Ел Президентінің жарлығына сәйкес жергілікті атқарушы құрылымдардың қамтамасыз етуімен жастарды әскерге шақыру науқаны басталды. Наурыздың алғашқы күндері басталған шақыру маусым айының 30-ына дейін жалғасады. Сол аралықта 600-ден астам батысқазақстандық жас әскери міндетін өтеуге шақырылады. Жуырда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған 15 жас сарбазды күштік құрылым өкілдері мен ата-аналары шығарып салды. ҚР ҰҚК шекара қызметі БҚО бойынша департаментінің аға офицері, майор Азат Еркеевтің айтуынша, Оралдан шыққан 15 болашақ сарбаз Ақтау қаласындағы шекара қызметінің 1-теңіз дивизионына аттанды.

Әскерге шақырылған азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын да атап өту керек. Жастар әскери борышын өтеп жатқан уақытта несиелік каникул беріледі. Былтыр 17189 сарбаздың 6,6 миллиард теңге қарызы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, оларға жоғары оқу орнына ұлттық бірыңғай тестілеусіз түсуге мүмкіндік беретін сертификат табысталды. Жастар ол мүмкіндікті әскерден келгеннен кейін, екі жыл ішінде пайдалана алады.
– Жайық өңірі Отан қорғаушыларын мақтан тұтады. Біздің жігіттер қай жерде борышын атқарса да, әскери бөлім командирлерінің алғысына ие болады. Олардың физикалық дайындығын және тәртібін жоғары бағалайды. Отан қорғауға аттанған жастардың міндетін лайықты атқарып, елінің мүддесін батыл қорғап, шынайы ер-азамат, ұлт қорғаны болып оралуын тілеймін, – деді БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұханов.
Альберт Марксұлы өз сөзінде өмірін әскери саламен байланыстырушы жастардың жыл сайын көбейіп жатқанын да атап өтті. 2023 жылы өңірден әскерге аттанған 149 адамның 22-сі қарулы күштермен арнайы келісімшарт жасап, әскер қатарында қалса, былтыр шақырылған 190 жастың 50-і келісімшарт бойынша қызмет етпек.
– Биыл 600 жас әскерге алынады. Алдымен шекара қызметінің сарбаздары кетеді. Одан соң мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Қарулы күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері және Ішкі істер министрлігінің «Ұлттық ұлан» әскери командаларына жігіттер жиналады, – деді Альберт Марксұлы.
Шекара шегендеуге баратын жас сарбаздар әскерде қалуға бейіл. Солардың бірі – Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің 2-курс студенті Жексен Ізбасаров.
– Отанын қорғау – әр жігіттің қасиетті борышы. Сол үшін барлығымыз әскер қатарына ертерек баруға тиіспіз. Мен әскерге өз еркіммен кетіп барамын. Оқуымнан академиялық демалыс алдым. Болашақта өмірімді әскери саламен байланыстырғым келеді. Міндетті мерзімім аяқталған соң, арнайы келісімшарт жасап, әскерде қаламын немесе әскери оқу орнына түсудің ыңғайын қарастырамын, – деді Жексен Ізбасаров.

Шекарашыларға жүктелетін міндет ауыр. Ел шебін қорғау абыройлы міндет екенін жастар да ұғады. Сарбаздарды шығарып салуға арналған салтанатты жиында Тәжік-ауған шекарасында міндетін атқарған Орынбек Әмірғалиев сөз алып, жастарға сәттілік тіледі.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»