21.04.2025, 16:30
Оқылды: 352

Бас жүлде - Бәйтерек хорында

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облыстық халық шығармашылығы орталығында хор ұжымдары мен вокалдық топтардың қатысуымен "Кел, шырқайық!" атты облыстық байқау өтті. Аталған өнер сайысы – ел тарихындағы ерлік пен тағзымды дәріптеп, өнер арқылы ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды.

IMG-20250420-WA0002Байқауға барлығы 9 хор ұжымы мен 10 вокалдық топ қатысып, сахнада барын салды. Әрбір ұжым жеңіс рухын сезіндіретін патриоттық әндерді орындап, көрермен мен қазылар алқасының көңілінен шығуға тырысты. Олардың ішінде Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған хор ұжымы ерекше көзге түсіп, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

Хор ұжымына, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, кәсіби музыкант, хормейстер Игорь Шмидт жетекшілік етті. Оның жетекшілігімен дайындалған шығармалар байқауда жоғары бағаға ие болды. Атап айтқанда, "Нам дороги эти", "Забыть нельзя" атты соғыс әндерінен құралған фантазия-папури мен "Өз елім" әні көрермен жүрегінен орын тауып, ұжымның іріктеу кезеңінен сүрінбей өтуіне сеп болды.

Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған жерлестеріміз 250 000 теңге көлеміндегі жүлде қорын иеленді. Бұл жеңіс – аудан мәдениетінің биік деңгейде екенін тағы бір дәлелдеп, өнер жолындағы ізденіс пен еңбектің жемісі екенін көрсетті.

IMG-20250420-WA0004

Айта кетейік, бұл хор 2019 жылы аудан мәдениет қызметкерлерінің бастамасымен құрылған болатын. Сол жылы алғаш рет өткізілген осындай байқауда бәйтеректіктер жүлделі екінші орынды еншілеген еді. Уақыт өте келе хор құрамы кеңейіп, бүгінде 31 өнерпаздан тұратын кәсіби деңгейдегі өнер ұжымына айналды.

Саида Жайық,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале