11.02.2025, 15:45
Оқылды: 276

Жас сайлаушылар форумы

Дүниежүзілік  сайлау  күні  қарсаңында  Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да облысымыздың  жас  сайлаушыларының  форумы  өтті.  Форумның  мақсаты  –  жастардың  назарын  сайлау  үдерістерінің  өзекті  мәселелеріне  аудару,  олардың  сайлау  белсенділігі  мен  құқықтық  мәдениетін  арттыру.  Ауқымды  іс-шараға  атқарушы  құрылым  басшылығы,  облыстық  мәслихаттың  төрағасы,  сарапшылар,  қоғамдық  ұйым  көшбасшылары  мен  студенттер  қатысты. 

DSC05989 

- Сайлау – жай ғана формалды жиын емес, ол – азаматтық қоғамның демократиялық негізін қалыптастыратын маңызды үрдіс. Ең бастысы, бұл – әрбір азаматтың үлкен күшке ие екенін еске салатын сәт. Жастардың сайлауға қатысуы, яғни дауыс беру үрдісі елдің болашағын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бүгінгі таңда біздің облыста 448 мыңнан астам сайлаушы бар, оның ішінде 186 мыңнан астамы – жастар. Әрбір 18 жасқа толған азамат сайлауға қатысуға, дауыс беруге және өзі де  сайлануға  құқылы.

Жыл сайын облысымызда сайлаушылар саны артып келеді. Жастардың сайлауға белсенді түрде қатысуы – олардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін сезінгенінің айқын белгісі. Әр азамат сайлау арқылы өз көзқарасын білдіріп, елдің дамуына ықпал етеді. Сайлау – өз еліңді басқаруға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Дүниежүзілік сайлау күнімен баршаңызды құттықтаймын! – деді облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.

Бүгінде өңір жастарының әлеуеті өте жоғары. Себебі  жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында облыста бірнеше кешенді жоба іске асырылуда.

– Азаматтардың саяси сауатын арттыру, демократиялық құндылықтарды дәріптеу – маңызды міндет. Осы орайда қоғамның қозғаушы күші саналатын жастардың рөлі зор.  Жастар саясаты жобасын қолға алып, бұл жұмыстарды күшейту керек. Жастар арасынан көшбасшыларды анықтап, сол арқылы оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Яғни қоғамдық ұйымдарға жастарды белсенді түрде тартқан жөн. Олар қандай мамандық алып шықса да, бүгінгі студенттер –  ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтар, – деді облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев.

Бүгінде халық жергілікті мәслихат депутаттарын ғана емес, қала, аудан әкімдерін де тікелей сайлайды.

– 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін халық тікелей сайлау құқығына ие болды. Сол төрт жыл-дық өкілеттік мерзім аяқталып, биыл 50 ауылдық округте ауыл әкімдерінің сайлауы өткізіледі. Сонымен қатар наурыз айының соңында мәслихаттан шығып қалған депутаттардың орнына да сайлау жүргізіледі. Бұл істе міндетті түрде жас белсенділер қажет, яғни олардың сайлауға келіп, өз таңдауларын білдіруі аса маңызды, – деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы  Әділ  Жоламанов.

Өңір жастары сайлауға бей-жай қарамай, азаматтық белсенділігін танытып келеді. Іс-шара соңында маңызды науқанды ұйымдастырып, сайлауды өткізуге атсалысып жүрген жас белсенділер марапатталды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале