Байқоныс ауылында «Ауыл тынысы» – хабар жыршысы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған ауылдағы газет оқырмандары қатысты.

- 85 жылдық бұл – жылдармен өрілген тарих, елмен бірге жасасып келе жатқан шежіре. Бүгінде «Ауыл тынысы» – тек жаңалық жеткізуші емес, ол – тәуелсіз ой мен танымның, кәсіби шеберліктің айғағы. Мұның бәрі шығармашылық ұжымның ізденісі мен ерен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Редакция қызметкерлерінің ақпарат саласындағы еңбектері әрдайым құрметке лайық. Алдағы уақытта да шығармашылық шабытт шыңдала берсін! Оқырмандар, соның ішінде жастардың қатары көбейсін, -деді осынау іс-шараға арнайы келген аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин.
Ауылдық округ әкімі Алмас Қоңыров байқоныстықтардың газетпен байланысы жақсы екенін, жазылым кезіндегі де тұрғындардың белсендігін айтты. Бұйыртса мамыр айында округ әкімдігі мен редакция бірлесіп "Ауыл тынысы" газетінің жүлдесі үшін ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырмақшы.

Қадыр Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебінің директоры Нұрсәуле Талипова интернет, жасанды интелектің адами құндылықтарды алмастыра алмайтынына, сол себепті газет оқу үрдісі үзілмеуі керектігіне тоқталды.
-Қай дәуір болмасын, ақпарат – қоғамның қозғаушы күші. Технология дамып, жасанды интеллект пайда болғанымен, адамның сана-сезімі мен шығармашылық әлеуетін алмастыра алмайтыны анық. Күн сайын түрлі оқиғалар орын алып жатады. Сол жаңалықтың нақтысын, шынайысын біз ең алдымен осы газеттен оқимыз. Өз басым, «Ауыл тынысынан» еңбек адамдарына арналған мақалаларды ерекше қызыға оқимын. Ауылдағы қарапайым, еңбекқор жандардың өмірі мен болмысын бейнелейтін сол материалдар жас ұрпаққа үлгі-өнеге береры анық. Ұжыммен де тығыз байланыстамыз. Қазіргі таңда газет редакциясының аудандағы мектептермен орнатқан тікелей қарым-қатынасы қуантады. Бұл – өскелең ұрпақпен үндесу, олардың бойына елге, жерге деген сүйіспеншілікті сіңіру жолындағы маңызды қадам.

Иә, бүгінде жастардың көбі әлеуметтік желіде отыр. Бірақ уақыт ағысымен олар да өзгеруі мүмкін. Ал баспасөз – өз биігін жоғалтпайтын, құндылығын сақтап қалатын ақпарат құралы. Газет мақаласы – шынайы әрі сенімді дерек көзі. Сондықтан оның орны әрқашан бөлек. Менің ұжымым да, отбасым да бұл басылымның тұрақты оқырманы. Газеттен жаңалықпен танысып, содан кейін күнделікті жұмысымызға кірісу – ата-аналарымыздан дарыған игі дәстүр десем, артық емес,-деді өз сөзінде Нұрсәуле Жандарбекқызы.

Аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Сәкен Әбілхалықов оқырман ойы, олармен кері байланыс редакцияның басты назарында екенін айтып, газеттің тарихына, жылдар жүзіндегі саяси өзгерістерге, соғыс жылдарындағы басылымның қызметіне тоқталды. Содан соң редакциямен тығыз байланыс орнатқан, газетке тұрақты жазылатын округтегі мекемелер мен жекелеген тұрғындарға Алғыс хат пен мерейтойлық сыйлықтар табыстады.
Әсерлі әңгімемен өрілген кеш «Көңіл ашар» әжелер ансамблінің және ауыл өнерпаздары дайындаған шағын концерттік бағдарламасына ұласты.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы