Кеше Жалпақтал ауылының Мәдениет үйінде 1 наурыз — «Алғыс айту күні» мерекесіне орай Жалпақтал модельді кітапханасы мен Мәдениет үйі қызметкерлерінің бірлесе ұйымдастырған «Алғысым шексіз» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Айтулы шараға Жалпақтал ауылында тұратын өзге ұлт өкілдері атынан Валентина Мазгутова (мары халқының өкілі), Баймұрат Касумов (әзірбайжан халқының өкілі), Ирина Винник (украин халқының өкілі), Марина Васильева және Надежда Нигимова (орыс халқының өкілдері), Райля Зайкова және Гаяз Мазгутов (татар халқының өкілдері) құрметті қонақ ретінде арнайы шақырылып құрмет көрсетілді.
Бірлік пен мейірімділікке негізделген мерекелік шарада Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков, ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешев, аналар Кеңесінің мүшесі Ардақ Бөргелова сөз сөйлеп, меймандарды алғыс айту күнімен құттықтады.
2016 жылдан бері аталынып келе жатқан «Алғыс айту күні» мерекесі — еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты, өзара құрмет пен қолдауды дәріптейтін маңызды мереке. Осынау ізгі шара барысында бір-бірімен қуана қауышып, арқа-жарқа күй кешкен Жалпақтал ауылында тұратын өзге ұлт өкілдері өздеріне барлық жағдай жасап, сонау ықылым заманнан бері ата-бабалары мен өздеріне толыққанды өмір сүруге мүмкіндік берген қазақ халқына өз ризашылықтарын білдіре отырып, туған жері Жалпақтал ауылын шын жүректен сүйетіндерін мақтанышпен жеткізді.
Мерекелік шарада мәдениет үйінің қызметкерлері шырқата ән салып, құрметті меймандар жоғары көңіл күймен үйлеріне тарқасты.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы