14.03.2025, 16:00
Оқылды: 463

Еңбек әулетімен көрісті

Көрісу — Қазақстанның батыс өңірінде сақталып, еліміздің барлық өңіріне тараған қазақтың ежелгі дәстүрі.

IMG-20250314-WA0032 (1)

Биыл да Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланатын Көрісу күнін аудан тұрғындары кеңінен атап өтуде.
Айтулы мереке күні Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұхамбетова Казталов ауылында тұратын «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпаздары, бірлігі жарасқан көпбалалы Қарсақовтар жанұясының шаңырағына бас сұғып, әулеттің үлкендері Бақытжан аға мен Орынғаным анамен көрісті.

Бұл әулеттің үлкендері қарапайым еңбек адамдары. Өздерінің маңдай тері еңбектерінің арқасында бейнетті өмірдің зейнетін көріп отырған бақытты ата мен әже.
Олардың еңбек жолына қысқаша тоқталсақ, 1976 жылы отбасын құрғаннан кейін мал шаруашылығымен айналысқан. Орынғаным Имашева мектеп бітірген соң түрлі бағыттағы қарапайым еңбекпен айналысқан. Бірнеше жыл бойы мекемелерде тазалықшы болған. Жолдасы Бақытжан Қарсақов 1973-1982 жылдары Тереңкөл кеңшарында жылқышы, 1982-1994 жылдары трактор айдап, шопан болған. Ал 1994 жылы кеңшар тарағаннан соң жеке қожалықта мал шаруашылығымен айналысқан.
Ұлы Медет пен келіні Гүлайым шәкірт тәрбиелеген ұстаз, көп балалы ата-ана. Айта кетуіміз керек, Гүлайым Төлегенқызы 8 наурызда Астана қаласында өткен «Аяулы ана» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале