"Ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы" аясында жүзеге асырылып жатқан "Қаладан ауылға" бағдарламасы шекаралық аймақтағы ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Бағдарлама нәтижесінде жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындар саны артып келеді. Бұл бастама шекаралық аймақтарға жас мамандарды тартып, қоныстанушылар санын көбейтуге және мектептегі бала санын арттыруға бағытталған.
Осы орайда ауданды жұмыс сапарымен аралаған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов, аудан әкімі Марат Тоқжанов және бірқатар облыстардың мәслихат төрағалары мен депутаттары пилоттық жобаның жүзеге асырылу нәтижесімен танысты. Олар алдымен Сұлукөл ауылындағы "АгроСервисБатыс" ЖШС жұмысшыларына арнап салынған тұрғын үйлерді көріп, көшіп келген отбасылардың тұрмысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы шекарадағы көші-қон мәселесін реттеудегі бағдарламаның оң ықпалына тоқталды.
– Оқу орнын бітіріп, бірнеше жыл қалада пәтер жалдап, жұмыссыз жүрген азаматтар аудандық колл-орталыққа хабарласып, қажетті ақпаратты ала алады. Қазіргі таңда халықты тұрақтандыру мақсатында "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Қаладан – ауылға" бағдарламаларының маңызы зор. Өткен жылы облыс бойынша 104 отбасы немесе 520 адам осы бағдарламамен ауылға қоныс аударды. Ауыл мектептеріндегі оқушы саны 326 балаға артты. "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы арқылы да білікті мамандар ауылдарға тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуда, – деді Тілепберген Ерсайұлы.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов та бұл бағдарламаның аудандағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуалды жақсартуға оң әсерін атап өтті. Бағдарлама аясында ауылдарға көпбалалы отбасылар тартылып, олардың тұрғын үй мәселесі шешілуде. Бұл іске жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Армат Бисенов қолдау көрсетіп, өз қаражаты есебінен ауылға көшіп келуге ниетті отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуде.
Сұлукөл ауылына көшіп келгендердің бірі – Радик Төлегенов.
– Қалада жұмыс істедім. Ауылға жұмысқа шақырғанда барлық қажетті жағдай жасалғанын естіп, отбасымды алып, қоныс аудардым. Жолдасым мектепте жұмыс істейді. Біз егін баптаумен айналысамыз. Ауылға келгеніме еш өкінбеймін. Баспана мен жалақы көңілімізден шығады. Енді мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын шаруашылық ашып, мал өсіруді жоспарлап отырмын, – дейді ол.
Айта кетелік, былтыр ауданда кезекте тұрғандарға арналған 54 үй салынды. Оларды тұрғызуға мемлекет бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Шекаралық аймаққа халықты көптеп қоныстандыруға бағытталған баспана құрылысы биыл да жалғасады.
Салтанат Зұлқарнайын,
Бәйтерек ауданы