаншалықты маңызды боларын түсіне отырып, оны тиянақты түрде түгендеп, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру ісіне бастамашы болу басшы ретінде өзінің адами парызының бірі деп ұққан жас директор Тауасих Мырзағалиев, сан қилы шаруашылық мәселелерін ысыра тұрып, ауылында тұңғыш рет қоғамдық негізде мұражай ашуға тапсырма береді. Әуелбаста жергілікті орденді ұстаздар Ахметфайыз Тазетдинов пен Ғұмар Зариповтың жетекшілік етуімен басталған істің нәтижесінде бүгінде қалың жұртқа кең танымал Хан ордасындағы әйгілі тарихи-этнографиялық мұражай-қорықтың негізі қаланды. Қазір бұл мұражай – ұлттық және этнографиялық құндылықтар, тарихи ескерткіштер, деректі құжаттар, сирек экспонаттар мен материалдар жинақталған маңдайалды мәдениет мекемесі. Шынына келгенде, осы өлкенің отымен кіріп, күлімен шыға еңбектенген Тауасих ағамыз – елдің ертеңі үшін қалдырған баға жетпес бір мұрасы.

Әдетте, адам баласының бойындағы асыл қасиеттің бірі мейірімділік деп білеміз. Оны адам атаулыға деген қылаусыз сүйіспеншілік, не болмаса көңіл жайлауы кең, кісілік десе де болады. Сирек ұшырасатын әрі сонысымен де орны бөлек, ешқашан және ешқандай жағдайда тот баспайтын асыл тас секілді, өңін беріп, өзгермейтін, жағымды әрі жұғымды адами мінез. Тауасих ағамыздың бойына жаратқан иеміз осы мейірімділік пен кісілік секілді адами асыл қасиеттерді берудей-ақ берген. Бұл кісі ел басқарған кездері жұртына жасаған жақсылықтары жайында бөкейліктердің әлі күнге аңыз қылып әңгімелейтіні де содан болса керек. Халықпен қарым-қатынаста барынша қарапайым болғанын бұл күнде оның қарамағында жұмыс істегендердің немесе ол кісімен қызметтес болғандардың бәрі ризалықпен еске алады. Осыған орай аудандық газеттің бір тілшісінің естелік жазбасы еске түседі. Тауасих ағамыздың ол кезде аудан басқарып тұрған кезі. Сөйте тұра, ол ауданды аралап жолға шығар алдында аудандық редакцияға жеке өзі хабарласып, «Қайсыңыздың қолың бос, маған ілесе шаруашылықтарға шығып қайтқыңыз келсе, ала кетейін» деп шақырады екен. Әдетте, ауданның бірінші басшысы мұндай жағдайда, онда да оқта-текте, тек бас редакторды ғана ілестіретініне үйреніп қалған қатардағы жас тілшілердің сол сәттерде қаншалықты мерейленгенін түсінуге болады.

Иә, жаратқан ием бұл кісінің бойына аса қадірлі адами қасиеттерді  аямай-ақ берумен бірге, сол адами асыл қасиеттерді адамдармен арақатынаста, алақаны ашық адамдай, аямай-ақ төңірегіне тарата білген жақсы істерінің қиуазындай етіп, әдемі кәрілік те сыйлаған. Жасы жетіп, зейнетке шыққан соң, отбасы жағдайына орай Алматы қаласына қоныс аударды. Жарты ғасырға жуық қызмет атқарғанда тапқан бөкейлік дос-жарандары кейінде қалғанымен, олармен күнделікті байланыстарын үзген жоқ. Оған қоса тұрмыс жағдайына қарай осы оңтүстік астанада, не оның төңірегінде тұрып жатқан түп-тамыры нарындықтар, өздері атына қанық Бөкей ордасының «соңғы ханы» Тауасих ағаларын тез тауып, сол «көсем көкелерінің» төңірегіне тез ұйысты.

Жалпы, Алматыдағы бөкейліктер қауымы – тығыз ынтымақты орта. Жерлестік-ауылдастық жағдайында жиі араласып ғұмыр кешетін жұғысты жұрт. Ресми немесе отбасылық мейрамдарда бір-бірлерімен хабарласып, қуана құттықтасып дегендей, елжірей әңгіме оздырып, ел жақтан алған жаңалықтарын ортаға салып жатады. Міне, осындай басқосулардың барлығында жиынымыздың сәнін келтіріп, төредей болып төрімізде отыратын және ақтарыла ақ батасын беріп, аталық аманатын айтатын абызымыз – осы Тауасих атамыз. Атап айтарлығы, бұл кісі бір жиында берген батасын кейін, келесі жиында қайталамайды. Қандай ортаға және қашан келсе де, жадында жаңа батасы жаттаулы жүреді. Осы бір елеусіздеу ғана әдет-дағдысы да бұл кісінің бойындағы адами ұқыптылықтың үлгісі, жиналған қалың қауым алдында жауапкершілік сезініп, сыйластық білдірудің бір парасы, өсіп келе жатқан жастарға ғана емес, сонымен бірге халқымыздың осы бір дана дәстүрін ұстанып жүруге келгенде олақтау орта буын жамағатқа көрсеткен өнегесі деуге  лайық.

Жалпы алғанда, бүкіл бөкейлік аумағында бұл кісінің түсін түстеп, атын білмейтін жандар, сірә, жоқ болуы керек. Соған орай өзі жарты ғасырға таяу қызметте болған бұл аумақта Тәкеңнің де танымайтын адамдары тым сирек екені кәміл. Көзімізбен көріп жүрміз, оңтүстік астанада тұрып жатқан оралдықтар (негізінен алғанда, бөкейліктердің өркен жайған ұрпақтары), мәселен, Көрісу күніне не Наурыз мейрамына орай жинала қалғанда, бәрінің алдымен сәлем беріп, көрісетіні – осы Тәкең ата. Әрине, қария сәлем бере келген жастардың бәрін бірдей тани бермейді, бірақ жөн сұрастыра келгенде, олардың ата-аналарын жақсы білетінін, олармен талай жылдар бойы қызметтес болғанын еске алып, бұрынғы таныс-біліс болған жандардың екінші (мүмкін үшінші) ұрпағының көңілдерін көтеріп тастаумен бірге, өзінің де кәрі көңілі бір жадырап қалады. Сырттай қарап отырған адамға бөкейліктер бас қосатын мұндай жиындар көбіне-көп тура Тәкеңнің «жеке бенефисі» секілденіп кететіні бар. Әрине, көрген көзге сүйінішті,  тәлімді  мағынасында.

Жалпы, бұл кісі – жан дүниесі жомарт, адами даналық пен азаматтық кемелдікке жеткен адам. Өзі өмір кешкен ортасына өнеге көрсетудің үлгісі бола білген тұлға. Осы қағидамен ғұмыр кешті. Жасы келсе де, әлі де өмір сүру қарқынының белсенді ырғағынан айнымай келе жатыр. Талай жылдан бергі қалыптасып қалған дағды ғой, іштегі және сырттағы жаңалық хабарларға әманда құлағы түрік. Өзі болса, тура бұтақтарын кең жайған діңгекті бәйтерек адам: марқұм жұбайы Сәуле апамыз екеуінің Алла берген төрт перзентінен тараған немере-шөберелер, елдің батысындағы Оралдан бастап, шығыстағы Семейге дейінгі аймақтарда тұратын құда-жекжаттар, өз қатары сирегенімен, ізін басып келе жатқан ізетті інілер тобы. Солардың барлығының күнделікті амандықтарын біліп, көңіл тыншытып отыру қажеттігі тағы бар. Сондықтан да қарияның телефоны мен теледидары үнемі қосулы. Рухани серігіне айналған бір топ қазақ газеттері күн құрғатпай келіп тұрады. Кейінгі кезде сиреткені болмаса, күні кешеге дейін өзі тұрып жатқан үйінің маңайындағы М. Ганди саябағында бірер сағат серуендеп, өзі құралпы ақсақалдармен әңгіме-дүкен құрып қайтатын. Жасы келгенде кәрілікке бойұсынып жатып қалмай, өмір сүру белсенділігін сақтауға ұмтылып тұратын ағамыздың бұл ниетіне қуана қолдау білдіру ретінде біздер, жанына жақын жүрген іні-достары, әдетте, Тәкеңнің туған күндеріндегі отырыстардың соңына қарай: «Ел тілегі адамға ем болады, Ыңқыл-сыңқыл сырқаты кем болады. Жүзге келіп, тағы той жасасаңыз, Берлинді алған жеңіспен тең болады!» деп қалжың айтып  қоятынымыз  да  бар.

Сөз соңында осындай ұзақ та мағыналы ғұмыр кешкен абыз аталарымызға қатысты бір ұсыныс білдіргіміз келеді. Кешегі қиқулы жас шағында қызмет үстінде өткен жылдарын ел игілігі жолындағы адал еңбекке, адамдарға деген қалтқысы жоқ қамқорлыққа, ал қариялық кезеңін өзінің бойына сіңген мол өмірлік тәжірибесі мен жас ұлғайғанда әдемі қартая білудің үлгісін бүгінгі өскелең ұрпақтың зердесіне құюға арнаған асыл ағаларға алғыскер елі атынан, мысалы, «АБЫЗ» немесе «АҚЖАЙЫҚТЫҢ АБЫЗЫ» деген секілді құрметті атақ берсе, қандай жарасымды болар еді! Бұл сайып келгенде, жасы келген абзал қариялардың өздеріне ғана емес, ең алдымен олардың өнегелі өмір жолын үлгі ететін өскелең ұрпаққа қажет. Біздің бұл ұсынысымызды өңірдің басшы азаматтары, ардагерлер мен жастар ұйымдары, кәсіподақтар және жалпы жұрт болып қолдап, осындай ардақты атақ белгіленіп жатса, сол құрметті атаққа алғаш болып лайықталған ақсақалдарымыздың бел ортасында бүгінгі күндері 95 жасқа толып отырған халқына қалаулы Тауасих Мырзағалиев ағамыздың да аты аталса дегіміз келеді.

Баймұрат  БИСЕНОВ,

Қазақ КСР Министрлер

кеңесінің бұрынғы жауапты қызметкері,

дербес зейнеткер,

Мұхтар ҚИСЫҚОВ,

еңбек ардагері, Жәнібек ауданының құрметті азаматы,

Ғарифолла  КӨШЕНОВ,

ардагер  журналист,

Қазақстан  Республикасының 

еңбек  сіңірген  мәдениет  қызметкері,

Алматы  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале