Бәйтерек ауданы, Дариян ауылында «Домбыра құндылығы ұмыт қалмасын» атты дәстүрлі ән кеші өтті.

Іс-шара ұлттық аспабымыздың мәдени және рухани маңызын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, көпшіліктің ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруды мақсат тұтты.

Бұл кешке өңірімізге танымал дәстүрлі әншілер арнайы келді. Олардың арасында Фархат Оразов, Кенесары Болғанбаев бар. Сондай-ақ Нұршат Ғұбайдуллин мен Әділхан Қадыров, Артур Сисенов, Альбина Наурызалиева секілді жергілікті әншілер де көрермен ықыласына бөленді. Кеште сондай-ақ жас өнерпаз Расул Сейтқазиев, келіндер ансамблі, саз мектебінің оқытушылары, халықтық “Дарьюшка” би ансамблі ұлттық өнерді дәріптеп, сахна көркін аша түсті.

Іс-шара соңында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз алып осынау кештің мән-маңызына тоқталды. «Аға буын өкілдері кей концертерде домбырамыз тасада қалды деп алаңдаушылығын білдіріп жатарды, - деді Нұржан Тоғызбайұлы.- Алайда бүгінгі кеш домбыраның әрдайым төрде екенін, термелер мен әндердің өміршеңдігін айқын көрсетті. Ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген барша ағайынға алғыс айтамыз».

Иә, домбыра – ұлтымыздың ұлы құндылығы, рухани байлығымыздың қайнары, ұлт болмысының өзегі, ұлт жадының тұғыры, жол бастаған көсемі, сөз бастаған шешені екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Дина Ахметова,
Бәйтерек ауданы
