9.03.2025, 9:10
Оқылды: 292

Кәсібінен нәсібін тапқан бұландық ісмер өнімдеріне сұраныс артып отыр

Сырым ауданына қарасты Бұлан ауылының тұрғыны  Анар Калиуллина көп жылдан бері қолөнермен, құрақ құраумен, тігін ісімен шұғылданады. Он саусағынан өнер тамған шебер жан, білікті маман. Шебер қолынан шыққан құрақ көрпелер, оюлы кішкентай көпшіктер, күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар, ұлттық киімдер, сәндік қол сөмкелер, доптар көздің жауын алатын құнды дүниелер.

photo-output

- «Мен Қоңыр ауылында 1980 жылы дүниеге келдім. Балалық шағымды сол ауылда өткердім. Кейіннен отбасыммен Бұлан ауылына қоныс аудардық. Кәсіпкерлік бағытында еңбек ету, тұрмысқа қажетті бұйымдарды заманауи бағытқа өзгерте отырып жасау - менің басты мақсатым десе де болады. Тапсырыспен ұлттық нақыштағы құрақ көрпе, ұлттық киім, үйге керекті заттарды тігумен айналысамын. Олардың әрқайсысы тек түстерімен ғана емес, мазмұнымен де дараланып тұрады. Тігін тігу өнеріне келуіме себепші болған, бала жастан мені баулыған әжем Ұрқия Мәмбетқызы мен анам Паузия Хамзақызының еңбегін атап өткім келеді. Мектеп бітіргесін өз қызығушылығым мен икеміме қарай Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінде еңбек пәнінің мұғалімі мамандығында білім алуды ұйғардым. Алғаш рет көйлек тігуден бастадым. Содан кейін өзімді әртүрлі бағытта сынап көрдім. Кездескен түрлі қиындықтарға қарамастан үнемі ізденістің арқасында бастаған ісім оң нәтижесін бере бастады. Қазір көрпелер, көпшіктер, бас киімдер, сұранысқа ие балаларға арналған ұлттық киімдер тігемін. Кез келген сұранысты бар ықыласыммен, аса мұқияттылықпен, алтын уақытымды жұмсай отырып, үлкен сүйіспеншілікпен дайындаймын. Менің қолымнан шықан әрбір бұйымым тапсырыс берушінің көңілінен шығуы мен үшін маңызды»-дейді тақырыпқа арқау болған кейіпкеріміз.
Анар Рахатқызының шебер жан екенін ауылдастары мен аудан тұрғындары жақсы біледі. Он саусағынан шыққан еңбектері қашанда жоғары сұранысқа ие. Қажет кезде оған тапсырыс беріп те жатады. Атап айтсақ, Бұлан мектебінің ұстаздарына 15 дана бірыңғай үлгідегі ұлттық кәжекей, Бұлан ауылдық мәдениет үйінің сахналық жабыны секілді үлкен көлемдегі жұмыстарының атын атап, түсін түстеп шықсақ артық болмас. Бағасының да қолжетімділігі мен сапасы баршаға аян. Шебердің әрбір бұйымында үлкен жауапкершіліктің, тиянақтылықтың ізі көрініп тұрады. Ол бірнеше рет аудандық, облыстық қолөнер көрмелері мен байқауларына қатысқан болатын. Дайындаған сәнді қолөнер бұйымдары көптің көңілінен шығып, көрме үстінен сатылып кеткен сәттер де болған. Ауылымыздағы білікті ісмер, ұлттық құндылықты насихаттаушы, кәсібінен нәсіп тауып отырған қолөнер шеберінің игі ісі жас буынға үлгі болары сөзсіз.

Света Мағжанова
кәсіби бағдар беруші педагог,
Бұлан мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале