Ауғанстандағы соғыс – дәуір шежіресінің ең қасіретті беттерінің бірі. Ол соғыс ардагерлерінің ғана емес, барлық кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі қалады. Ақпан айының 15-сі күні ел 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлерге құрмет көрсетеді. Бұл қаза тапқандарды еске алу ғана емес, сонымен қатар өзінің әскери және халықаралық борышын адал әрі батыл атқарған тұлғалардың барлығына шынайы ризашылық пен алғыс білдіру.
Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. Осы орайда кеше аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жәнібек ауданы бойынша шекара қызметінің сержанты, әнші-композитор Қуат Ахметовтың шығармашылық ән кеші өтті.
Әуелі жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Рәсімге аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов аудандық полиция бөлімінің бастығы Мейрамхан Бапахов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері мен шекара қызметкерлері қатысты. Гүл шоқтары қойылып, жауынгерлердің рухына тағзым етілді.
Кейін аудан тұрғындары мен кеш қонақтары аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әзірлеген көрмемен танысты.

Жиын басында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бауыржанұлы еліміздің болашағы мен тыныштық пен бейбітшілікті қорғап, аяусыз еңбектерін атап өтіп, Ауған соғысының қиын жылдарында көрсеткен батырлық, тұрақтылық пен жауапкершіліктері үшін Қазбек Әбдрешевке, Берік Асановқа, Кәрімжан Аткешовке, Тимур Ғиззатовқа, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері Қисмат Бексейтовке, Нұрлан Қадешовке , Бахытжан Калжиковке, Айбек Қисметовке, Алмат Молдағалиевке, Ақболат Хамитов пен Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Ерғали Аймырзаев пен әнші-композитор Қуат Ахметовке аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхаты мен естелік сыйлықтарын табыс етті.
Ел іргесінің беріктігі мен тыныштығы шекара қызметкерлерінің қолында екенін атап өткен Ерғали Әділбекұлы құттықтау сөз сөйледі.
-Сіздерді Ауғанстан мемлекетінен шектеулі контингент әскерлерін шығару күнімен шекара басқармасы басшылығы тарапынан және жеке құрам атынан шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке біздің ардагерлеріміздің қазіргі шекарашыларға және жасөспірімдерге Отанына қызмет етудің даңқты дәстүрлерінің терең байланысын білдіреді. Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығын қорғағаны үшін ардагерлерге алғысымыз шексіз. Барлығыңызға амандық пен табыс тілеймін. Ерліктеріңіз ел есімінде, шекарамыз берік, еліміз аман болсын! -деді шекара бастығы.
Кеш шымылдығы «Көзайым» би ансамблінің орындауындағы «Аманат» хореграфиялық қойылымымен ашылды.
Айта кетер болсақ, 1978 жылы Батыс Қазақстан Обылысы Орал қаласында дүниеге келген Қуат Ерқанатұлы 2005 жылдан бері шекара қызметінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс жасап келеді. 40-тан астам авторлық әні бар, соның жиырмасы шекараға арнаған. Кеш барысында оның патриоттық сезімге, өз қызметіне деген сүйіспеншілікке толы рухты әндері шырқалды.
Ән кешінде Қуат Ахметов «Теңіз вальсі», «Служактарым», «Портрет», «Жәнібек шекара жасағы», «Мир», «Ана» сынды әндерін өзі орындаса, шекара қызметкерлері Ержан Ғизатолла, Бағдат Биғалиев, Мейрамбек Шайдуллин мен Сағынат Ахметов композитордың әндерін шырқап, көрерменің қошеметіне бөленді.
Кеш барысында Ерғали Әділбекұлының сөзіне жазылған «Шекарашы мырзалар» әні шырқалды.
Осылайша Қуат Ерқанатұлы, Сағынат Ахметов, Бағдат Биғалиев «Елімізді қорғаймыз біз» әнімен патриоттық сезімге, өз қызметіне деген сүйіспеншілікке толы ән кешін қортындылады. Шекара қызметінің ардагерлері Қуат Ахметовты құттықтап, естелік сыйлық беріп, шығармашылық табыс тіледі.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы