Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында аудан орталығында мемлекеттік грант иегерлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты - мемлекеттің қолдауының нәтижесінің ауыл тұрғындары шағын кәсіпкерлікпен айналысып, өнім өндіріп, қызмет көрсетіп отырғанын көрсету және өңімдерін, қызметтерін көпшілік назарына ұсыну, олармен серіктестік орнатуға мүмкіндік туғызу.

Жәрмеңкеге ауылдық округтардан 20 грант иегерлері қатысты. Олардың ішінде сұлулық салонын, IT сервис орталығын, тігін, тіс емдеу кабинеттерін, шелкография, баспа, кондитерлік жартылай фабрикаттар өнімдері, пластик терезе және есік, москит торлар өндірістерін ашқандар бар. Сондай-ақ жылыжай ісіне, автосервис қызметіне, мал мен құс шаруашылықтарына ден қойғандар да келді.
- Осыдан үш жылдай бұрын грант алғандардың көпшілігі мемлекеттің қолдауын өздерінің жеке мақсаттарына қолданғанын байқағаннан соң, бұл бағытта қатаң талап қоя бастадық. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз. Мемлекеттің қолдауына еңбексүйгіш азаматтар ие болғанын көргеніме қуаныштымын. Сөйтіп түрлі саладан орындарын тауып, елге де, өздеріне пайда тигізуде. Арасында көпбалалылар да бар. Мемлекеттің берген көмегі қомақтылау болмаса да, бір істі бастап кетуге мүмкіндік берері анық. Адам орташа есеппен 65 тағамның түрін тұтынады екен. Жұмыртқадан бастап есептесек, барлығын дерлік сатып аламыз. Ауылда тұрғаннан кейін олардың біразын өзіміз өнімдіруге мүмкіндік жоқ емес. Соны пайдалансын деп мемлекет тарапынан грант, жеңілдетілген несиелер берілуде. Көпшлілік соларды пайланғысы, еңбек еткісі келмейтіні өтірік емес. Содан келіп тұтынушы көбейеді. Бұл азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне алып келеді. Сол себепті ауылшаруашылық саласына берілетін қайтарымсыз грант пен "Ауыл аманаты" секілді бағдарламаларға қатысып, бақсынап көруден қорықпай қажет. Грант алып, еңбектеніп жатқан жандарға табыс пен береке тілеймін,- деді іс-шараны ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов.

Осынау іс-шараға арнайы келген БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама басқармасының «Еңбек» мобильділігі орталығынң директоры Саян Баймұқанов бәйтеректіктердің бұл бағыттағы жұмысын жоғары бағалап, осынау іске ұйықты болып жүргені үшін аудан әкіміне алғысын білдірді. «Біз Бәйтерек ауданында жолға қойылған жүйелі жұмысты өзге аудандарға үлгі ретінде ұсынатын боламыз,-деді Саян Қуанышұлы.- Өткен жылы облысымызда 389 азамат қайтарымсыз грантқа ие болды. Олардың 26-сы бәйтеректіктер. Биыл 395 батысқазақстандық грант алады деп жоспарланып отырса, олардың 40-ы Бәйтерек ауданының тұрғындары болмақ».

Жәрменкеге жиналған жұртшылық ұсынылған өнімдерді алып, олардың сапасына жоғары баға беріп, көрсетілетін қызметтермен кеңірек танысты.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы