5.04.2025, 23:56
Оқылды: 512

Балауса Мұздыман филипиндік боксшыны айқын басымдықпен жеңді

"Барыс Арена" мұз сарайын дүбірге бөлеген бокс кешінің көркін нәзік жанды боксшылар да кіргізді.

IMG-20250405-WA0219

Фото авторы: Нұрғали Жұмағазы

Осы кезге дейін кәсіпқой бокста 6 кездесу өткізіп, оның бесеуін мерзімінен бұрын аяқтаған қазақстандық Балауса Мұздыман филипиндік ару Мария Тереза Пинилимен ринг бөлісті.

Кәсіпқой бокста жеті кездесу өткізіп үлгерген Мария Тереза алты рет жеңіс тойын тойлаған.
Балауса шыққанша көп эмоция білдіре қоймаған аренадағы жанкүйер шынашақтай қыз шыққан кезде дүр сілкінді.

Қарындасына жаны ашыған ағайын "Балауса, Балауса" деп қолдаудан бір тынбады. Жанарынан жалын атқан біздің қыздың мысы басты ма, әйтеуір алғашқы раундтарда филипиндік боксшы мардымды шабуыл жасай қоймады. Раунд өткен сайын қарқынын күшейткен Балауса бесінші раундта қарсыласын біраз сабады. Қызының қарқынына көңілі тойған ел Балаусаны жігерлендіру үшін: "Алға, Батон" деп еркелетіп те отырды.
Қалың қазақ қолдауын сезген Батон қарсыласын аямады. Әсіресе соңғы раундтар Мария Тереза үшін тіптен қиынға соқты. Қорытындысында төрешілер бірауыздан жеңіске Балаусаны лайық деп таныды.

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале