1.04.2025, 9:30
Оқылды: 325

Орынсыз шығынға жол бермеу керек!

Жақында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда айтылған келелі ой-пікірлер мен Мемлекет басшысының баяндамасында қамтылған міндет-мақсаттар айтылып, өңірдегі өзекті мәселелер талқыланды.

фото мади салык (1)

Жиынды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллинге сөз ұсынылды. Ол әріптестеріне биылғы 13-14 наурыз күндері Бурабай қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың секциялық және пленарлық жиналастарында ортаға салынған ой-пікірлер, орынды ұсыныстар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

– Бурабайда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың мүшелері алдында жылдағыдай ауқымды баяндама жасады. Ол баяндамасында ұрпақ тәрбиесі, қазақстандық қоғамдағы діни ахуал, онамастикалық саясатты сауатты жүргізу, әділ салық саясатын қалыптастыру секілді әлеуметтік мәселелерге қоса, адам  капиталын дамыту, цифрлық технологияны өрістету және еліміздің дамуына тікелей қатысты экономикалық жоба-жоспарлар жөнінде де айтып өтті. Қазақстанның көлік тасымалы әлеуетін тиімді пайдалану, отандық туризмді дамыту арқылы бюджетке құйылатын қаржыны еселеу, агроөнеркәсіп және энергетика салаларына қатысты мәселелерді де тілге тиек етті. Президент энергетика саласын сөз ете келіп, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын ядролық энергетика агенттігін құратынын жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан осылайша қуат көзі тапшылығынан толық  арылып, болашақта электр энергиясын экспорттайтын санаулы мемлекеттер қатарына  қосылуы тиіс» деді. Сондай-ақ  Президент Бурабай құрылтайында аутизмге шалдыққан балаларға ем-дом жасайтын барлық облыс орталықтарында оңалту орталықтарын ашу, шекараға таяу елді мекендерге қатысты арнайы заң дайындау, жас ұрпақты лудоманиядан арашалау үшін спорттың бұқаралығын арттыру жөніндегі пікірлерін көптің назарына ұсынды. Түркістан мен Атырау қалаларында өткен құрылтайда Президент өз баяндамасында отандастарымызды қайтадан кітап оқитын халыққа айналдыру өте өзекті екендігін айтқан болатын. Бұл – өте құптарлық бастама және күн тәртібінен түспеуі тиіс ортақ мәселе. Сіз бен біз аңсаған парасатты қоғамды – парасатты халық қалыптастырады. Ал парасатты халықты көркем әдебиет қалыптастырады, - деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Бауыржан Аяпбергенұлы қоғамдық кеңес мүшелерін қазақстандық қоғамға ортақ мәселелерді қамтитын бес комиссияға бөліп, төрағаларын айқындады. Атап айтсақ, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі комиссия төрағалығына Бауыржан Ғұбайдуллин сайланды. Ал Нұрлан Сәдір тұрғындардың әлеуметтік мәселелері бойынша комиссияның төрағасы, Бибігүл Қонысбаева аумақтық даму және бюджет мәселелері бойынша комиссияға төрағалық етеді. Құқық қорғау құрылымдарымен байланыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның төрағасы болып Манарбек Ғабдуллин сайланды. Элгун Джаналиевке қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жастар мәселесі бойынша комиссияның тізгіні тапсырылды. Құрылған әр комиссия өзекті мәселелерді жұмыс жоспарына енгізіп, өзара жан-жақты талқылайды. Комиссия мүшелері қаузаған мәселелер қоғамдық кеңестің алқалы басқосуларында көтеріліп, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалады.

Аталмыш жиында біраз саланың басшылары есеп берді. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, ауыз су, денсаулық сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі салаларының жұмыс барысы тыңдалды. Соның ішінде өңірдегі жол мәселесі кеңестің қызу талқысына түсті. Жол құрылысына бюджеттен ауқымды қаржы бөлінгенімен, кей мердігер мекемелердің жұмысы жанданар емес. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин айтты.

– Жол жөндеу жұмыстары үшін 2019 жылдан бері 195 жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Оның 68-і жүзеге аспай, 270 миллион теңге желге ұшты. Осыған қарамастан кей мердігер мекемелер өзге жол құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттамасын тапсырған. Сондай-ақ  жол құрылысы уақтылы аяқталмай, кейінгі жылға шегеріліп, шығын мөлшері көбейген жағдаяттар да анықталды. Мәселен, Бөрлі – Ақсай - Жымпиты жобасы бастапқы кезде 17,7 млрд теңге болса, уақтылы аяқталмау себебінен оның құны 28,7 млрдқа өскен. Жол салу, жол жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалау мекемелері бір уақытта бірнеше нысанды алған. Бір ғана серіктестік 13 жол құрылысы бойынша техникалық бақылау жүргізгені анықталды. Қадағалауға берілген жол жөндеу жұмыстарының аумағы бір-бірінен шалғай аудандарда орналасқан. Бұған қоса мердігерлерге мерзімінен бұрын қаражат аудару фактілері де анықталды. Сырым ауданына қарасты Қособа ауылындағы жол құрылысына 513 миллион теңгені жыл аяғында келер жылы бастайды деген желеумен аударып жіберген. Кейін бұл мәселе бойынша облыс әкіміне жазбаша хат жолдадық. Қазіргі таңда жол құрылысы орындалды. Бүгінде облыс аумағында ұзақ мерзімде салынып жатқан 4 проблемалық құрылыс нысаны біздің бақылауымызда, - деді БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Ханәлиев өз баяндамасында дәрі-дәрмектер үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 420 млн  теңге бөлінгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда аурудың 29 түрі бойынша 1660 пациент тегін дәрілермен қамтамасыз етілуде.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале