Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде XVII республикалық пәндік олимпиада басталды.

Білім додасының ашылу салтанатында университетіміздің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Нұркен Губашев Ақ Жайыққа Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінен және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен келген командаларға басқарма басшылығы атынан ыстық ықыласын білдіріп, сәттілік тіледі. Университеттегі «Ветеринария және агротехнология» институтының директоры Біржан Нұрғалиев келген командалар мен жетекшілерін және білім сайысына қазылық ететін комиссия құрамын таныстырды. Аталған институттың профессоры, ҚР ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейбіт Насиев әр олимпиада – студенттер үшін білім деңгейлерін анықтайтын жылдың қорытындысы, сондай-ақ болашақтарына ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.

Жалпы білім додасына БҚАТУ командасын қосқанда қатысатын алты командада – 24 білім алушы «Өсімдіктерді қорғау және карантин», «Аквакультура және су биоресурстары» білім беру бағдарламалары бойынша өз білімдерін сарапқа салатын болады. Негізінен 3-4 курстардың студенттері қамтылған олимпиадада алдымен қатысушылар өздерін таныстырып, одан кейінгі алғашқы кезеңінде аталған білім бағдарламалары бойынша тестілік тапсырмаларды орындаса, екінші кезеңде ситуациялық тапсырмаларға жауап береді.
Жалпы Қазақстан бойынша басқа да жоғары оқу орындарында әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша республикалық пәндік олимпиада оздырылуда. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері ертең, яғни 25 сәуірде белгілі болады.
БҚАТУ медиа орталығы