8.04.2025, 12:30
Оқылды: 535

Ажарын айдай жарқыратады

Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылдық округінің орталығында «Жасмин» атты сұлулық салонына келушілер қатары қалың. Өйткені бұрын бұл ауылда мұндай қызмет көрсету орны болмаған. Енді тайпақтықтар «Шашымды қиып берші» деп қайшы ұстағандарға жалына бермейді.

ff79e96b-e4ef-49ba-81c4-932b59d85043

 Жеке кәсіпкерлік иесі Әйкерім Есмағанбетова сұлулық индустриясындағы жолын мектеп бітірісімен бастады. Орал қаласындағы «Сервис» технологиялық колледжінде шаштараз мамандығы бойынша оқып, білім алды. Кәсіптік оқу орнында оқи жүріп, бет әрлеу және жасанды кірпік жапсыру курстарына қатысты. Алғыр жас шебер атанды. Тайпаққа келген соң қыз-келіншектердің бет-әлпетін әрлеу, шаш қию қызметтерін үйде отырып бастады. Ол кезде сәбилі болып, декреттік демалысқа шыққан еді. Таныстарынан мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға берілетін қайтарымсыз грант туралы естіп, ойға қалды. Қолынан келетін кәсібін табыс көзіне айналдырып, күнкөрісін жақсартып жатса, несі жаман?! Округте оның қызметіне жүгінушілер аз емес. Қай кезде де қыз-келіншектер сұлулыққа іңкәр. Заман алға жылжыған сайын әйел затының әдемі көрінуге ұмтылысы күшейе түсті. Осыны әу бастан ұғынған кейіпкеріміз «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы ұстанды. Әйкерім «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің жаңа бизнес идеяларын іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттар беру конкурсына қатысты. Айы оңынан туып, 2024 жылдың қыркүйек айында есепшотына 1 млн 400 мың теңге грант қаржысы түсті.  Жақында сұлулық салонын ашуға осы қаржыны толықтай жұмсады.

Кәсібін жаңадан бастаған келіншек ауылдағы күтімсіз ғимаратты ұзақ іздеп тапты. Жұбайы екеулеп ретке келтірді. Жөндеуге өзінің жинағын жұмсап, іші-сыртын адам танымастай өзгертіп, жалтыратып қойды. Грант қаражатының соңғы тиын-тебеніне дейін қажетті жабдықтар сатып алуға жұмсады. Оларды Атырау қаласынан сатып алды. Қазіргі кезде сұлулық салонына жұмысқа екі шеберді қабылдады.

Әйкерім

– Бізде көрсетілетін қызметтердің бағасы ешкімнің қалтасын қақпайды. Әрдайым шеберлік сабақтарына, түрлі курстарға қатысып, білім-білігімізді жетілдіреміз. Онсыз ісіміз алға баспайды. Бүгінде бұрынғы келушілер қатары жаңадан толығуда. Мысалға, 2 мың теңгеге шаш қиямыз. Одан басқа шаш бояу, бет әрлеу  және тағы  басқа да қызметтер көрсетеміз. Бояу, әрлеу заттарын тапсырыспен аламыз. Сапасына қараймыз. Бізге келетіндер алдын ала хабарласып, кезекке тұрады. Сондықтан күн сайын жұмысқа шығамыз. Сұраныс бар жерде кәсіп өрге тартады екен. Жұмысым өзіме шабыт сыйлайды. Кәсібімді бастауға мүмкіндік беріп, қолтықтан демеген мемлекетімнің барына шүкір, – дейді «Жасмин» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әйкерім Саматқызы.

Отыз бес жастағы шебер отбасы тіршілігін, төрт баласының тәрбиесін кәсіпкерлігімен қатар алып жүр.   Тайпақтың онсыз да сұлу қыздарының ажарын айдай жарқыратып, талмай еңбектене бергей деп тіледік.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

 «Орал өңірі»,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале