14.03.2025, 16:30
Оқылды: 189

Теректі ауданында да Амал күні кең көлемде тойланды

Көрісу мерекесін тойлау үшін көпшілік алаңға жиналды. Бұл күні қазақ халқының ежелгі дәстүрлерін жаңғыртып, бір-бірімен көрісіп, жақсы тілектер айтылатын күн. Көктемнің алғашқы күні Жаңа жылдың бастауы – жаңа амалдар жасалатын күн. 

image-14-03-25-03-47-4

Көрісу – бауырмалдықтың, достық пен бірліктің белгісі екендігі айқын. Ежелгі дәстүр бойынша, бүгін жасы кішілер үлкен шаңыраққа амандық сұрап кіреді. Таңмен таласа оянып, ағайыннан амандық тілегендердің ырысы мен бір ісі артық, мерейі де үстем болады. Үлкен мәнге ие бұл дәстүр бүгінде тек батыс өңірінде белгілі болғанымен, айтылар тілек-лебіз алты Алашқа ортақ.

image-14-03-25-03-47

Ұлттық дәстүрлермен безендірілген киіз үй алаңға ерекше сән беріп тұр. Әйел ададар нан басып, бауырсақтың буын бұрқыратты. Аналарымыз наурыз көже ұсынса, жастарымыз алтыбақан тепті. Мерекеге жиналған көпшілік қауым киіз үйдегі арнайы дастарханнан дәм татып, бір-бірімен амандық саулық сұрасып жатты.

image-14-03-25-03-47-1

Аталмыш мерекелік шараға аудан әкімі Әлия Мұханбетжановада қатысып, жиналған көпшілікті құттықтады. Алдымен «Шежіре» әжелер ансамблінің әжелері мен «Дат» театрының балалары шағын көрініс жасап көрерменнің қошеметіне бөленді. Ортаға домбырасын асынып шыққан сері жігіт Дәурен Жұмағалиев “Ой, жайлау” әнін шырқады. Халық әні «Жанай керімді» - «халықтық» «Шежіре» әжелер ансамблі нақышына келтіре орындап берді.

image-14-03-25-03-47-2

Байғазы, көрімдік, тоқымқағар, ерулік, сүйінші, қол кесер, сыбаға және бастаңғы секілді ұғымдар туралы сұрақтар қойылды. Аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары Бақытгүл Кабашева, Айбек Дәулетқалиев мен Камшат Кадырғалиева жиналған жұртшылыққа өз өнерін паш етті. Мерекелік шара барысында ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздар мен жүлдегерге естелік сыйлықтар үлестірілді.

image-14-03-25-03-47-6

Т.Тоқмамбетов,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале