11 ақпаннан 18 ақпанға дейінгі аралықта картоп бағасы 0,4%-ға төмендеген. Мұндай жағдай соңғы 19 апта ішінде алғаш рет орын алып тұр, - деп жазды Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы.

Сурет: сайт архивінен
Картоптың қымбаттауы қазанның үшінші онкүндігінде басталған болатын. Алғашында баяу өсіп отырды, жеті күнде +0,4%. Алайда кейінгі апта сайынғы өсім, көбінесе, 1%-дан жоғары деңгейді ұстап тұрды. Шарықтау шегіне 28 қаңтарда жетті, 21 қаңтардан сол уақытқа дейінгі аралықта баға бірден 8,3%-ға өсті.
Бұл жағдайды үкімет көрші елдерден, әсіресе Өзбекстан тарапынан картопқа деген сұраныстың артуымен байланыстырды. Осыған орай, 28 қаңтардан бастап жарты жылға картоп экспортына тыйым салынды (тек ЕАЭО елдеріне мұндай шектеу қойылмады).
Бүгінде үкіметтің мәлімдеуінше, ерте өнім шыққанға дейін картоп қоры жеткілікті.
Картоп бағасының төмендеуіне қарамастан, жалпы ӘМАТ бір аптада 0,4%-ға қымбаттаған. 19 тауардың 11-інің бағасы өскен. Ең көп қымбаттағаны – қырыққабат, +4,2%.