Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің конструкторлық бюросы жаңа инновациялық құрылғы жасап, сынақтан өткізді.

Аталған ЖОО-ның ақпараттық орталығының директоры, техника ғылымдарының магистрі Закир Хамзиннің айтуынша, 2011 жылы конструкторлық бюро құрылып, жұмысын бастады. Содан бері оқу орнында инновациялық бірнеше жоба жүзеге асырылды. Қазақстандағы ең алғаш күн панелі орнатылған электромобиль «ВАЗ-2106» көлігінің қаңқасын пайдаланып құрастырылды. Одан кейін «Ока», ерекше дизайндағы «SolarX» электромобилдерін университеттің аға оқытушылары, ғылыми қызметкерлері және студенттері бірігіп жасап шығарды.
– 2022 жылы ғаламторға Қазақстан әлем елдері арасынан криптовалюта өндіруден АҚШ-тан кейін 2-орында деген ақпарат жарияланды. «Осы саланың майталмандары Қытай, Сингапур емес пе, неге олар 2-орында емес?» деген сұрақ туды. Мұны өз бетімізше зерттедік. Аз шығынмен көп пайда табу – майнингтағы ең негізгі мәселе. Ойлана келе, оқу орнында майнинг фермасы құрастырылып, үш зертхана үш факультетке бекітілді. Құқықтану факультеті полиция департаментімен тығыз әріптестік байланыс орнатты. Жалпы, қылмыстың 47-50%-ға жуығы пара беру, есірткі тарату және тағы басқа қылмыстарды қаржыландыру криптовалюта арқылы жүреді. Мысалға, Қазақстаннан 10 мың долларды алып, шетелге шығуға рұқсат етілсе, криптовалютаны барған еліңізде қолма-қол миллиардтаған ақша етіп ала аласыз. Оқуға келген 18 жастағы студенттерге ойнап жүріп, от баспасын деп криптовалюта туралы жан-жақты түсіндіреміз. Мынадай қылмыстық әрекеттерге мынадай заңды жаза қолданылады деп ақпарат береміз, – деді өз әңгімесінде ақпараттық орталық директоры.
Келеңсіз жағдайлардан студенттерді қорғау үшін құқықтану факультетіндегілер түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен меморандум жасаған. Соның аясында түрмедегілерге концерттік бағдарламамен барып, жастарға түрменің тіршілігін көрсетеді. Құқықтық сауаттылықты өмірдегі нақты мысалдармен оқытады. Техникалық пәндер факультетінде теорияны оқытып қоймай, іс жүзінде майнинг фермаларды, конструкторлық бюродағы жұмыстарды қолмен жасап көрсін деген бағытта зертханаларды орналастырды.

Майнинг фермаға қатысты үшінші экономика факультеті университеттің жаңа жобасын жүзеге асыруда. «КазИИТУ-коинг» криптовалютамызды жасақтап, университет ішінде айналымға шығарды. Оны студенттер асханаға, жаттығу залына, яғни ішкі шағын нарыққа төлем есебінде пайдаланады. Биржа бар. Қаңтарда шәкіртақы түспей кешіккен кезде, криптовалюта сатылымға көп шығарылады. Оқу бітірген жастар өздерінің криптовалюталарын басқа студенттерге сатып кетеді. Өздерінің биржасынан «КазИИТУ-коинг» бағасы неліктен өсті, неге төмендеді деген сауалдарға жауап іздеп, тәжірибе жинақтайды. Мұндай жобалар университет құрылтайшысы есебінен қаржыландырылады. «Б.Т.-1» жобасы (Мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов құрметіне аталған) ауадан су алуға бағытталған. Мысалға, сыртта салқын, іште ыстық ауа болғанда терезе әйнегі терлейді емес пе?! Бір шағын күн панелінің көмегімен конденсат есебінен ауадан тәулігіне 200 миллилитр су жинайды. Еліміздегі тамшылата суару әдісі ізімен жаңа суару жүйесі жасақталды. Мұнда су сыйымдылығы, құбырлар қажет болмайды, өйткені әр түп ағашқа бір-бір құрылғыдан қойылады. Бұл әдісте де күн панелі пайдаланылады. Ресейдің астанасы Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми көрмеде осы жоба ТМД елдері арасынан 1-орын алды. Экология кафедрасында гидропоника құрылғысы бар.
Ондағы өсімдіктерге «Б. Т.-1» жобасы бойынша өндірілетін суды бір рет құйып, әрі қарай суармауға болады. Оны әрі қарай жетілдіру жұмыстары жалғастырылуда.
Конструкторлық бюродағылар антидронды ойлап тапты. Өнертапқыштар оны геосаяси жағдайға байланысты жасаған жоқ. Бұған дейін университетте смарт-киіз үй жабдықталды. Оны шалғайда мал бағатын ағайындарға қолайлы жағдай туғызу үшін қолға алды. Қарап тұрсаңыз, оқу ордасының өзінің күн панелінен қуат алатын электромобилі, су өндіретін стансасы, малды қарайтын коптері, бір электр шамы көмегімен 47 шаршы метр үйді (смарт-киіз үйді) жылытатын жүйесі бар. Осының барлығы малшы тірлігін жеңілдетеді емес пе?! «Мал бағып отырған жеке аумаққа немесе егістікке коптер ұшып кіреді. Кей коптердің қандай ниетпен келетінін білмейсіз ғой. Сондықтан осыған қарсы құрылғы ойлап таптық», – деді Закир Хамзин. Оның сөзінше, конструкторлық бюро мамандары антидрон жасау радиоэлектронды бұғаттау технологияларын пайдаланған. Бұл құрылғы 7 шақырым жердегі дронды «сезіп», белгі береді. Әдетте дрондар 2-3 шақырым биіктікте ұшып, көзге көрінбейді. «Антидронның монокулярлы нысанасымен дронды тауып, радиоэлектронды толқындар арқылы 12 секундта дрон мен оның иесі арасындағы байланысты үзеді. Осылайша дрон жерге қонақтайды. Ал диапазоны басқа болса, онда жерге құлайды. Антидрон құрылғысын жетілдірудеміз. Бөгде дрондарды құлатпай, джойстигімізге бейімдеп, қолдануға болатындай етіп жасақтадық», – деді Закир Ұлықбекұлы.
Жаңа құрылғыны көрмекке қаладағы кәсіпорындар өкілдері, шекарашылар келген. Кейбір мемлекеттік құрылымдар тарапынан да қызығушылық бар. Антидрон сынақтан өткізілген. Өздерінің екі ұшқышсыз аппаратын құлатты. «Біз мұндай құрылғыны жасап, оны сатып, пайда көрейін деп отырғанымыз жоқ. Бастысы университетіміздің студенттері, қазақтың қара балалары мұны жасады. Енді оны әрі қарай жетілдіремін дейтіндерге қарсы емеспіз. Әйтеуір, елге бір пайдасы тиетін болса...» – дейді Зәкір Хамзин.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»