Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Қоғамдық келісім – тәуелсіздік негізі» тақырыбында Бөрлі аудандық қоғамдық келісім кеңесінің ІІ форумы болып өтті.
Форумға Бөрлі аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Бақтыгүл Окаева төрағалық етіп, Бөрлі аудандық мұсылмандар мешітінің имамы Мейрамбек Әбдірахманов және аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық келісім кеңесі және аналар кеңесінің мүшелері, этно-мәдени орталық өкілдері, қоғамдық медиаторлар, жастар қатысты. Аталмыш форум қоғамдық келісім кеңесінің белсенді мүшесі болған, жақында ғана өмірден өткен ауданның құрметті азаматы Мұхтар Бокаевты бір минут үнсіздікпен еске алып, жұмысын бастады.
Алғаш боп сөз алған қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Бақтыгүл Окаева кеңестің атқарған жұмыстары туралы баяндады.
«Тәуелсіздік жылдары тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын қамтыған ұлтаралық және дінаралық келісім мен төзімділіктің қазақстандық үлгісі пайда болды. Отбасы бірлігі мен татулығы Отанымыздың қуаттылығы мен абыройын арттыра түсті. Қоғамдық келісім кеңесі 2013 жылы құрылып, кеңестер ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Аудан бойынша 1 аудандық, 14 ауылдық округтерде, 6 кәсіпорында, 2 қала мектебінде қоғамдық келісім кеңестері құрылып, жұмыс жасауда. Кеңес мүшелері ортақ табысты баянды етуде, алтын бесік - ауылымызды көркейтуде, адамдар арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруда» - деді Бақтыгүл Әлиқызы. Сонымен қатар форумда облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жамал Ихсанова, «Қоғамдық келісім» мекемесінің бас медиаторы Талшын Италиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова және ауылдық окрутердегі қоғамдық келісім кеңесі басшылары сөз сөйлеп, медиация және қоғамдық келісім кеңестерінің атқарып жатқан жұмыстарына кеңірек тоқталып, ауданымыздағы ел игілігі үшін жасалған істерге оң баға берді. Ал жарыссөзге шыққан аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ғалия Баймұқашева болса, форумға қатысушыларға тұрғындарды жұмыспен қамту барысын баяндады. Сала басшысының сөзінше ауданымызда экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 33597 адам болса, жұмыссыздардың саны 1375 адам, соның ішінде жұмыспен қамту органдарына ресми тіркелген жұмыссыздар саны 306 адам, тіркелген жұмыссыздық деңгейі 0,9% құрайды. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына 1109 жаңа жұмыс орындары ашылып, соның ішінде 503-і тұрақты жұмыс орындары. Биылғы жылы Бөрлі ауданында кешенді жоспар жасақталып, 1 қарашасына 1652 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған екен.
Жиында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Өрлен Бисенов аудан жастарының қоғамдық келісім кеңесімен бірлесіп жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жиын соңында форумның қарары оқылып, жиынға белсене қатысқандар аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Өтегеновтың алғыс хатымен марапатталды.
Аталмыш форум аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Форумға келушілер әр шебердің қолынан шыққан тамаша туындыларға тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.
Айым Нұрғалиева