22.01.2025, 17:15
Оқылды: 419

Үшкемпір мен Спартакқа газ құбыры тартылады

Бүгінде елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жоба-жоспарлар жайында хабардар болу үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйға хабарластық.

Оның мәлімдеуінше, 2024 жылы облыс құрамындағы елді мекендерді газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Есесіне, өңір тұрғындарын газбен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасақтау бойынша біраз шаруа атқарылған.

газ (2)

– Қазіргі таңда көгілдір отынсыз отырған 5 елді мекенді газдандыру бойынша 4 жобалық-сметалық құжаттама дайын. Осы құжаттамалар негізінде алдағы уақытта Жаңақала ауданының Аққұс, Үшкемпір ауылдары, Тасқала ауданының Өркен ауылы, Бәйтерек ауданының Спартак ауылы, Ақжайық ауданының Қадырқұл ауылы газбен қамтылатын болады. Сонымен қатар көршілес Ресейдің газ құбырларына жалғану арқылы газдандырылған 4 елді мекен бар. Олар – Бәйтерек ауданының Раздольный ауылы, Жәнібек ауданының Талов, Борсы, Қамысты ауылдары. Бұл ауылдарды жергілікті газ құбырларына жалғау арқылы газдандыру бойынша 2 жобалық-сметалық құжаттама дайын. Әзірге аталған жобаларды жүзеге асыруға қаражат бөлінген жоқ, – деді Мирас Рүстемұлы.

газ (4)

Сурет: сайт архивінен

Басқарма басшысының баяндауынша, жалпы газдандыру жобаларын жүзеге асыруға ең қажетті материалдың бірі – полиэтилен газ құбырлары. Өңірімізде аталған материалдарды шығаратын бірнеше кәсіпорын бар.

– Жобаларды жүзеге асыруға материал жеткілікті. Бұл жағынан мәселе жоқ деуге болады. Жалпы, елді мекендерді газдандыру барысында айтарлықтай кедергілер туындамайды. Қолданыстағы жерасты желілерімен қиысу – инженерлік желілерді тартудағы өзекті мәселенің бірі. Алайда қазіргі кезде газ құбырларын тарту жұмыстары облыс орталығынан шалғай ауылдардың аумағында жүргізілетіндіктен,  бүгіндері әлгі мәселемен бетпе-бет келе бермейміз, – деді Мирас Мүлкәй.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс бойынша елді мекендерді көгілдір отынмен қамту 99,7 %-ды құрайды. Орал және Ақсай қаласына табиғи газ толық тартылған. Өңірімізде 413 елді мекен бар. Бүгінде соның 366-сы газбен қамтамасыз етілген.

 

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале