27.02.2025, 11:45
Оқылды: 567

Виктория Бакаушина: «Мен қазақ тілінде ойлаймын, армандаймын...»

Виктория Бакаушина  2003  жылы  3  желтоқсанда  Теректі  ауданының  құрамындағы  Ақсуат  ауылында  дүниеге  келген.  Сондағы жалпы орта білім беретін мектепте  оқыпты.  Бүгінгі  таңда  М. Өтемісов атындағы  Батыс  Қазақстан университеті филология факультетінің 4-курс студенті. Қазақ  тілін  өте  жақсы  біледі.  Мемлекеттік  тілдің  қолданылу  аясын кеңейту  және  оны  насихаттау  бағытында  ұйымдастырылған  көптеген  байқауда  жүлделі  орындарға  ие  болған.  Жақында  Виктория  Михаилқызымен  туған  жер, отбасы,  тіл  тақырыптарында  әңгімелесіп,  мақсаттары  туралы  сұрадым.

2d85d0d8-ab4d-4c14-9538-80c344ba5683

- Туған жер – әр адамның жүрегінде. Ол – алғашқы қадам басқан қасиетті топырақ, бала күнгі асыр салып ойнаған аула, жан жылуын сыйлаған қара шаңырақ. Оның әр тасы, әр соқпағы қымбат. Туған жер – өткеніңнің куәсі, болашағыңның негізі. Қайда жүрсең де, ұмыта алмайсың.

Өйткені туған жер – жаның, рухың, болмысың. Ата-анам мені әрдайым қолдап, мейірімін аямай, жақсы адам болып қалыптасуыма үлес қосты. Әкем Михаил – байсалды, ақкөңіл, кеңпейілді жан еді.

Ал анам Нұржамал – мейірімді, қолы ашық, әрдайым көңілді жүретін. Ағам Алексей – әскери қызметкер, оның ерік-жігері мен тәртібі маған үлгі. Әпкем Әлия қаржы саласында жұмыс істейді. Ол мені жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен шабыттандырады. Ата-анамыз өмірден өтсе де, бізге берген тәлім-тәрбиесі мәңгі есімізде. Қазір нағашы әжеммен бірге тұрамын, ол да маған ақылын айтып, қолдау көрсетеді. Отбасыма қарап, мейірімді, адал, еңбекқор болуды үйрендім. Ұлтым орыс болса да, қазақтың мәдениеті мен өнеріне деген құрметім ерекше, – дейді Виктория Бакаушина.

Кейіпкеріміздің қазақ тілінде ойын еркін жеткізуі, сөз сабақтауы қуантқаны рас. Ол өте сабырлы, салмақты. Мектепте әр пәнге асқан жауапкершілікпен қарап, бар ынта-ықыласымен оқыды. Әрдайым білімге ұмтылып, үздік оқушылардың қатарында болды. Мұғалімдер де оның қабілетін жоғары бағалады. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін қатты ұнатты. Пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Бұл тек оның білімінің ғана емес, еңбегінің, талпынысының жемісі еді. Ол түрлі жарыстарға өз-өзін жан-жақты дамыту үшін қатысатын. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылатын байқауларда қазақша өлең оқып, ән салып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Жеңіске жеткен сайын ата-анасы, ұстаздары, жақын достары риясыз қуанып, ақ жол тіледі. Ұстаздары қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығын байқап, ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар берді. Викториядан «Балалық шақтағы мәңгі ұмыта алмайтын естелігің бар ма? Мектептегі достарың қандай еді? Олардан не үйрендің?» деп сұрап  едім,  ол  ақтарыла  жөнелді.

– Балалық шақ – өмірдің ең шуақты, ең алаңсыз кезеңі. Сол шақтан естелік болып қалған әрбір сәт жүрек түкпірінде мәңгі сақталады. Мен үшін бөле әпкелеріммен өткізген күндер – ұмытылмас естеліктердің бірі. Демалыс сайын ата-әжеміздің үйіне жиналып, өзімізше бір ерекше әлемге енгендей болатынбыз.

Сол күндердегі шат күлкі, асыр салып ойнаған сәттер – әлі күнге дейін көз алдымда. Түнде бір көрпенің астына тығылып алып, әжеміздің ертегілерін тыңдап, бір-бірімізге сыбырлап әңгіме айтып, тәтті ұйқыға кететінбіз. Балалық шақ – қайтып келмейтін, бірақ ешқашан ұмытылмайтын ғажайып әлем. Ал мектептегі достарыммен бірге сабақ оқып, ойнап-күліп, өмірдің алғашқы сынақтарынан өттік. Әрқайсысының өзіне тән мінезі, қызығушылығы болды. Бірақ бізді ортақ естеліктер, шынайы достық байланыстырды. Бір-бірімізге демеу болдық. Достарымнан көп нәрсе үйрендім. Бірі өмірге жеңіл қарауды, әр сәттен ләззат алуды үйретсе, бірі шыдамдылық пен төзімділіктің маңызын көрсетті. Кейде сәтсіздіктерден сабақ алдық. Олармен бірге өткізген жылдарда менің өмірге деген көзқарасым кеңейді. Ең кереметі – біз әлі күнге дейін бір-бірімізді ұмытпай, қуанышты сәттерде жүздесіп тұрамыз. Бұл – шынайы достықтың белгісі, – дейді  Виктория  Михаилқызы.

Кейіпкеріміз қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқиды. Соның ішінде көркем әдебиетті қатты ұнатады. Әңгіме барысында Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкей шығармаларын жиі оқитынын, олардың туындыларында адам жанының нәзік иірімдері шебер суреттеліп, терең ойға жетелейтінін жеткізді. Оған қоса, өмірдің мәні, тағдыр туралы, сондай-ақ табиғат пен адамның рухани байланысы шебер  жазылатынын  айтты.

– Оралхан Бөкейдің «Атау кере», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Қар қызы» сияқты туындылары жаныма жақын.

Әсіресе, адам болмысының күрделілігі мен өмірдің өткіншілігін философиялық тұрғыда беруі ерекше әсер қалдырады. Ал Дулат Исабековтің әңгімелері мен повестері қоғамның шынайы көрінісін бейнелейді. Оның «Гауһартас», «Қарғын», «Тіршілік» сияқты шығармалары түрлі тағдырлар жайлы сыр шертеді. Жалпы қазақ тілі – мен үшін жай ғана пән немесе қарым-қатынас құралы емес. Мен қазақ тілі арқылы қазақ әдебиетімен сусындадым, қазақтың бай мәдениеті мен тарихын таныдым. Мектеп табалдырығында қазақ тілі мен әдебиетін ерекше жақсы көрдім, оны үйренуге талпындым. Пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алғаным – осы тілге деген сүйіспеншілігімнің нәтижесі. Қазақша өлең оқып, ән шырқауым да – менің тілге деген құрметімнің белгісі. Қазақ тілі менің өмірімде тек білім ретінде емес, жанымның бір бөлшегі ретінде орын алды. Ол маған жаңа мүмкіндіктер ашты, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне жақындауыма септігін тигізді. Мен бала кезімнен бастап қазақша сөйлеп өстім. Бауырларыммен, достарыммен, айналамдағы адамдармен тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасадым. Қазақ тілі – мен үшін жай ғана тіл емес, өмірімнің ажырамас бөлшегі. Мен қазақ тілінде ойлаймын, армандаймын, – дейді Виктория  Бакаушина.

Ол биыл университтегі оқуын тәмамдап, диплом алып, маман атанады. Алдағы уақытта магистратураға түсіп, қазақ тілін тереңірек зерттегісі келеді. Ұлттық құндылықтарды әлемге таныту мақсатында ғылыми ізденістермен айналысып, осы салада кәсіби деңгейде дамуды көздеп отыр. Білім беру және зерттеу саласында еңбек етуге құлшынып жүр. Ол университетте оқытушы немесе ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеп, қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосқысы келеді.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі қазақ мәдениетін дәріптейтін жобаларға қатысып, тіл мен әдебиетті кеңінен  насихаттауды  жоспарлауда.

– М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті – беделді оқу орындарының бірі. Бұл университетте білікті ұстаздар дәріс оқиды. Филология – тек тіл үйрену емес, ол мәдениет, тарих, ұлттың рухани байлығы. Студенттік жылдар – білім мен ізденіске толы ерекше кезең. Жаңа орта, жаңа достар, ұстаздар – бәрі де маған ерекше әсер етті. Университетте тек мамандық бойынша білім алып қана қоймай, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Уақыттың қадірін түсіндім, өз бетімше шешім қабылдауды үйрендім. Қиындықтар мен сынақтар шыдамдылыққа тәрбиеледі, – дейді  кейіпкеріміз.

Виктория университте өткен төрт жылында жан-жақты дамуға ұмтылды және өз мамандығын дұрыс таңдағанына көз жеткізді. Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімін тереңдетіп, түрлі ғылыми жобалар мен байқауларға қатысты.

Оқу барысында зерттеу дағдыларын жетілдіріп, шығармашылық қабілетін дамытты. Сонымен қатар университетте ұйымдастырылған іс-шараларға белсене араласып, жаңа достар тауып, тәжірибе жинады. Өзін еркін әрі сенімді сезінуді үйренді. Ең бастысы, мамандығын сүйіп, болашағын айқын елестете бастады.

– 1 наурыз – Алғыс айту күні есіме ең алдымен нағашы әжемді түсіреді. Ол әрдайым қамқор болып, қолдау көрсетіп келеді. Оған деген ризашылығым шексіз. Сонымен қатар ата-анама, ұстаздарыма, достарыма алғыс айтар едім. Ата-анам маған өмір сыйлап, дұрыс жол көрсетсе, ұстаздарым білім беріп, рухани дамуыма ықпал етті. Ал достарым қолдау білдіріп, қуанышты бірге бөлісіп келеді. Менің өміріме әсер еткен жандар көп. Соның бірі мектептегі ұстазым – Сания Ахметкәрімқызы. Ол қазақ тілі мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігімді оятты. Сол кісінің арқасында қазір қазақ тілінің жанашыры болып жүрмін. Алдағы уақытта қазақ тілін зерттеп, ұлттық құндылықтарды әлемге таныту жолында еңбек еткім келеді, – дейді өзі де, сөзі де салмақты Виктория.

Мәрлен Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале