18.11.2016, 18:45
Оқылды: 57

Базалық зейнетақының мөлшері өзгереді

%d0%b0%d0%b9%d1%88%d0%b0-%d0%b0%d0%bf%d0%b0-%d0%bf%d0%be%d0%b5%d0%b7   «Тәуелсіз Қазақстан» атты ақпараттық-насихат пойызынан түскен делегация сол күні өз жұмыстарына кірісіп те кетті.


   Делегация құрамында келген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалы-«Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясының бас маманы Қамажай Нұрманова кестеге сәйкес түс қайта «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» РМҚК БҚО филиалында болып, қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Маман жиналған азаматтарға зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер жөнінде ақпарат берді. Оның сөзінше, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлердің зейнетақысы 9 пайызға және базалық зейнетақы мен жәрдемақылар көлемі 7 пайызға өседі. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы көлемі  қайта қаралмақ.

    -Жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін мұны былайша түсіндіруге болады. Күні бүгінге дейін жасы келген зейнеткерлерге еңбек өтіліне қарамастан, базалық зейнетақы төлемі  ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде, яғни 11965 теңге көлемінде  бірдей базалық зейнетақы тағайындалып жүр. Ал енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі азаматтарға зейнетақы жүйесіне қатысу тәжірибесі мен еңбек өтіліне байланысты тағайындалмақ. Демек, адам неғұрлым көбірек жұмыс жасаса, соғұрлым оның оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы арта береді. Мысалы,  егер азаматтың еңбек өтілі 10 жыл болса немесе одан кем, тіпті еңбек өтілі  мүлдем жоқ болған жағдайда, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Ал, 10 жылдан артық жұмыс жасағандарға әрбір жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады. Мысалы, еңбек өтілі 11 жыл болса 52 пайыз, 12 жыл болса 54 пайыз мөлшерінде базалық зейнетақы төленеді. Ал еңбек өтілі  35 жылдан асқан еңбеккерлерге 100 пайыз базалық зейнетақы тағайындалады. Базалық зейнетақы көлемі 2016 жылы  11965 теңге көлемінде  болса, бұл 2017 жылы бұл  7 пайызға өседі, сонда бұл 12 802 теңге мөлшерінде болады. Ал 2018 жылы базалық зейнетақы көлемі жоғарыда айтылғандай өзгереді, -деді Қамажай Нұрманова өз сөзінде. Қамажай Нұрманованың айтуынша, делегация тобы еліміздің 35 қаласында болып, халыққа қажетті ақпарат беріп, көмектесуді жоспарлаған. Олардың есебінше, 16-шы қала болып отыр.

    Шара барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы-«Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаменті директорының орынбасары Райхан Ибраева өңірімізде зейнетақы мен жәрдемақы төлемінің уақытында беріліп жүргенін айтып, орталыққа бұл бағытта арыз-шағымның түспегенін хабарлады.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале