Жалпақтал ауылында тылда еңбек етіп, ер азаматтардың ісіне оңай соқпайтын ауыр қызметтерді атқарған ардақты аналардың қатары жыл санап сиреп, азайып бара жатқаны өкіндіргенімен, олардың қатарын әлі де толықтырып, ұрпақтарының ортасында салиқалы өмір сүріп, қоғамның дамығанын өз көзімен көріп отырған ақ жаулықты әжелеріміздің бары да көңілге демеу. Солардың бірі де, бірегейі деп Нәсима Хамидоллақызын айтуға әбден болады.

Кобыланова Нәсима Хамидоллақызы - 1937 жылдың 15 желтоқсанында Көктерек ауылдық округінің бұрынғы «Правда» колхозында дүниеге келіп, содан Көктерек ауылынан 7 класты бітіріп, Фурманов ауданында интернатта жатып 10 классты аяқтаған.
1954 жылы 10 классты бітіріп, Алматыға барып ауыл шаруашылық техникумында оқып, ауылға келіп Сламихин МТС-да 40 жыл еңбек етіп зейнеткерлікке шықты. Сол 40 жылдың 10 жылын бас бухгалтердің орынбасары, 30 жылын бас бухгалтер қызметін атқарды. Зейнеткерлікке шыққан соң, өз алдына «Мағжан» шаруа қожалығын ашып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына да өз үлесін қосты.
Бүгінде немере-жиендерінің қызығына бөленген ақ жаулықты әжеміз, ұрпақтарының ортасында жайдары өмірін жалғастырып келеді.
Кеше ғана атап өткен көктемнің алғашқы мейрамы — Халықаралық әйелдер күніне орай Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев Нәсиха Хамидоллақызы әжеміздің шаңырағында болып, аудан әкімінің құттықтау тілегін жеткізді. Көпті көрген аяулы ана қонақтарға алғысын білдіріп, ұрпағының ақ жолына елдің тыныштығын тіледі.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы