Бүгін Ұлы Жеңіске 80 жыл және соғыс сардары Әжіхан Дүйсеновтің туғанына 110 жыл толуына орай Ұзынкөл орта мектебінде шара ұйымдастырылды.

Әжіхан Дүйсенов 1915 жылы Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Әскери міндетін орындай жүріп Фин соғысына қатысқан. Подольск қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училищені бітіріп келіп, Ұзынкөл ауылы кеңесі қарамағында әскери жаттықтырушы болып қызмет атқарып жүріп, 1942 жылы ҰОС-на аттанған. 2-ші Беларус майданындағы 290-шы Қызыл Тулы орденді Могилев атқыштар дивизиясының 878-нші атқыштар полкінде 3-нші атқыштар батальон командирі. «Қызыл Ту», 1 және 2 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Әжіхан Дүйсенов соғыс жылдары жауынгерлермен төрт рет жау тылына барлауға барып келіп, төрт рет жараланған. Ол 1944 жылы 10 тамыз күні майданда ерлікпен қаза тапқан.
Батырдың туған жерінде өткен тағылымы мол шараға қызы Клара Әжіханова, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев, БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, ақын Орынбек Меңдіқұл мен аталмыш мекептің ардагер ұстаздары қатысты.

Алдымен Батырдың есімі жазылған ескерткіш тақтаға тағзым етіліп, гүл шоғын қою рәсімі орындалды. Рәсім батырдың қызы Клара Әжіханқызы мен Жаннұр Бекбауұлына табысталды. Жиылғандар батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, мектеп фойесінде Ұлы Жеңіске арналып жасақталған шағын көрмені тамашалады. Жерлес батырдың ерен ерлігі жөнінде баяндалған баяндамадан соң көрермендер мектеп музейіне аяқ басып, жиын «Ерен ерлік иесі - Әжіхан» атты танымдық шарасымен жалғасын тапты. Батырдың өр рухына тағзым етіп, ерлігін ұлықтап, насихаттауға бағытталған шарада оның есімін өшірмей, жаңғырта түсу үшін барынша атсалысып жатқан өлкетанушылардың жұмыстары жинақталып, жасақталған көрме назарға ұсынылды. Аталмыш мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлнара Бапахова Әжіхан Дүйсеновтің өмірі, ерлік жолы туралы баян етті. Батыр ерлігін дәріптеу мақсаты болып табылатын шарада шақырулы қонақтар, соның ішінде қызы Клара Әжіханқызы естеліктерді еске алса, Амангелді Мырзағалиұлы мен ардагер ұстаздар батырдың жеңіске бастаған ерлігі жөнінде ой бөлісті.
Сонымен бірге Әжіхан Дүйсеновтің жерленген жерінен «Польша әскері ардагерлерінің мұрагерлері» атты қоғамдық ұйымының төрағасы Роланд Дубовский және ұйым мүшесі Лариса Бугвина жолдаған бейнебаян көрсетілді. Айтқандай, Ұлы Отан соғысын кеңінен зерттеп жүрген бірден-бір жан, үздік өлкетанушы, жерлесіміз Ахмедияр Қуанұлы да шараның басынан табылып, құнды мағлұматтарымен бөліссе, Жаннұр Бекбауұлы аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға деген алғысын жеткізді.
Кеш соңында Әжіхан Дүйсеновке өздерінің жүрекжарды арнауларын арнаған, облыс орталығынан келген ақын Орынбек Меңдіқұл мен мектеп түлегі Нұрлан Едігенов сөз алып, жиылғандарға арнауларын оқып берді. Шара Ақниет Мәулеш пен аталмыш мектептің 7-сынып оқушыларының орындауындағы «Соғыс болмаса екен» әнімен мәресіне жетті.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы