Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың іссапары ауылдық округтерде жалғасуда. Іссапардың мақсаты – ауыл тұрғындарымен тікелей кездесіп, олардың мәселелері мен сұрақтарына жауап беру, әлеуметтік нысандардың жәй-күйімен танысу.
Өткен аптада аудан әкімі С.Меңдешев ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Ауыл тұрғындарын жеке қабылдауында тұрғындар ауылішілік жолдардың жобалық сметалық құжаттарына қолдау көрсету, Карманов ЖОББМ-нің атауын өзгерту, жайылымды кеңейту, ауылға пошташы шығару, ауылды абаттандыру, қожалық жерлеріне су шығару, жұмыссыздық бойынша мәселелер көтерді. Кейін ауылдық кітапхана, мәдениет үйі, мектеп, құрылысы былтыр басталған фельдшерлік акушерлік пунктті аралап көрді. Ауыл шаруаларымен кездесуде Шаруа қожалық басшыларына жерді тиімді игеру туралы мемлекеттің қойған талаптарын таныстырып, алдағы уақытта жайылым мен шабындық жерлерге су шығару бойынша мәселені қайта қарайтынын айтты.
Жұмыс сапарының екінші күні Қызылоба ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауылдық мәдениет үйінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындар мал бордақылау алаңын ашуға, тұрғын үй мәселесі, бау-бақша салуға, облыс құрамасының сапында өнер көрсететін ауылдың еркін күреспен айналысатын шәкіртіне демеушілер тарапынан қолдауға көмек сұраса, ауыл әкімі Теміржан Серіков мәдениет үйінің ағымдағы жөндеуі, қызыл сызықтан асып кеткен құрылыс бойынша мәселелер көтерді. Кейін Есен Орақбаев атындағы ЖОББМ-нің жатақханасы жанынан жаңадан ашылған жаттығу залын тамашалады. Содан кейін алдағы уақытта салынатын ауылішілік жаяу жүргіншілер жолын, ауыл ішіне жиналып қалған суды Көшім өзеніне ағызу үшін қолдан қазылып жатқан құбырды барып көрді. Сапар «Хафиз» шаруа қожалығында жалғасып, жылына 1000 бас көлемінде мал бордақылайтын алаңмен танысты.
Жұмыс сапары осы аптада да жалғасуда. Бүгін аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев Көпжасар ауылдық округіне жұмыс бойынша сапарлады. Алпамыс Жаңабайұлы алдымен ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізіп, ауыл тұрғындары Үштас елді мекені бағытына салынатын көпірге техника жағынан көмек сұрады.
Сонымен қатар шаруа қожалықтарының жерін тиімді пайдалану үшін қожалық иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ауылдың барлық әлеуметтік нысандарын аралап көрген аудан әкімі Дина Нұрпейісова атындағы ЖОББМ-нің биылғы жылы күрделі жөндеуден өтетінін тілге тиек етті. Одан әрі Салтанат, Саралжын елді мекендеріне сапарлап, ауыл тұрғындарымен бірге ауыз су, интенет, электр бағаналарын ауыстыру, кооператив ашу мәселелері талқыланды. Алда Бірлік, Пятимар ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен бару жоспарлануда.
Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы