1.05.2025, 10:30
Оқылды: 232

«Достығы  шалқыған шаңырақ»

Осындай  атаумен  қаламыздағы  Достық  үйінде  этномәдени  бірлестік  өкілдеріне  арналған  облыстық  байқау  өтті.  Аталған  байқаудың  негізгі  мақсаты  –  мемлекеттік  тілдің  қолданылу  аясын  кеңейту,  қазақ  тілінің  этносаралық  қарым-қатынас  тілі  ретіндегі  қызметін  нығайту  және  мемлекеттік  тілді  меңгерген  белсенді  өзге  этнос  өкілдеріне  қолдау  көрсету.  Бұл  –  еліміздегі  тіл  саясатын  жүзеге  асырудағы  игі  қадамдардың  бірі.

DSC09336 (1)

Өздеріңізге белгілі, биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы. Бүгінгі шара да осы айшықты мерекенің аясында ұйымдастырылып отыр.

Біздің облысымыз – еліміздегі көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері мекендейтін бірегей өңір. Батыс Қазақстанда сексеннен астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әр этнос өкілінің қазақ тіліне деген құрметі, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы – еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің басты көрсеткіші. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллин.

Байқауға Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Теректі аудандарының және Орал қаласының этномәдени бірлестіктері қатысты. Сайыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Қатысушылардың қазақ тілін еркін меңгергені, сахнада өздерін сенімді ұстауы, ұлттық салт-дәстүрлерді жан-жақты білуі көрермендерді таңғалдырды. Әр команда өз өңірінің ғана емес, бүкіл этностың атынан сынға түскендей жауапкершілікпен  қатысты.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Таныстыру», мұнда командалар өздерін мемлекеттік тілде таныстырып, ұлттық нақыштағы сахналық киімдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Екінші кезең – «Мақал – сөздің мәйегі», бұл бөлімде қатысушыларға тақырып беріліп, олар соған сай қазақтың мақал-мәтелдерін айтуы керек болды. Үшінші кезең – «Салт-дәстүр – сан ғасырлық мұра» деп аталды. Мұнда қатысушылар өз ұлтының салт-дәстүрін қазақ тілінде баяндап берді. Ұлттық киім, музыка, дәстүрлі тағамдар мен жоралғылар көрініс тауып, бұл бөлім көрерменге ерекше әсер қалдырды. Ал төртінші кезең – «Шабыт жұлдызы» өнер сайысы болды. Бұл бөлімде әр қатысушы өз ана тілінде ән айтып,  би билеп, өлең оқып, көпшілікке өз халқының мәдениетін  танытты.

Қазылар алқасы барлық команданың дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

Әсіресе Теректі ауданының «Фройндшафт» этномәдени бірлестігі ерекше көзге түсті. Ұйымшылдық пен сахналық мәдениетті ұштастыра білген бұл команда сайыста топ жарып, 1-орынға ие болды. 2-орынды Бәйтерек ауданының «Ынтымақ» бірлестігі, 3-орынды Бөрлі ауданының «Бірлік» этномәдени бірлестігі еншіледі. Ал Орал қаласынан қатысқан «Бір шаңырақ» және Тасқала ауданының «Достық» этномәдени бірлестіктері ынталандыру сыйлықтарына ие болып, алғысхаттармен  марапатталды.

Айта кетейік, байқауды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған. Мұндай шаралар – еліміздегі этносаралық ынтымақ пен бірліктің нақты көрінісі. Қазақ тілін еркін меңгеріп, оны насихаттауға өз үлесін қосып жүрген этнос өкілдерінің еңбегі – көпшілікке үлгі.

Бөрлі  ауданының атынан  қатысқан «Бірлік»  этномәдени  бірлестігінің  мүшесі  Виктория  Суханова  байқау туралы  әсерімен  бөлісті:

– Менің ұлтым – орыс. Бөрлі ауданының Бумакөл ауылынанмын. 1-сыныпқа барғанда, қазақша мүлдем білмейтінмін. Ата-анам  мені қазақ мектебіне берді. Қазақ достарымның арасында жүріп, тілді тез меңгеріп алдым. Қазақстанда тұрып жатқан әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс деп есептеймін. Бүгін осындай тамаша шараға ауданның намысын қорғауға келдік. Біздің командамызда орыс, өзбек және татар ұлтының өкілдері бар. Өзім Бөрлі ауылдық мәдениет үйінде саз жетекшісі  болып  қызмет  етемін.

 

Жанерке  Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале