24.04.2025, 11:00
Оқылды: 271

Тихоновтың көрмесі

«Атамекен» өнер ордасында суретші Вячеслав Тихоновтың дербес көрмесі ашылды. Облыстық  тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған аталмыш көрме Жеңістің 80 жылдығына арналды.

WhatsApp Image 2025-04-24 at 11.53.31

1941 жылы 15 наурызда Ленинград облысында дүниеге келген Вячеслав Тихонов – В. Суриков атындағы Красноярск  көркемсурет училище­сінің түлегі. Красноярск қаласында  еңбек жолын бастаған суретші 1988 жылы отбасымен Орал қаласына қоныс аударған. С. Ғұмаров атындағы балалар көркем­сурет мектебінде бейнелеу  өнері пәнінің мұғалімі болып қызмет ат­қарды.

1990-2000 жылдар аралығында негізгі қызметімен қатар шығармашылыққа ден қойып, суретші графикамен белсенді жұмыстанды. Осы жылдар ішінде ол 100-ден астам соғыс ардагерінің портретін салды. Жас өмірін майдан даласында өткізген жеңіс сар­баздарының  бейнесін ұрпаққа қалдыра біл­ген қылқалам шебері 2005 жылы дүниеден өтті. Қазір Оралда оның қызы Ольга Борисова тұрады.

Көрмені тамашалауға келген  қала тұрғындары сурет өнері­нің көне жанрларының біріне  жататын портреттік туынды­ларды тамашалады. Суретшінің әр еңбегінің өзіндік мәні бар. Ардагерлердің бейнесін ұрпаққа қалдыру ісіне Вячеслав  Тихонов бар күш-жігерін жұмсағаны көрініп-ақ тұр. Әр портрет кейіпкердің даралығын бейнелеп қана қой-май, сонымен қатар аутордың қайталанбас қолтаңбасын көрсетеді. Сурет­ші алдына келген ардагердің бей-несіне бойлай алғаны, соның арқасында ол адамның рухани болмысын түсіндіре алғанын да байқауға болады.

DSC06243

Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмені тамашалауға келген Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов мұндай көрмелер жас ұрпаққа Жеңістің оңай келмегендігін, Жеңіс жолында талай тағдыр талқандалып, талай өмір қыршыннан қиылғанын түсіндіруге өз септігін тигізетінін атап өтті.

– Бейнелеу өнері – ұлттық  дүниетанымның көкжиегін кеңейтетін көркем өнер. Ол танымдық, көркемдік, қарымқатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен бейнелеуге ұмтылады. Мұнда қойылған әр портрет Жеңісті жақындатқан майдангерлердің бейбітшілікті сақтау аса маңызды аманат екенінің дәле­ліндей, – деді Медхат Мұсаұлы. Сондай-ақ суретшінің тарихты сақтау жолындағы еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өткен Медхат Қам-бетов Вячеслав Тихоновтың қызы Ольга Борисоваға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының алғысхатын тарту етті.

Көрмеден графикалық жұмыстармен қатар майлы бояумен салынған туындыларды да көруге болады. Қылқалам шебері пейзаж жанрында да жемісті еңбек еткенін айтқан БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов суретші 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында ардагерлердің бейнесін қағазға түсіру жұмысын бастағанына тоқталды.

– Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Вячеслав Андреевич майданнан оралған сарбаздардың портреттерін са-луды қолға алды. Суретшінің 20 жылдай үйде жатып қалған жұмыстарын жаңарту үшін арнайы демеуші іздеп, осындай көрмеге шығарып отырған көрме ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз. Біз майдангерлерді еш ұмыт-паймыз. Аға ұрпақтың ерлігі мәңгі жадымызда, – деді Жұмажан Қожжанов.

DSC06261

Көрмеде балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі Вяче­слав Тихоновтың әріптесі Ольга  Комарова да болды. Қылқалам шеберімен иық тірестіре біраз жыл қызметтес болған Ольга Александровна В. Тихоновтың  балалық шағы, анасы жә­не ағасымен бірге соғыстан қашып, Мәскеу түбіндегі ата-әжесінің үйіне қалай жет-кен­дігі жайында кеңінен әңгімелеп, көзіне жас алды.

– Вячеслав Андреевичке майдангерлердің бейнесін сомдау идеясы Мәншүк Мәметованың портретін салған соң пай­да болды. Оның алдына келген майдангерлер суретшіге бар сырын шертетін. Тіпті журналистерге де айта бермейтін оқиғаларымен бөлісетінін айтып отырушы еді. Жай қарандашпен бей­неленсе де, әр ардагердің медаль, ордендері көрініп тұратын. Кей нәзік жанды ардагерлер бетімнің әжімін салмашы деген өтініштерін де айтып жатушы еді. Соғыс басталғанда құндақта болған қылқалам шеберінің балалық шағы соғыстан кейінгі жылдарға тұспа-тұс келді. Шайқастардың қатысушыларын көзбен көрген соң болар ол әр суретке жанын салғанын байқап отырмын, – деді Ольга Комарова.

Әкесінің көрмесі ашылған кезде ортадан табылған Ольга  Борисова өзі өнерден алыстау еке­нін айтады.

Өңір майдангерлерінің бейнесін жас ұрпақ жадына қалдыруды мақсат еткен көрме мамыр айының 12-сіне дейін созылады.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале