Бүгін Ақсоғым мен Ұзынкөл ауылдық округтерінің халқы үшін маңызды күн. Ауылдық округі әкімдерін сайлау мақсатында, №356 Ақсоғым ауылдық округінің, №357 Үлкен Еңбек елді мекенінің сайлау учаскесі және №366 Ұзынкөл ауылдық округі сайлау учаскесі таңмен тұрғындарға есігін айқара ашты. Таң бозарып атқанда Әнұранмен бастау алған сайлау күнінде ауыл тұрғындары келіп өздерінің таңдауларын жасап жатыр.

Сайлау Үлкен Еңбек елді мекенінде де жалғасын тауып, ондағы №357 сайлау учаскесіне Аймағамбетов Мейірбек Асхатұлы өзінің алғаш рет дауысын беріп, таңдауын жасады. Сайлаудың маңыздылығына мән берген Мейірбек секілді ауыл жастарыда белменді араласуда. Бүгінгі сайлау күнін маңызды санап, тіпті мейрамға балаған ауыл адамдарының қадамына нұр бітсін. Ұзынкөл ауылдық округіндегі №366 сайлау учаскесінің жұмысы қыза түсті.

Ауыл тұрғындары ерте тұрып, шаруаларын реттеп болған соң, сайлау учаскесіне көптеп ағылды. Күннің шуағын шашып жадырай түскен шақта ұзынкөлдіктер сайлау учаскесіне ағылды. Үлкені бар, кішісі бар ауылдарының болашақ әкімдерін сайлау үшін аянып қалмады.

Ақсоғым ауылдық округі әкімін сайлау және өз таңдауларын дұрыс жасау үшін ақсоғымдықтар сайлау учаскесіне барып өз дауыстарын беруде. Жайма шуақ күнде сайлаушылардың учаскеге келу қарқыны бірқалыпты.

Десекте біраз жасты алқымдаған ақсақалдарымыз өз шаңырағынан дауыстарын беріп, таңдауларын жасады.
Т. Тоқмамбет
Теректі ауданы