Бүгін Сырым ауданында жаңадан салынған колледж жатақханасы салтанатты түрде ашылды.

Көктемгі су тасқыны кезінде Сырым колледжінің 1968 жылы бой көтерген көне жатақханасы да зардап шегіп, тұруға жарамсыз боп қалған еді.

Бүгін пайдалануға берілген жаңа ғимарат— студенттердің білім алуы мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған зор қадам болды.

Тек студенттердің емес, күллі сырымдықтардың қуанышына сеп болған жатақхананың ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы су жаңа нысанмен тұрғындарды құттықтады.

— Бүгін колледж үшін ғана емес, осында білім алып жатқан студенттер үшін тарихи күн. Батыс Қазақстан облысында 35 колледж бар. Сырым ауданында орталығында бой көтеріп, келбеті мен сән-салтанаты келісіп, барлық жағдайы жасалған бұл жатақханада жастарымыз еш алаңсыз білім алады. Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы жылы» деп жариялады. «Жұмысшы жылында» кәсіптік-техникалық мамандықтарды даярлайтын білім ордаларына барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Өңірдегі 35 колледждің 10-ы «Жас маман» бағдарламасы аясында соңғы үлгідегі, бүгінгі заман талаптарына сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Өңірдегі басқа да колледждерді облыстық бюджет қаржысымен біртіндеп жабдықтаймыз. Бүгінгі ашылған жатақханада балалардың білім алып қана қоймай, спортпен шұғылдануына, кітап оқуына, акт залда шаралар өткізуіне мүмкіндік жасалған. Колледж 1959 жылы ашылған болса, бүгін жаңа дәуір, жаңа заманда керемет жатақ үйі пайдалануға берілмек. Құрылысты жүргізген «Тасқала Транс Газ» ЖШС-ға алғысым зор, - деді Нариман Төреғалиұлы.

ҚР Құрметті спорт қызметкері, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі төреші, ардагер ұстаз-спортшы, Сырым колледжін 12 жыл басқарған Санат Берсебаев құттықтау сөз сөйледі.
30 орындық студенттер үйінің құрылысын мердігер «Тасқала Транс Газ» ЖШС жүргізді. Ғимараттың жалпы алаңы 1179,2 шаршы метр. Жоба құны — 647,8 миллион теңге.
Жаңа жатақхананың лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ҚР Құрметті спорт қызметкері Санат Берсебаев қиды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
